"Қызжымиған"
блог
Айна тауып алдым мен, кәдімгі айна,
Бұл айнаға бар әлем шағылғай ма,
Бұл айнадан басқа әлем көрінгей ме,
Бұл айнадан басқа жан табылғай ма.
Айнаға кім қараған-қарамаған,
Мерейлі адам, ол әлде жаралы адам?
...Бір сәтте сол айнадан қыз жымиды,
Жап-жарық боп көрінді жанары одан.
Қыз қарады айнадан, қыз қарады,
Мұздатты ойды бойымның мұздағаны.
Қараған кім айнаға ең соңғы рет,
Қамаған кім о, мұнда қыз баланы?!
Қыз қараған айнадан, ай қарады,
Ойланады, сезім боп байланады.
Джоконданың жұмбағы секілді еді,
Шаттыққа да, қайғыға айналады.
Шашылып қыз жинаған жүк қалды ма,
Құртты ма ол өзі-өзін, құтқарды ма?
Қарады ма көркіне көңілі толмай,
Көзі тоймай, о, бәлкім сұқтанды ма?
Қарады ма сол бір қыз шаттанғанда,
Жанарынан жалт етіп от жанғанда.
Қалдырды ма қапыда айнаны ұмыт,
Кездесуге асығыс аттанғанда?
Қарады ма сол бір қыз жылап тұрып,
Тағдырынан жұбаныш сұрап тұрып,
Бір бақытын таба алмай өтті ме екен,
Кетті ме екен сол сәтте лақтырып?
Қайта тауып алды ма, таппады ма,
Назаланып нариза шақтарына,
Көз алмай қарай-қарай қайран ару,
Өз жанын осы айнаға сақтады ма?
Күндерінен бір қайыр күтті ме өткен,
Күмәнді күз өткенде, күпті көктем.
Ібіліске жүрегін сатып қай жан,
Жас сұлуды айнаға тұтқын еткен?!
Ханның қызы болды ма, қайыршының,
Аша алмаған сұлу ма шайыр сырын?
Қайтарды ма меселін бақсы ұлының,
Арбауына түсті ме ойыншының?
Сүйген серттен тайған ба, дос алдаған,
Күнді күнге жан ба екен қоса алмаған.
Қызжымиған бұл айна мылқау, соқыр,
Қыз жанының жұмбағын аша алмаған.
Біле алмадым қай жан ең, қай ғасыр ең,
Түсте сүрем мен соны, ойда сүрем.
Мұңды, назды, шаттықты, бәрін жұтқан,
Қызжымиған дүние-ай айна ішінен.