Қызғанышта шек болмайды

Қызғанышта шек болмайды
жеке
блог

Өшпес махаббат... 100 жылдық махаббат... Жарына деген адалдық... Бұның барлығы Зылихаға тән сөздер еді.

Сағыныш пен қызғаныш көшелерінің қиылысындағы Махаббат үйі. Жұпыны баспахана. Қараңғы бөлме. Күйбең тіршіліктен қапы қалған Зылиха. Әйелдің мұңын шерткен пианино. Зылиха бүкшеңдеп аспапқа келіп бір отырады, портреттің жанына келіп бір отырады. Өзін қоярға жер табар емес.

Кенет есік соғылды. Апыр-топыр аяқ басып, үйге ене сала, ентіккен күйі:

- Сәлеметсіз бе, Зылиха апай, тууууйй, сізді әрең таптым ғой. Ууфффф.

-Кімсің тағы, тергеуші? Әлде журналист? 

-Өй, екеуі де емес, Зылиха апай. Есімім Әйгерім. Павлодардан келдім. Павлодар қаласы Сәбит Мұқанов атындағы қазақ-сазды драма театрының жас актрисасымын. 

-Йә, енді қалғаны сендер едіңдер, менде не жұмысы бар екен актрисаның?,  - дейді, Зылиха шылымының күлін тұтатып қойып. 

- Зылиха апай, былай ғой, біздің театрдың жуырда жаңа маусымы ашылады. Қазір ССР тарағалы Құдайымыз берді ғой. Не ұстап, не қойсақ та ерік өзімізде. Кез-келген қойылым қоя аламыз. Сөйтіп, маусымды қызықты спектакльмен ашсақ деп едік. Ал ол спектакльдың аты, мммммм, ммм М-Мағжан-Зылиха болады, әрине енді, сіз рұхсатыңызды берсеңіз. 

- "Жаңа маусым дейді? Мағжан-Зылиха ма? Оны кім ойлап тауып жүрген? Не қылмақшысыңдар сонда? Екеумізді сүйістірмекшісіңдер ме? Спектакль дейді ғой. Көзім тірісінде мені еске аласыңдар ма сонда? Тапқан екенсіздер", -деп бірден кесті.

-Жо жоқ, Зылиха апааай, тыңдасаңызшы. Сіз дұрыс түсінбедіңіз ғой мені. 1 айдың жүзі болды, үйіңізді жағалап, есігіңізді аңдып, 1 ауыз әңгімеңізді тыңдауға зар болдым. Өзіңізбен кездесуге қанша уақыт дайындалған едім, қобалжимын деп, есіктен кіре сала бар ойым тарыдай шашылып кетті. Былай ғой, негізі, апай, біз сіздердің махаббаттарыңызды үлгі қылып жастарға көрсетсек деп едік. Болды, сол ғана. Керемет емес пе?! 

- Біріншіден, Сәбит менің Мағжанымның шәкірті болған. Осы күнге дейін Мағжанның атына бір де бір нәрсе берілген жоқ. Сәбит Мұқанов театры дейді ғой. Зылиха апа бұл кезде  3-рет  темекісін тұтатты.

- Жарайды, оны қойшы, рөлдерді кім сомдамақшы? 

- Ммм, м-мм-мен, иә, мен. 

Көзінің қиығымен бір қарады да, ал, Мағжанды ше? 

-Ол әлі белгісіз болып жатқаны..

-Мыналарың қызық екен, спектакльдың аты қойылған, не баяндайтындарың да айқын, бірақ рөлдері әлі белгісіз дегенің не? Сендерде этикет деген бар ма өзі? Жоқ, мен бұған жол бере қоймаспын. 

- Не үшін, Зылиха апаааай?!

- Себебін айтайын ба? Себебі, мен Мағжанды қызғанамын. 

-Кімнен? 

-Сенен. 

-Ойбай, қызғанғаны несі, жоқ адамды, күлкімді келтірмеңізші апаааай.

-Қазір Мағжан тірі болса, сенің сұлулығыңды көріп, саған ғашық болар еді. Қызғанамын сол үшін, сенен де, Гүлсімнен де, Жәмиладан да қызғанамын, бітті. 

- Төууу, апай, қойыңызшы енді, әр нәрсенің шегі болмаушы ма еді? 

- Тәйт, мені Мағжаннан басқа ешкім жұбата алмаған. Шегі бар, әрине, фантазияның шегі бар, Галактиканың шегі бар, бірақ қызғаныштың шегі болмайды, ол айел адаммен бірге туады да, әйел адамнан кейін өледі. Солай. 

-А-ха-ха-ха, ішім-ааайй.

-Байқауымша, ғашық болып көрмеген сияқтысың. Күйеуің бар ма? 

-Бар, екеу. Біреуінен заңды түрде айырылысқаным жоқ, екіншісімен заңды түрде некем жоқ. 

-Еее, ескі көйлегімді қимаймын, сол себепті жаңасына орын жоқ десеңші. Онда жағдайың түсінікті екен. 

- Төөууу,  бәрін қойыңызшы, Зылиха апай, ең бастысы ағам қанша сұлудың ішінен сізді таңдады ғой. Қазір тіріліп келсе де, сізге қайта ғашық болушы еді.

-Келмегені дұрыс - ау, - деп айнаға қарап қояды.

- Жарайды енді, Зылиха апай, маған Мағжан ағамның өмірі туралы айтып беріңізші енді. Әйтпесе, мен сіздің рөліңізді дұрыстап ойнамай қоямын, айтқаным айтқан.

- Алтын тұлға ғой, менің Мағжаным. Қазағым деп жырлап, соңында, жер бетіне симай, қара жерге асыққаны бар ма? Онымен өткен әр күнім, сағатым, минутым, секундыма дейін қымбат-ау. Түн ішінде келіп, " маған тұрмысқа шығасың ба Зылихаш? Бірақ, болашағым дәл қазіргі сәтіңдей тәтті бола бермейді. Кейде аспаннан жарқ етіп күн шығады, ал кейде қаумалаған қара бұлт көлеңкелейтін болады. Егер соған келісіп, өмірлік жарым боламын десең, мен сені ең бақытты жан етемін, әрі, дәл қазір Орынборға бірге қашамыз. Таң атқанын күтетін болсам, әкем ертемен Жәмилаға құда түспекші",- деді. 

Қазақ поэзиясының ірі өкілі Мағжан Жұмабаев пен оның жары Зылиха Жұмабаеваның махаббат дастаны осылайша басталған еді. 

Сүй, жан сәулем, тағы да сүй, тағы да!

Жылы, тәтті у тарады қаныма.

Бұл ләззаттың бір минутын бермеймін,

Патша тағы, бүкіл дүние малына.

 

Құшақтатып нәзік талдай беліңнен,

Сүйгіз, сәулем, тәтті балдай тіліңнен.

Бой шымырлап, талықсиды жүрегім,

Балқып денем, барам еріп деміңнен.

 

Кір қойныма, қыпша белің бұралып,

Тарқат шашың, жатсын жібек оралып.

Жаным!Жаным! Тезірек тисін төске төс,

Көз жұмулы, жиі ыстық дем алып.

 

Шашың - қара, денең ақ бұлт, жүзің – Ай,

Тісің – меруерт, көзің, сәулем, құралай.

Ләззат, рақат, бақыт – бәрі қойныңда,

Сұрамаймын енді ұжмақ – жақсы жай!

 

Сүй, жан сәулем, тағы да сүй, тағы да!

Жылы, тәтті у тарады қаныма.

Жасағаннан бір-ақ нәрсе тілеймін,

Өтпесе түн, атпаса екен таңы да.

Қамауда отырған Мағжанға жұбайы Зылиха 5 жылдың ішінде 14 рет барды. Үмітін үзген жоқ. Соңғы барғанында Мағжан: "Зылиха,шыныңды айтшы? Бейімбетті де ұстап әкеткені рас па? Сәкен ше? Сәкентайдың мұртын талдап жұлғандары рас па? Атаңа нәлеттер-ай. Енді қазағымның жырын кім жырлайды? Біздің отырысымыз мынау",- деп, көз жасын көл қылғаны бар. Ол кездерде жұбайы Зылиха:  "Босағаның болмас. Осы сенің азамат басыңа лайық па? Ақын басыңа лайық па? Аз қалды, бәрің де ақталасыңдар, бәрібір әділет жеңеді",- деп қайрап отырды. 

Алайда, Алаштық Мағжан Жұмабаев, "Жапон тыңшысы" атты жалған жаламен 1938 жылы 19 наурызда ең ауыр жазаға кесілді.( қарсы пікірлер де бар).