Қызға қырық үйден қолдау

Уақыт өткен сайын бұрыннан келе жатқан қазақтың «Қызды қырық үйден тыю» деген сөзі қазіргі қазақ қыздарына қарсы қару секілді. Қыз баласын қонақ ретінде сыйлап, мәпелеген ата-бабамыздың тәлім-тәрбиесі бүгінде ғайып болып бара жатқандай.

Қазақ халқы қашанда салт-дәстүрін, әдет-ғұрыпын берік ұстанған дана халық. Осы жолда ұрпақ тәрбиесі ұлттың бейнесі екендігін негізге алып халқымыз «тәрбие» тақырыбына келгенде ерекше көңіл бөлген. Десе де, қазіргі таңда бұл ұрпақ тәрбиесі қоғамның өзекті мәселесіне айналып отыр. Оның ішінде қыз баласының тағдыры, оған әсер етіп жатқан кейбір ерлеріміздің езілгені тағы бар.

Қазірғі қоғам не жағдай болмасын қыз баласын сынап та, кінәлап та алатын қатыгез ортаға айналды. «Намыс» деп көкіректерін керетін ерлерге жауапкершілік арта алмайтын жағдайға жетті. Соның кесірінен төрт қабырға да қамалып, бір аяғы ас бөлмеде, бір жаны баланың жанында болып жұбайының жағдайын жасап отса да, өшіп жатқан әйел саны күннен – күнге көбеюде. «Ұят», «Ел – жұрт не дейді?» деген сөздерді санаға сіңіріп, туған қыздарына қолдау көрсете алмайтын ата-ана тағы бар. Әдемі сөздермен сипаттап қазақ қызының орны жайлы айтар болсақ, тек жақсы дүниелерді жеткізуге болады. Алайда, іс жүзінде қазақ қыздарының тағдыры ертеден-ақ қиын болған. Оны өзіміздің қарапайым әдеби шығармаларымыздан-ақ аңғаруға болады. Атап айтар болсақ, Д.Исабековтің «Гаухартас» шығармасы. Бақытты қыламын деп барып, бақытсыздың күнін кешкен Салтанат күйеуінен жәбір көріп, өліп тынды. Сол секілді соңғы уақытта үлкен резонанс тудырған бүгінгі Салтанаттың өлімі жайлы оқиға тағы бар. Халық арасында дау тудырған бұл сот процесі көптеген нәзік жандыларға сабақ болды. Осының арқасында ерлерінің таяғына шыдап жүрген қаншама әйел заты жұрт үшін емес, өзі үшін өмір сүру керектігін ұғынды. Енді ойлаңыздар дәл сол келіншектер секілді батылдық жинай алмай, іштей тынып жүрген әлі қаншама әйел бар. «Ұят» сөзінен қорқып, ошағының отын сөндірмейін деп өзін өшіріп алған жүздеген, мыңдағана аналарымыз өмірден озғаны айтпасақта белгілі. «Барған жеріңе судай сіңіп, тастай бат» деген тілек қазір маңызын жойған. Қадам басқан жерімді бақытты етемін деп еркектің ауыр жүгін арқалап алғандар көп. Өйткені, тастай бату үшін теңіздей терең, судай сіңу үшін саздай жұмсақ жер керек.

Қыз баласы еркін, жұрт айтқандай емес, жаны қалағандай адам болуы қажет. «Адал жар», «аяулы ана» болудан бұрын, жақсы адам болуға, білім алуға тәрбиеленуі шарт. Қазақ қыздарының бойынан ешқашан қазақилық жоғалған емес. Тек жоғарыда айтылған ұғымдардан бұрын, басқа дүниеге баулысақ, қолдау көрсетсек, өздері-ақ саналы түрде отбасының ұйытқысы болатыны сөзсіз.



Бөлісу: