Қызбен танысудың қыр-сыры

Қызбен танысудың қыр-сыры
жеке
блог

Қызбен танысудың қыр-сырын қаншалықты меңгергенсіз?  Бір көргеннен бағыңыз жанып бақыттан басыңыз айналып жүрген шығар. Немесе әлі күнге дейін түрлі кеңестерді оқып, нәзік жандылардың жүрегіне жол таба алмай жүрсіз бе? Барыңызды салып талпынып, қайтсем де қол жеткіземін деп алқынып бірақ сәті келгенде тартынып қалсаңыз, кеңесі кеңестер кәдеге жарар.

1. Алғаш айтар сөзіңіздің алар орны ерекше. Себебі адамға деген көзқарас әуел баста амандасудан қалыптасады. Сондықтан «қарындас, Сіз қанатыңыз қайырылып жерде өмір сүруге мәжбүр періште шығарсыз» немесе «ажарлы жүзіңізді көріп есімнен танып қала жаздадым» деген асыра айтылған теңеулердің уақыты өткен. Барынша қарапайым әрі күлкі үйіретін сөздерді қолданыңыз.

2. Нысанаға алған арудың есімін білдіңіз. Көңілінен шығып, назар аударту үшін артық қыламын деп тыртық қылып жүрмеңіз. Өзіңізді батыр, ержүрек көрсетемін деу әбестік. Керісінше, құпияға толы сыршыл, немесе қамқор жанның болмысына енсеңіз жүрегіне жылу орнатып, оң пікір қалдырасыз.

3. Таңдаған аруыңыздың қызығушылығын анықтау. Бос уақытын қалай өткізетінін білу маңызды. Мұнда да ортақ әңгіме табамын деп асыра сілтеудің қажеті шамалы. Әртүрлі тақырыптарды қозғап көріңіз, поэзия, музыка немес кино. Бірін тапсаңыз жеткілікті. Сөзден сөз туып ары қарай өзгесін де біліп аласыз.

4. Кез келген сәтте қолдай білу. Жұмыс барысында немесе өмірде көңіл түсіп мұңаятын сәттер болады. Қыз балаға бұл жағымды болмаса да сіз үшін сәтті мезет. Тек қолдаймын деп одан сайын жағдайды ушықтырып алмаңыз. Ішіне жиналып қалған реніші не сыры болуы мүмкін. Барынша тыңдап, сәйкесінше қолдау көрсетіп, кеңес беріңіз.

5. Таң қалдыру. Егер сәтті орындай алсаңыз мәңгілік есінде қаласыз. Бірақ естеліктің де екі түрі болады. Тым қатты дайындық жасап, шошытып алмаңыз, барынша байыппен қарап қарапайым әдіспен көңілден шығуға болады. Дұрыс таңдау жасасаңыз болғаны.

Міне, бойжеткеннің бетін бері қаратар қадамдар жасадыңыз. Әрбір кездесу мен қоштасу қызық пен қимастыққа толы. Әңгімелеріңіз жарасып, ойларыңыз бір жерден шығуда. Әуел бастағы мақсатыңыз орындалды делік. Енді бұдан да ары қадам жасамас бұрын тоқтап, ойланып көріңіз. Егер бұл таңдауыңыз құр уақыт өткізу немесе бір сәттік сезім болса, тоқтағаныңыз дұрыс. Бойжеткенді босқа алаңдатып, сезімнің сергелдеңіне түсіруге болмайды. Ал өзіңізге сенімді болып ойыңыз бен сезіміңіз бір арнада тоғысса, қапы қалмаңыз. Себебі, ақылына көркі сай қыз қай жігіттің болсын арманы. Махаббатарыңыз баянды болсын!