Қызғаныш - махаббаттың дәмін келтіретін тұз
Қыз бен жігіттің арасында сырлы сезімнен туындайтын махаббат майданы маздап жататыны үйреншікті жағдай. Аталмыш ұлы ұғым (махаббатты айтам) әр адамның басынан әртүрлі өтеді. Бірі елеп-ескеріп, жүрегін жасытып, шын беріліп, бұл майданда адал қызмет етсе, кейбірі жақсылап тексеріп, анық көзі жетпейінше мән беріп қарамай жүретіндер. Үшіншілері, тіпті махаббатың жоқ екендігін, арада сыйластық бар деген көзқарасын алға тартып өзінің талғамына қарай серігін іздейді. Бір қызығы, екі адамды сүйіспеншіліктен және сыйластықтан ара-жігін ажыратып тұратын өзгеше қылық бар. Ол – қызғаныш! Екі адам немесе бірнеше адамның арасында достық демейік, тіпті жай ғана байланыс болған жағдайдың өзінде бір-біріне қызығушылықтан туындайтын қызғаныш оты міндетті түрде тұтанады. Кешіріңіз! Мұны «көре алмаушылық» немесе «іштарлыққа» жатқызуға мүлдем келмейді. Жылы сезімнен туындайтын көзге көрінбес, тіпті, жай адамның өзіне де білінбес қызғаныш әр түрлі ситуацияға қарап қылаң беріп жатады.
Ал енді достар арасындағы емес, тақырыпқа орай махаббаттағы қызғанышқа тоқтала кетсек. Қыздар жігіттерге қарағанда өте сезімтал келетіндіктен қызғанғандарын бірінші білдіріп қояды. Еркелікке салынып, жігітіне бұлқан-талқан себепсіз тиісуден бастайды. Әрине, өзін тәкаппарға санап, «абыройын» түсіргісі келмейтін аруларымыз қызғанғандарын әсте ешқашан сөзбен айтып жатпайды. Дегенмен, қандай да бір әрекетімен байқатады. Ал жігіттер жағы сырттай салмақты көрінгенімен, іштей күйгелек келеді. Әсіресе, қызы сұлу жігіттеріміз. Өз қалауынан тыс, «әсірелеп» қызғанып жүретін жігіттер ең бірінші сүйген қызының қандай киім кигенінен, және қалай боянғанынан бастайды. Өзгелердің назарын өзіне аударатын киім киетін қыздарын сырт көзден таса болуын қалап, қызғанып жатады.
Қызғаныш сезімі кез-келген адамға ләззат сыйлайды. Қыздар қызғандыру үшін басқа жігітпен сөйлесіп назарын өзіне аударып жатса, жігіттер жағы көше бойында кетіп бара жатқан арудың қысқа көйлегіне қарап серігін қызғандырады. Бұл, әрине жәй ғана ойын-күлкі үшін. Ал қып-қызыл қызғаныштың соңы әртүрлі жағымсыз жайттарға апаратынын ескерген жөн. Оның үстіне жаратылыс бойынша қыздарға қарағанда еркектер қызғаншақ келеді, кейбірі тіпті қызғану образынан шыға алмай аталмыш әдетті ауруға айналдырып алатыны бар. Қорыққанда қызғаншақ синдромы бар адамнан қорқу керек. Олар серігіне опа бермейтіндер. Сүйіктісінің әр іс-әрекеті көзіне бөтен көрініп тұратын қызғаншақ аурулар қоғамға да қауіпті.
Көпшілік арасында қалай «қызғанса солай сүйеді» деген пікір бар. Өте қате. Шын сүйген жан себепсіз және мағынасыз қызғанбайды. Сондай-ақ сүйетін адам сені қызғандыратын әрекеттерге бармайды. Махаббаттағы қызғаныш жүректен туындауы керек, ол қызғаныш бөтен көзден қорғаудан бөлек, өз-өзінің арам ойынан сақтау, өзіне қимау сезімдерімен пара-пар болатын дүние. Белгілі бір уақыт аясында, тырс еткен жаңбыр тамшысындай, қылп еткен көңілдің қозғалысындай мезгілсіз келетін қызғаныш бар. Ол кезде адам санасыз түрде, миы мен ақылына бағынбаған түрде шынайы қызғанады. Бұл мезеттегі адамның бет жүзі де эмоциялық өзгеріске ұшырайды. Осы қызғаныш - нағыз сүйген жанның қызғанышы. Шынайы махаббат арасында шартты түрде орындалып отыратын рефлекс болып табылады. Сол себепті қызғанышты қолдан жасап, жалған махаббаты айқындауға болмайды. Себебі махаббат бар жерде қызғаныш бар. Бола береді де, бірақ қызғаныш өзінің шынайылығымен құнды. Егер арада қызғану сезімі болмаса, махаббат әлдеқашан тұзы жоқ тағамға ұқсап дәмсіз әрі жұғымсыз болған болар еді...
Эльмира Матибаева