Қыздарға әсемдік жарасады...
блог
Сұлулық ұғымы әр жанның түсінігінде әр түрлі қалыптасқан. Әйел тәнінің сұлулығын айтқанда, бірден мына сипаттама ойға оралады: оймақ ауыз, қарақат көз, қиғаш қас, сұңғақ бой, аршын төс, қыпша бел, қолаң шаш... Қыз бала бойжеткен шағынан бастап, осы сипаттамаға сай болуға талпынады. Ықылым заманнан бері әр халықтың нәзік жандары сұлу болып көріну үшін, қастарын қиғаштап бояған, қысқа белдік тартып, қыпша белді болуға ұмтылған, қолаң шаштарына көрік беру мақсатында небір емдік майларды пайдаланған.
Жаңа заманда сырғалалылардың әдемі болып көрінуіне мүмкіндік көп. Бояу мен иісмайдың, әшекей мен сәнді киімдердің түр-түріне оңай қол жеткізуге болады. Бірақ, әсемдік бұйымдарын орынды пайдаланып жүрміз бе?! Немесе сұлу болып көріну үшін не істеп жүрміз? Бұл сұраққа жауап беру үшін, мен өз сұлулығымның құпияларын жария еткім келіп тұр.
Шаш — адамның ажары
Шаш күтіміне ерекше мән беру керектігін анам кішкентайымнан айтып келеді. Шашты аптасына үш рет жуған дұрыс. Күнде жууды әдетке айналдыру — шаштың құрғауына әкеп соқтырады. Ошаған майын (репейное масло) шаш түбіне жағып, бірнеше сағат ұстаса, шаш әдемі әрі тез өседі. Бұл майды үздіксіз пайдаланып келе жатқаныма үш жыл болды. Нәтиже көңілімнен шығады. Көп қыздарға, оның ішінде қазақ қыздарына шашты өрген жарасады. Бұрым — қыз баланың бойына нәзіктік пен жинақылық береді. Сондықтан, күнделікті өмірде шашты жайғаннан гөрі, өріп қойып жүргенді ұнатамын. Фен мен үтік деген дүниелерді өте сирек пайдаланамын. Олардың зияны айтпаса да, түсінікті.
Табиғи сұлулық
Ерте жастан бояуға әуестік теріні ерте қартайтып жібереді. Сондықтан, мерекелік кештерге болмаса, қарапайым күндері бояуды аз пайдалануға тырысамын. Күнделікті қолданатын бояуларым көзге арналған сүрме (тушь) мен еңліктен (румяна) ғана тұрады.
Тырнақ бас назарда
Тырнақ күтіміне көп жандар мән бере бермейді. Ол да қыздың айнасы. Тырнақтарды ұзын етіп өсіру сәнге айналғанымен, менің таңдауым - қысқа тырнақтар. Тырнақтарым міндетті түрде ашық түске боялады. Жаз айларында аяқ тырнақтарына да үлкен мән беремін.
Киімімізге қарап қарсы алады...
Адам алыстан келе жатқанда, бірінші көзге түсетіні оның тырнақтары емес, шашы да емес — киімі. Киімнің соңғы үлгіде болуы шарт емес. Бастысы бойға қонымдылығы мен таза болуы. Киімді үтіктемей кию — қыз баланың ажарын қашырып қана қоймай, беделін де түсіреді. Киімді үтіктеп барып қана киюге тырысамын."Қыз сырт келбетін түрлендіріп, өзгертіп отыруы тиіс" деген екен әйгілі Ресей әншісі Людмила Гурченко. Сондықтан, күнде бір образда жүргенді қаламаймын. Ал киім таңдауда, бағасы мен үлгісі емес, жайлылығы мен жарасымдылығы маңызды.
Ал сіз сұлу болып көрінудің қандай жолдарын білесіз?