Қыздар мен ұлдар бөлек оқығаны дұрыс па?

Қазақ-Түрік лицейлерінің бүгінде абыройы артып, оқушыларының үлкен жетістіктерге жетіп жатқаны, оның ішінде мемлекетаралық, халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздары атанып, танылып жатқаны ешкімге жасырын емес. Бұл, бәлкім, ерекше әдістемелік жұмыстардың арқасы шығар, өзім онда білім алмағаннан кейін нақты айта алмаймын. Сонымен қатар, бұған бір жағынан қыздардың бөлек, ұлдардың бөлек оқитынын да себеп ретінде айтып жатады. Мектептке кілең ұлдар, не қыздар болғандықтан махаббат машақатына бас ауыртпайсың, бар ісің тек сабақ оқу болады дейді. Бұл да бір фактор болғанымен, ҚТЛ-ге үлкен сынақтан өтіп қана түсуге болатынын ескермеуге де болмайды. Кіл білімді, игі жақсыларды жинап алған ортадан білімсіз, ақылсыз бала шықпасы анық. Бұған қоса балалар арасындағы бәсекелестікті де қосыңыз. 

Алайда, денсаулығын ғана сынаққа алып қабылдайтын әскери орындарда неге тәртіпсіздік көп орын алатындығын ойландыңыз ба? Иә, әскерге қабылдану үшін мектепте жинаған үздік мақтау қағаздарың мен беске толған күнделігіңнің қажеті жоқ. Тек әйтеуір төзімді денсаулығың мен ақыл-есіңнің дұрыстығы болса болғаны. Солай болса, онда неге жігіттер үлкен жарыстарға қатысып, ел намысын асқақтатпайды? Иә, айта кетейік, аса маңызды іс атқаратын снайперлік бөлімге де аса дарындыларды қабылдап жатады.

Осымен, айтқым келетіні, жалпы білім беру саласында балаларды жыныстық тұрғыда бөліп қарау дұрыс емес сияқты. Менің ойымша, көп жағдайда баланың санасы мен тәрбиесі үлкен рөл атқарады. Қанша жерден баланы қиындық пен зұлымдықтан қорғағымыз келсе де, адамның өз басына тимейінше ол өмірден сабақ ала алмайды. Ал біліммен бірге өмірлік сабақ та маңызды. 

Жақында Иманғали Тасмағамбетов ҚТЛ әдістемелік жұмысын қарапайым мектептерге ендіруді ұсыныпты. Дегенмен, қарапайым мектептерге балаларды қатал сынақпен қабылданбайтынын ескерсек, оны оқитын да және бәрібір оқымайтын да бала табылатыны анық. 

Ал, ежелден ұлдар мен қыздарды бөлек оқытатын кейбір мемлекеттер неге суырылып алға шықпады? Сонымен, айтпағым, әркім баласын қалай оқытамын десе де өз еркі, дегенмен адамға әсер ететін факторларды жайпағаннан бұрын, сол факторға төтеп бере алатын баланың тәрбиесі мен санасын мықты қалыптастыруға атсалысу керек деген ойдамын. 

Пы.Сы. ҚТЛ түлектері ренжімесін, олар мықты екеніне сөз жоқ! Өйткені сынақтан өтіп, үздіктермен оқу да жетістік!



Бөлісу: