Қыздарымның қызығы

"Қап, әттеген ай" осы сөзді 5 жастағы қызымнан көп естимін.Қап әттеген-ай  мультфильмнің бітіп қалғанын қарашы,қарындашым жоғалып қалды, қап- дейді да жүреді.Мені де сол сөзге үйретті))). Қыздарымды сенбі, жексенбі күндері ғана көремін. Әр келген сайын жаңа сөздер, жаңа қылықтар шығарып келеді. Өткенде 3 жастағы қызым (өзімнің мамамның қолындағы) ұйықтауға жатар кезде, қонақтар келіп қалыпты. Сөйтсе қызым көрпеден басын шығарып:

-Ей Албастылар, келдіңдер ме?-депті. Мамам қонақтардан ұялғанын айтады. "Қазір албастылар келеді" деп үйретіп қойғандай болып қалдым дейді. Ол қызым тура ұл бала сияқты. Көшедегі балаларды тік тұрғызады. Шетінен ұлын да қызын да ұрады екен. 5-6 жастағы балаларды отырғызып қойып, "мен мұғаліммін" деп, өкшесін көтеріп (каблугы биік аяқ киім кигендей) әрі бері жүреді екен.Оның айтқанын ешкім екі етпейді, жаз десе жазып, оқы десе жанталасып оқиды.

Ал үлкен қызым,(жолдасымның мамасының қолындағы) ақкөңіл, мейірімді. Бәрін аяп тұрады. Ойыншығын таратып беріп жатады елдің балаларына. Сіңілінен таяқ жесе, қарсыласып ұрмайды. "Сіңілімсің ғой ұрмашы, мен сенің әпкеңмін ғой" деп шырылдайды.Туысқандарымыз көрші, үйлеріміз қатарынан орналасқан. Әр үйде 5 жастан төмен балар бар. Солардың бәрін ертіп  қызым төрт үйдің арасын тоздырып жүреді.Таң атқаннан кешке дейін, сабылып, шаршағанша ойнайды.Ал кіші қызым Аяулым сол үйге баратын болса, бітті. Жаңағы шулаған балалардың біреуін көрмейсін. Аяулымның келгенін байқаса бәрі үйді-үйіне тарап кетеді. Сыртқа шықпайды. Қорқатындары соншалық.  Бұған қамыққан Айсауле бәріне жалынып "ойнайықшы, сіңілім ұрмайды сендерді, ұрғызбаймын" десе, ар жағында тұрған Аяулымым "ұрам!" деп бетпақтанады. Айй, сол кейін әпкесін мектепте бәрінен қорғап, қамқор болады-ау Аллаһ қаласа.

Үйімізге қонған күндері, жолдасым екеуіміз марқайып, жасап қаламыз. Ал бірақ үйдегі мысығымыздың "ең қорқынышты сәттері" басталады. Мойнынан ұстап алып "ал, мысық тәй-тәй жасашы", не болмаса "сен менің атымсың,шу" , "тамағыңді іш"деп басын табағына тығып қинап жатады.Ал  ұйықтап жатқанда қойнына кіргені сол еді, ұйқылы-ояу "атаңалет, кет жоғал" дегені бар емес-пе?! Жолдасым екеуіміз, оятып алмау үшін, қолымызбен аузымызды жауып алып күліп едік сол түні! Аллаһ осы қызықтарынан айырмасын.



Бөлісу: