Футбол- төрткүл дүниені біріктіретін бірден бір ойын. Миллиондар жанкүйер болатын тартыс. Бүгінде футболға жанкүйерлік танытатын қыздардың саны артып келе жатыр. Содан ба, қоғамда түрлі пікірлер бар.
Сіз, қазіргінің талантты әншісі Шакираның футболдың нағыз жанкүйері екенін білесіз бе? Жыл сайын "Алтын доп" бәсекесін, түрлі футбол кештерін жүргізетін Кейт Абдо Ливерпульдің жанкүйері. Ал, әйгілі спорт журналисі, Икер Касильястің жұбайы, Сара Карбонеро "Реалдың" емес, "Атлетико Мадридтің" қолдаушысы.
Ал, Қазақстандықтарға келсек, Ақтөбе қаласында тұратын, Малика есімді қыздың жергілікті клубтың "шынайы" фанаты екенін білемін. Бұған қоса, өзімнің қатарласым, Алтынай есімді бойжеткеннің "Қайрат" ұжымына деген ықыласына тәнтімін. Өзім де, "Барселонаның" ғана ойынын қарап қоймай, жалпы футболға қызығатын қыздардың қатарынанмын.
Ендігі сөз, "қыздар футболды жігіттерге ұнау үшін қарайды" - деген пікірде. Сіздің де ойыңыз осындай ма? Мүмкін сол қыз күні-түні футбол матчтарын тамашалайтын болар, өз клубының "берілген" жанкүйері шығар. Футбол алаңында бір рет те болса болдыңыз ба? Алаңдағы атмосфераны, жанкүйер қолдауын сезініп көрдіңіз бе? Онда футбол матчына барыңыз. Әрине, Камп-Ноуға, Барнебеуге жетпес, бірақ біздегі стадиондарда да жанкүйер қолдауы артып келе жатыр.
Футболға жанкүйер болу үшін жігіт болу шарт емес. Жігітке ұнау үшін жасайтын амал да емес. Спортқа жанкүйерлік жыныс талғамайды. Сондықтан, 1- қазан күні өтетін"Қайрат" пен "Ордабасы" клубтарының кездесуіне келіңіз. Сіз де футболға жанкүйер қыздардың қатарына қосылыңыз!