Қыздарым, бағаларыңды біліңдер!

Инстаграм желісіндегі қысқа жазбалардан...

Қызым, бастық болам, мансап қуам деп босқа шабылма. Сенің өмірлік миссияң ақша табу емес, перзент табу. Зейнепті оқы, қалай "қазақ келінінің эталонына" айналды екен. Ұлпанды оқы, қаршадай кезінде қалай бүкіл ел анасына айналғанын. Зере мен Ұлжанды таны, өз жүрегі үзіліп бара жатса да, баласына алдымен әкесіне амандасуын үйрететін дана болуы үшін қандай жолдардан өтті екен? Жеңгелеріңе қара, ибалысынан ғибрат ал, қате қадамынан сабақ ал. Ежелгі келіндердей кесте тікпесең де, түрлі тағам әзірлеп үйрен, барған жеріңде түк үйренбепті деп бетіңе салық етпесін. Тым құрығанда бір кашаны жақсылап былғап бере алмасаң, қыз баласына үлкееен сын. Сосын енеңді жамандайсың. Ол жаман болса, "мама" деп іші-бауырына кіре алмаған сен де жамансың. Жалғыз жолдасыңның қас-қабағына қарап бабын таба біл, ұрсып жатса да күліп, еркелеп қана жеңесің деееп ақыл айтып отыратын күнге қашан келер екенбіз, ә?!

☺ ☺ ☺

«Дені дұрыс» қыздар көлденең кезіккен көк аттымен таныса кетпейді. Жігітке жырпыңдап жөнсіз бірінші боп хабарласпайды. Киноға барып қайтайық, отырып әңгіме айтайық дегендерге ере бермейді, болашағы болмайтынын біле тұра, босқа үміттендірмейді. Көңілін білдірген желөкпелерге де тез сене салмайды, уақытша сынымнан өтсін, назыма көнсін дейді. Ал қазіргі жігіттер, керісінше, ондай "старомодная" қыздарға: "бір жігіттің басына жеті қыздан, бірден дегеніме көн, болмаса жолың әне, басқа қыз көп" дейтін көрінеді. Хм. Қыздардың да "қызы" бар. Бір қыздың наз қылығына шыдай алмасаң, жігіт атыңа түкірдім де қол қойдым. Ертең "анаң менің соңымнан өзі жүгірген" деп туған қызына қалай айтады? Қыздарым, құндарыңды түсірмеңдер, бағаларыңды біліңдер!

☻ ☻ ☻

Пойыз. Үйленейін деп жүрген жігіт пен қыз. Қызы сәт сайын: "Ой бұл істей алмайды", "Өй мынау ондайларды білмейді", "Ыдыстарды жуып, шай құйып алып келші". Жігіті кетеді соған томпалаң асып. Қыздар-ау, өздерің "Менің жігітіме ешкім жетпейді", "Он мой лучший", "Қолынан келмейтіні жоқ" деп отырмағасын қайдан істесін. Азаматым деп төбеңе көтеру орнына алдыңа салып жұмсап қойғасын, ондай әкені ертең балалары қалай сыйлар екен?! 

☺ ☺ ☺

Біздің әкелеріміз 25 жасында 4 баласы болған. Астында "мәшіні", үстінде үйі болмаған. Шешелеріміз сонда да тиді, өлген жоқ. Есесіне 40-қа келгенде немере сүйіп жатады уже. Қазір жігіттер жүреді жасы 30-ға таяп "нәрмәлні қыз жоқ" деп. Қыздар да сол: "дені дұрыс жігіт жоқ". Қайдан болады, жігіттеріміз шетінен тормоз, қыздардың бірінші "подход" жасағанын тілеп тұрады. Шалбарды баяғыда беріп тастадыңыздар қыздарға. Көліктің рөлін де "балаларды садикке апарасың" деген сылтаумен бере салдыңыздар. Енді қалғаны "сөз айтып, бірінші қадам жасауды да" қызға сыра салыңыздар, еркектік басыңызда не қадір қалар екен. Ұнаған қызды сыртынан сүйіп жүрее беріңіздер, басқа жүгірмек алып кетсін. Қатты кетсе дым ренжімессіздер, соңғы жағдайлар осылай жазуға мәжбүр қылды, басқаша тимейтіндей көрінді.

Пы.Сы.: жеке басыма түк қатысы жоқ, жай ғана Қазақстанның санын кім көбейтеді деп уайымдаймын дағы. 

☻ ☻ ☻

Қандай жағдай болса да, "нервің" қайнап тұрса да, күліп тұрсаң, жолың болады, шаруаң тез шешіледі. Ал бір қабағыңды шыттың екен, қара аспанның төнгені. Жүйкеңді жұқартар жайлар бір айналдырғанда шыр айналдырады. "Күлімдеңіз, бұл – сүннет" деген жай ғана статусқа жаза салатын сөз емес... 

☺ ☺ ☺

"Өзгелерден тек жақсылықты көре біл. Өз бойыңнан жамандықты тере біл". ©Автобустағы ата

Басқа да жазбалар @assel_assanova парақшасында және Массагет сайтының өзге айдарларында..)



Бөлісу: