Қыздың көз жасынан қалай қорықпайды екен?

Қыздың көз жасынан қалай қорықпайды екен?
жеке
блог

Студенттік жылдарың бұзықтығымен де қызық емес пе? Ал жатақхананы жайлап алсаң, тіптен әр күніңнің қалай зымырағанын білмей қаласың. Наурызды алғаш рет Алматыда қарсы алдық, сатып алған «наурыз көжеміз» анамыздікіндей болмаса да, анамыздай адамның қолынан шыққан деп сүйсіне ішіп алдық. Айтайын дегенім тіпті де бұл емес. Көр созбай бастайын енді)...

         Кеше ғой, түскен шәкіртақымызды жиып‑теріп көктемді жаңа киіммен қарсы алайық деп құрбыммен атақты студенттердің «ата базары» Барахолканы тоздырып қайтқанбыз. Қалтамыздағы соңғы тиынымызды қағып-сілкіп алыстан қарасы көрінген 70‑ке көптен көрмеген туысымызды кезіктіргендей асыға міндік. Әйтеуір тұрсақ та, орнымызды таптық-ау деп серпіле бергенде, құрбымның шошынған даусынан селк ете қап, ол қараған тұсқа көңіл бөлсем, абыр-сабыр болған жұрт. Сөйтсем, Алматылық бір батырымыз халық мыңғырып жүрген Барахолканың қақ ортасынан көздеген құрбандық аруын көтеріп ала жүгірген екен. Ана қыздың қырсылығын-ай... Бәріміз автобуста екенімізді ұмытып, терезелерді ашып тастап мойнымыз қайрылғанша қарадық келіп... Бұл оқиғаның соңы немен тынғанын біле алмадық. Әншейінде кептелістен шыға алмайтын арбамыз сүйреп ала жөнелді. Бірақ сол бір сәттің өзі әр кеудеге қанша ой салды екен?... Расын айтсам, сол қыздың орнында не істер едім деген ойдан шошынып, қорқып кеттім. Соңын көрмегенім де оң болғандай. Жасыратын несі бар, ата-аналарымыз да отбасын осы жолмен құрды емес пе кезінде? Бірақ қазір заман да, адам да басқа. Осы жолмен шаңырақ көтерген қаншама жас отбасы келісе алмай тарасып жатқаны да өтірік емес. Бірақ қыз баласы мал емес шығар, хайуандықпен өңгеріп салар көлікке. Қалайша қыздың көз жасынан қорықпайды екен? Ұрлар кезінде сол жанмен бүкіл өмірін өткізетінін ойлай ма екен? Отбасы бір жалт етіп, елес берген өшпелі сезімнен құрала салмайды ғой. Солай емес пе?! Өз басым алғаш рет көз алдымда қыз алып қашу кезеңін бастан өткердім. Алған әсерім де, түйгенім де осы. Сіздер бәлкім қарсы боларсыздар. Бірақ мен «алып қашу» деген тағылық пен жабайылықтың үлгісін өткердім көз алдымнан.