Қыздарға әсемдік жарасады
блог
Қыздардың табиғаты сол, сұлулыққа, жылтыраққа, романтикаға жаны құмар. Алайда, осы күні қыздарымыз нәзік болмысынан алшақтап, жігіттердің жұмысына да белсене араласып кетіп жатады. Бұл тек іске ғана байланысты емес, түр-әлпетіне де көп мән бермей, киім киюде де ұлдардың стилін қабылдап алады. Бұл қыз баланың табиғатын бұзады дейді мамандар. Ол өзіне тән нәзіктік пен биязылықты басып тастап, еркекшора болып шыққанын байқамай қалады. Сол уақытта қыздар айналасына сол биязылықты шашудан қалады. Ал ерлерді баурататын қыздардың ең бірінші қасиеті – биязылығы.
Сонымен қатар, адам бойындағы биязылықтың да шегі болады екен. Жұмыс, оқу, бітпейтін қарбаласпен жүрген уақытта қыздардың бойында сол биязылық сейіліп, робот қалпына еніп кетеді. Ал оны бойыңа қайта толтыру үшін мамандар қыздарға әр нәрседен сұлулық көруге кеңес береді. Мысалы, таңертең далаға шыққан бойда ағаштардың әдемі теңселіп тұрғанын байқап, ерекше бір көркемдік көруге тырысу, шайдай ашық көк аспанның сұлулығына тамсану, тіпті аяқ астындағы тегіс асфальттан да әдемілік көруге болады екен. Гүл, моншақ, жылтырақ және т.б. әсемдіктерден ләззат алуды айтпағанда. Бұны біртіндеп әдетке айналдыруды ұсынады.
Осылайша қыздың бойында сол биязылық қайта қалпына келіп, табиғи баланс орнайды. Нәзіктікті әсірелеудің тағы бір жолы, мүмкіндігінше әрдайым белдемше киіп жүру екен. Белдемше киген бойда әйел адам өзін ерекше сезініп, тағы сол биязылықтың артуына психологиялық тұрғыда әсер етеді.
Солай қыздар, әрдайым әдемі болып жүріңдер!