Қыздар жиналысы немесе күнделіктен бір үзік
блог
2007 жылы, 11 оқып жүргенде жазған күнделігімді тауып алдым.
"Бүгін 9-10-11 сыныптарға қыздар жиналысы болды", деп жазыппын. - Қыздар жиналысының тақырыбы – "Көркімен шуақ шашқан, өнерімен таңырқатқан". Басында М. апай тәртіпсіз қыздарға ұрысып, тұрғызып қойды. Түні бойы көшеде жүретін біздің сыныптағы А.-ға да әбден ұрысты. А. басын салбыратып, партаны шұқылаудан басқа ештеңе айтпады.
9 сыныптағы Г. мен келесі "б" сыныбындағы М. екеуі өздерінше бәсекелесетінін ұзынқұлақтан еститінбіз. Бәсекелесіп қоймай, екеуі екі сыныптың қыздарын бір-біріне айдап салатын көрінеді. Шағын ауылдың шағын мектебінде әңгіме жатсын ба, ол М. апайдың да құлағына жетіп, апай екеуін шығарып қойып, бәрінің көзінше анық-қанығын сұрады. Г. нің көзінің оттысын-ай. Бүкіл елдің алдында тұрса да, жігері жасымай, іштей әлдекімге кіжініп тұрғандай көрінді. Ал М. болса, әдеттегі сұлу, тәкаппар күйінде ақ бетіне сәл ғана қызыл шыққанымен, ол да аса сасқалақтай қоймады.
Мен М.апайдың бұл ісін дұрыс көрмедім. Бәсекелессе, бір есебі бар шығар. Әркімде бір құпия болуы керек қой".
Қазір сол жиналысты ойлап қарасам, бұл да бір қазақи тәрбиенің бір түрі екен-ау... Жалғастырайын:
"Соңында Ж.апай "көркімен шуақ шашқан, өнерімен таңырқатқан" бір оқушы қызға дауыс беріңдер деп бәрімізге бір-бір бет таратты. Мен параллель сыныптағы С.ға дауыс бердім. Оның сабақ үлгерімі мен жайлы мінезі ұнайды. Әсіресе, жымиғанда сондай сұлу болып кетеді. Қатты араласпасақ та, сырттай сүйсініп жүрем.
Сосын "ұнамайтын" бір қыздың атын жазыңдар деді. Мен 10 сыныптағы Ж. деген қызды жаздым. Оны не үшін ұнатпайтыным өзіме белгілі.
М. мен Ж. апайлар бір кезде бәрінің дауыстарын жинап алып, санай бастады. Сөйтіп, қорытындысын да жариялады. "9-10-11 сыныптың ішінен "көркімен шуақ шашқан, өнерімен таңырқатқан" аталымында Мейіргүл ең көп дауыс жинады", деген кезде біртүрлі толқып кеттім. Шағын грамота берді.
Қуанып, грамотаны алып орныма отыра бергенімде, М.апай: "Айтпақшы, бір адам "ұнамайтын оқушы – 11 "ә" сыныбындағы Мейіргүл" деп жазған екен" деді...
Бәрі сол сәтте менің көңіл-күйімнің қандай болатынын бақылап тұрғандықтан, ештеңе болмағандай жымиған болдым. Кейін қыздар сол кезде сен қызарып, көңіл-күйіңнің түсіп кеткенін байқатып қойдың деді. Иә. Өзім сондай, эмоциямды жасыра алмайтын адаммын.
Бірақ "Кім мені ұнатпайтынын жазды екен?" деп күні бойы ойланумен болдым. "Не үшін?!".
Мені ұнатпаған сол бір қыздың кім екенін ақыры білмей кеттім...
Қазір сол күндердің еш маңызы болмаса да, күнделікке жазылып қалған ең алғашқы кездесу, ҰБТ-ға дейінгі, ҰБТ-дан кейінгі жазғандарым, бәрі-бәрі біртүрлі қызық... Бір өкінетінім – анамның жып-жылы құшағындағы қайта оралмас тәтті күндерді неге толық жазбадым екен? Кейбір көп нүкте, қысқартылған әріптерді түсіне алмай дал болам. Құдды өзімді емес, өзге біреудің әлемін оқып отырғандаймын...
Сурет: Liveinternet.ru