«Жаным, неге ұрысқақсың?» деген мақала жарияланған болатын осы Массагеттің «Бастаңғы» бөлімінде. Оқып болып, еее... дегенімше болған жоқ, сол баяғы қып-қызыл кеңірдек болып дауласқан жандардың куәсі болдым. Алғаш көргенім емес олардыкін. Бұл маған таңсық нәрсе емес. Етім үйреніп қалған ондайға. Қызым саған айтам келінім сен тыңда ғой біздікі.
Сол баяғы қызғаныш туралы дау. Қыз бен жігіттің арасындағы. Бітпейтін мәңгілік дастан. Неге ғашықтар( ғашық екендері рас болса) болмайтын нәрселерді мыжып, жөнсіз қызғанады. Сосын соңы үлкен дауға ұласады.Бір күн тату, бір күн ұрыс-керіс. «Война и мир». Араларына түсудің қажеті жоқ олардың. Бекерге өзің жексұрын болып қаласың.
Бір құрбымның жігіті бар. Нәрмәлні жігіт енді. Бірақ, бір жаман қасиеті бар. Қызғаншақ. Қызғаншақ болғанда сұрамаңыз тура қояншық! Жоқ, дұрысы ауру дегенім дұрыс болар. Бес минут сайын хабарласады. Уақытылы телефонға жауап қайтармасаң, үшінші дүниежүзілік соғыс басталды дей беріңіз. Әгәрәки, ол құрбымның орнында мен болсам телефонның құрбаны болып шейіт кететін шығармын. Тіпті әжетханаға барып келгеніне дейін есеп беріп отырғаны. Ақталудан құрбым шаршамайды, күмәнданудан жігіті шаршамайды. Ақыры бір-бірінің жүйкесін жеп бітірген соң, айқайға басады. Құдай сақтасын небір сөздер кетеді ғой арада. Қайтсін енді қанын қарайтып жіберсе. Сондай дәрежеге жеткізіп отыр. Жігіті де сондай сөздерді естігісі келіп тіленіп тұратын шығар. Не керек, ит болып жігіті өзі кешірім сұрап, артынан бір-біріне мияуласып, мүләйімсіп отырғаны дым болмағандай.
Телефонын құрбым уақытылы алмай жатса дереу маған хабарласып үлгереді ғой сабаздың баласы! Қазір мүлде жауап бермейтін болдым. Хабарласса болды дереу басып тастаймын да отыра беремін. Өз қызына өзі жасырын нөмірмен хабарласатынын қайтерсің. Алса, алды деп бәлеге қалады, алмаса алғанша қоңырау соға береді.
Сенбегені ме қалай? Сенбейтін болса мұндай қатынасты жалғастырудың қажеті қанша. Ұрыс-керіс жүрген жерде береке де болмайды.Арада қанша жаман сөздер айтылады. Бір-біріне беті ашылып кетеді. Сыйластық бола ма сосын? Ауыз кешіргенмен көңіл кешірмейді бәрібір. Қазірден осындай. Ертең үйленіп үй болған соң не болмақ?
Сосын тағы бір мәселе. Жеке почтасын ақтару. Бір-бірінің орнында агентте отыру. Ұялы телефонын ақтарып, тексеру. Одан қалса, агенттің архивін бір сүзіп отыру.Бұл жағдайлар барлық (демесем де, көбісіне) ғашықтарға тән құбылыс. Не әдет осы? Сорақы тірлік қой.Түсінбей өтетін шығармын мен. Әр адамның өз құпиялары болады. Жұмысына, отбасына қатысты адамдар хабарласуы мүмкін. Әскерге кеткен туысқан інім бар еді. Агентке кірсем онлайнда отыр. Қуанып хат жазсам, «мен оның қызымын» деп сызданады болашақ келін баламыз. Мені көлденең көк атты жан деп ойлаған болу керек, сірә. Әпкесі екенімді ескерттім. Дереу кешірім сұрап, жағымпазданып өліп жатыр.
Жарайды, сіз біреудің сүйіктісіз. Сүйіктісі болу деген сөз – оның өміріндегі нөмірі бірінші жан деген сөз емес қой. Оның да өз отбасы, әке-шеше, бауырлары, жақын туысқандары, достары бар. Олармен де өмірінің бір бөліктерін өткізетінін естен шығарып алып жатады. Құтты, өзінің жекеменшігі ұқсап. Сондықтан сіз де өз орныңызды біліңіз.
Сосын байқаймын, көбісі (барлық қыздар емес) жігітінің анасымен дипломатиялық қатынастары онша емес қыздардың. Кім жаман енесі жаман, кім жаман қайынапасы жаман. Қыздар болған соң сол мәселе жайында әңгіме қозғалмай тұрмайды арамызда. Жігіттерде де енелерін ұнатпайтындар бар ма екен?! Түсінбейтінім, қызы немесе жігіті жақсы да, оны тапқан анасы жаман.
Сондықтан қызғанбай-ақ қойыңдаршы. Қызғандырмай-ақ та қойыңдар. Құрсын, Алладан сұрарым қызғаншақ жанмен тағдырым тоғыстырмасын. Сіздерді де!