Қызды сабаған еркектің "ерлігі"

«КазИнвестБанк» акционерлерінің бірі Дархан Ботабаев «Эйр Астана» кеңсесінде қызметкер қыз Нұркенжегүл Байғазиеваға қол жұмсап, балағаттап, күш көрсеткені бүгінде бүкіл елге мәлім болды. Дауды басынан бастайық. Бұл жолы даудың басы-Дайрабайдың көк сиыры емес, Ботабайдың Дарханы болып отыр.

«Паспортыңызды жөндеп беріңіз»  деген бір ауыз сөзді көтере алмаған «еріміз» қызға қол көтере алады екен. Аруға жұдырығын ала жүгірген Д.Ботабаев бір емес бірнеше рет соққы берген. Оқиға болғаннан кейін Нұркенжегүл ішкі істер басқармасына арыз жазады. Алайда қыз жазған арыз белгісіз себептермен «негізсіз» деп танып қабылданбаған. Сондай-ақ, арызды «Эйр Астана» компаниясы емес, Нұркенжегүл Байғазиеваның өзі берген. Әуел баста әуе компаниясы неге араласпағаны да ашылмаған сыр күйінде қалды. «Эйр Астана» өз қызметкерін «Скат» құрлы қорғай алмады ма? Уағында қоғамдық мәселе деп көтерген Ж.Қалыбай мен «Скаттың» оқиғасын кейін басқа жағдайлармен салыстырып, үлгі етеміз деп кім ойлаған.

Қызды сабаған бейнежазба ғаламторға тарап, бұқаралық ақпарат құралдары шулап, барша жұртшылықтың наразылығынан кейін «Эйр Астана» компаниясы өз мәлімдемесін жасап, ал ішкі істер басқармасы Ботабаевқа іздеу салды. Бірақ Д.Ботабаев кінәлі болып табылған күннің өзінде оның жазасы ең ауыр дегенде 100 айлық есептік көрсеткішпен не болмаса 15 тәулік қамаумен ғана белгіленеді екен. Сондай дейміз-ау, қазақ қызының ар-намысы тапталып, өз қазағынан таяқ жеп жатқанда, өзге ұлт өкілдері не істемесін?!  



Бөлісу: