Қызыққа толы күн

Қызыққа толы күн
жеке
блог

Менің ең жақсы көретінім... жазғы демалыс!

8-сыныпты бітіріп, емтиханды да сәтті тапсырып, қуанышым қойныма сыймады сол күні. Алда 3 ай каникул.

Жаздың алғашқы таңы еді. Ұйқыдан тұрдым, күн күлімдеп тұрды, құстар ән салып жатты, ал мен өте көңілді едім.

Үйде жалғыз өзім едім. Ата-анам жұмысқа кеткен, ал інім көкемнің үйіне барамын деп жүрген, сонда кеткен болуы керек. Төсек-орнымды жинап, гүлдерге су құйдым. Сосын теледидар алдына жайғастым. Бір сағаттан кейін-ау деймін, біреу есік қоңырауын басты. Нағашы әпкем екен (менен 3 жасқа үлкен). Құрбымдай болған оны көргенде қуанып кеттім. Екеуміз теледидар қарап отыра бердік. Кенет әпкем жаңалық ашқан адамдай бір саусағын шошайтып, "Таптым!"-деп орнынан атып тұрды. "Нені?"-дедім аң-таң болып. "Уақытты қызықты өткізгің келеді ме?"-деді ол менің сұрағыма жауап берместен бұрын. Көп ойланып жатпай:"Иә!"-деп жауап қайырдым. "Онда елестің (призрак) макияжын жасайық өз бетімізге",-деп ол да мәз болды.

Сурет салуды жаным сүйетін менде акварель, гуашь дегенің таудай болып үйіліп жататын. Қолымызға бір-бір қылқалам ұстап алып, бетімізді "әрлеуге" кірістік. Бірақ макияжымыз елеске ұқсамай қалды. Әйтсе де, менен қорқынышты кейіпкер шықты, шашымның ұзындығы бұған көп үлес қосты. Көзіміздің айналасына қызыл бояуды жақтық та, бетімізді түгелдей аппақ етіп бояп тастадық.

Әпкем аулада ойнап жүрген кішкентай бүлдіршіндерді қорқытайық деп ұсыныс жасады. Алғашында келіспедім, бірақ... менің де солай еткім келді. Біздің пәтер екінші қабатта орналасқан. Екеуміз төменгі қабатқа түсіп, балаларды бақылап тұрдық. Кенет біреуі бақырып жылай бастады. Біз ол баланың бізді аңғарғанын түсініп, дереу үйге оралдық та, әбден күліп алдық (бізге қызық болды). Сосын одан сайын ерсіленіп, қайтадан төменге түсіп келе жатсақ әлгілер қолдарында бір-бір "ұр тоқпақтары" бар, бізге қарай дүрсе қоя берді. Біз тағы да сытылып үйге кіріп кеттік те, ішек-сілеміз қатып күле бердік, күле бердік. Сосын одан сайын құтырып, тағы төменге түстік. Бірақ тым-тырыс, ешкім жоқ. "Мә, мә",-деп таңданып екеуміз тұрмыз. Сол-ақ екен, бір үлкен ағай бізге қарай жүгіре жөнелді. Зәре-құтымыз қалмай үйге қаша жөнелдік. Әпкем үйге кіріп кетті, ал мен... төртінші қабаттан бір-ақ шықтым. Сол жерде бүрісіп, екі құлағымды қолыммен басып отыра қалдым. Әлгі ағай біздің үйдің есігін дүңкілдетіп соғып, айқайға басып жатыр. Біраздан соң тыныштық орнады. Аяғымды ұшымен басып, есікке жақын келдім де, есікті ақырын қағып көрдім. Бірақ әпкем есікті ашқан жоқ, ол да қорқып кетті-ау, сірә?! Сәлден соң ол есік ашты, екеуміз бір-бірімізді көріп, қуанғанымыз-ай. Бет-аузымызды жуып, енді қайтіп сол бояуды көрместей боп отыр едік, есік тағы қағылды. Әкем екен, анам да көп ұзамай келді. "Есік алдында ашулы ер адам, қолдарында ағаштары бар балалар жүр. Біреуі: "там одна женщина, у нее кровь на глазах",-деп, әкесіне жабысып алған. Не болды, жай ма?"-деп анам мән-жайды сұрап жатыр. Біз бар шындықты айттық. Біраз айқай естіп алдық. Әйтсе де ол күн бізге ерекше көңіл-күй сыйлады.

Келесі күні дүкенге бардым нан алуға. Әлгі ағай жүр далада. Шошып кеттім, ол ағай маған дүрсе қоя беретіндей көрінді. Бірақ ол мені танымады. "Уф!!!"