Қызмет ету статустары

Қызмет ету статустары
жеке
блог
… Мәселеңки Шымкентке тойға бардыңыз делік. Қақпа ашылды. Сіздерді әлі ешкім де байқаған жоқ. Көзіңіз бірден адамдарға түсті. Кімнің-кім екеніне назар аудара бастадыңыз…



Су құюшылар
15-20 жас аралығындағы мұрты тебіндеп келе жатқан 5-6 жігіт зыр жүгіріп жүр. Біреуінің қолында табақ, біреуінің қолында самаурын, біреуінде кесе… Ия, ия қателеспедіңіз. Бұлар жиын-той мен осындай шаралардың негізгі "қара жұмысшылары". Бұлардың міндетіне отын жару, столдар алып келу мен оларды орнату, қазан-ошақтарды алып келіп, оларды отынмен қамтамасыз ету, құманды жылы сумен толтырып отыру, тойға келген ақсақал-қарасақалдардың қолына су құю, шашықтарын ұсыну, дастархан жасаудың негізгі басым бөлігі, қонақтар мен қонақ еместердің негізгі сұраныстарын алып келу (мысалы, дүкенге жүгіріп барып темекі алып келу т.с.с.) және де толып жатқан басқа да бір қарағанда көзге көрінбейтін толып жатқан жұмыстар атқарады. Сәйкесінше ақсақалдардан жақсы сөз есту мен батаның да түр-түрін осы жігіттер алады. Осындай шараларда кімнің пысық, кімнің сөзуар, кімнің қуақы, кімнің кәззәп екендігі айқын көрінеді де, мақтаулылары жеңгелерінің ғана емес, жалпы жамағаттың ерекше құрметіне ие болады.

Күйеу балдар

Самаурын мен қазан ошақ жақта біреуі ағаш жарған, біреуі самаурын жаққан, біреуі жай шылым тартып тұрған жас шамасы әр-түрлі бір топ бар. Бұлар осы елден қыз алып, «кінәлі» болғандар және осы «кінәсін» кемінде 35-жасқа дейін жиындарда самаурын басында тұрып жуушылар тобы. Бұл жігіттердің міндеттеріне: таңғы бес жарымда тұрып жетіде тұратын ақсақалдар мен әжелерге шәй қайнатып беру, біздің елде «гүп, титан» т.б. атаулармен аталатын самаурынның үлкен түріне су толтырып оны қайнату, отын жару, балдыздарының ішін пыстырмау, балдыздарының тәлпіштігін көтеру, балдыздарына «морожныйға» деп тиын беру, қайынінілерінің сәтті, сәтсіз әзілдерін күле қарсы алу, шылым тарту, кейде осындай жиындарда көп қолданылатын тамақ түрі — палаудың сәбізін турап беру, кеш жату, шылым тарту, қайынағаларына ешкімге білдірмей кешке (кейде азанда) арақ алып шығып беру, той біткенше шыдап әйелімен жақындаспау, ұрыспау, ұрмау және де басқа толып жатқан қызмет түрлері. Байқағандарыңыздай бұлардың негізгі қызмет ететін адамдары қыздың (әйелінің) туыстары.

Қасапшылар

Енді көзіңізді бақтың түбіне алып барыңыз. Ол жерде 20-25 жас аралығындағы кейбіреуі бойдақ, кейбіреуі үйленген, бірақ бойдақшылықтан аса кете қоймаған, сәйкесінше сөздері де ел қамы мен жер қамынан бұрын қымбат көліктер мен үлкен төстер айналасында болатын жігіттерге түседі. Бұлар «су құюшылар» статусынан өткен, қолдары жылдам, мал союдың кәнігі мәстірлері. Міндеттері негізінен: тойға сойылатын малды бауыздау, сою және де арагідік «су құюшыларды» шылым мен суға жұмсап тұру. Ақсақалдардың батасын 5-жыл бойына алып келе жатқандықтан бұлар оларға мұқтаж емес. Жиынға ағайындары «менің тойымда келіп қызмет атқарған жоқ, әкең (шешеңң, әнәң, ептібайымайды деген боқтық сөздерді алмастыра отырып)»,-деген сөзге қалмауы үшін, және де жамағтпен әңгімелесудің тамаша мүмкіндігі туып тұрғандықтан ғана келеді.

Айқайшылар

25 пен 30-дың арасындағы кейбіреулері мұрт қойған, кейбіреуі қоймаған, үйленгендері (кейбірі) жанына тұңғыштарын ертіп, үйленбегендері жеңгелері мен құрдастарының арасында «сүр бойдақ» аталып, біраз мазаққа қалып жүрген топ. Бұлардың негізгі функционалдық міндеттері: кіріп келген қонақты күтіп алып «су құюшыларға» орнын көрсету үшін табыстап жіберу, анда-санда дастархан басын бір шолып шығып не жетпейтінін көрген соң «су құюшыларға» құлаққағыс ету, шылым тарту, табақ тартқанда «су құюшыларға» көмектесу секілді біршама міндеттер. Жалпы шараның ыңғайлылық жағынан мінсіз өтуіне осы жігіттер жауапты.

Қарасақалдар

Бұл статус еңбегіне қарамайды. Тек жаспен келеді. Қонақтарға шайды ұзату, таусылып қалса "ішіңіз" деп сыпайылық білдіру, осы елдің жақсы жаңалықтарын айту, саясат туралы айту, соңғы үлгідегі машиналар мен техниканың дамып кеткені туралы өз заманымен салыстырмалы түрде анализ жасау, қазіргі жастар мен өздерінің жас кездерін салыстыру, өз заманында мынадай мүмкіншіліктердің болмағанын, әйтпесе тауды қопарып тастайтындықтарын айта отырып, сөз соңында шүкіршілік ету, арақ құю, тост айту, «айқайшыларға» ұрсу, анда-санда «күйеу балдар»-дың жанына барып өтірік әңгіме айтып тұрып, тірліктерін ішінен сынап кету, шылым тарту, насыбай ату, осы ел қыздарының маңдайларынан сүю, әйелдерінің үйіне 1-2 леген палау алып барып тастауын қадағалау т.б. тірліктер бұл кісілердің негізгі міндеттеріне кіреді.

Ақсақалдар

Жасы 65-тен асқан әрбір ер жынысты адам қауымдық, рулық, елдік дәрежедегі осы статусқа ие бола алады. Бұл кісілердің функционалдық міндеттеріне: қол шаю, дәрет алу, күніне ең болмаса бір рет намаз оқу, мүмкіндігінше арақ ішпеу, билемеу, "қарасақалдардың" саясат һәм билік, оппозиция, ел-жұрт, ауылға шабатын қасқыр тағы да басқа толып жатқан тақырыптардағы әңгімелеріне бас-көз болу, бата беру, немерелерін шақырып алып құлақ беру, тойдың тек официалды бөлігіне қатысып 1-2 сағаттан соң қайтып кету, қолдарына таяқ ұстау, тойдан шапан киіп кету тағы да басқа толып жатқан құрметті "қызметтерді" атқару.

Ескерту: Постта той, іс-шара, жиын, астарда қызмет көрсететін негізгі құрам туралы айтылды. Әйелдер функциялары туралы мүмкін алда тағы бір шолып шығармыз… Ал қалғандары той қызығын көрушілер