Қыз мұраты - кету емес, жету... (көпбөлімді драмалық блогкезек)

Қыз мұраты - кету емес, жету... (көпбөлімді драмалық блогкезек)
жеке
блог

Өткенде Massaget-те қыз тақырыбына арналған блог жазылып, соңы қызу пікірталасқа ұласты. Тіпті, оқырмандар пікір алаңында блог жазуға дейін барды. Егер сіз әлі пікір қалдырмаған болсаңыз, "Жұлдызды блогтар" айдарынан әлгі блогты ашып, асықпай оқып, эмоцияңызды оқу мерзіміне сақтай отырып, түбі өзіңізде қалатын пікіріңізді жазсаңыз болады. Жұрт пікірін де оқып көріңіз. Ал мен көп соза бермей, өзімнің көзқарасымды жазып көрейін.

Қыз баланың міндеті – әдемі болып, сыпайы, биязы, инабатты, әрдайым әлсіз екенін, қамқорлыққа зәру екенін көрсету. Үйдің берекесін келтіруге тырысу, өз ақылын тек отбасының пайдасына ғана жұмсау. ©

Алматы

Негізінен, бір тақырып аясында екі-үш мәселенің ұшы шығып тұр. Қыз тұрмысқа шығайын десе, білім алу мәселесі менмұндалап тұр. Білім алайын десе, әңгіме тәрбиеге бет бұрып кетті. Қыз да таңдаудан есі шығып, не істерін білмей, айналаның ми айналдырар пікірлерінен суицидке өз үлесін қосып, таңбасын қалдырды.

Қай мәселені негізге алу керек?

Адам дүниеге келгенде өмір кітабының алғашқы парақтары әке-шешесінің жанында жазыла бастайды. Әке-шешесі тамағын береді, мейірімін бөледі, өліп-өшіп өсіреді. Дұрыс ойлап отырсыз, тәрбие береді. Демек, ең әуелі тәрбие мәселесіне тоқталуымыз керек. Ал ақылды, білімді, қос дипломды болуы бұл шақта маңызды емес.

Бала

Тәрбие

Әдетте, жұрттың аузынан "тәрбие көрмеген", "тәрбиесіз" деген суық сөздерді естіп жатамыз. Дегенмен, тәрбие көрмейтін адам болмайды ғой. Ұяда көргені бар, мектепте жүргені бар, ортадан түйгені бар, әйтеуір, тәрбие көрмепті деген шешімге сәйкес келмейді. Кез келген адам тәрбие көреді. Бәлкім, біз енді жоғарыда айтылған жала сөздердің формасын өзгертерміз: "Осы қыздың көрген тәрбиесі осы, міне!", "Мына жігіттің алған тәрбиесінің түрі осы, қайтейін!", "Жастардың тәрбиесі осы, міне, аузыңды аша алмайсың", т.б.

Екі көршінің балалары екі түрлі тәрбиені көріп өседі. Ал әлемде қанша адам бар? Жә, қазақ қызының саны қанша? Міне, әркімнің жағдайы басқа, сөзі бөлек, түсінігі өзгеше. Әл-Фарабидің, Аристотельдің, т.б. өмірден өткен данышпандардың кітаптарын негізге ала алмаймыз. Себебі олардың жазғаны - жалпы қорытынды, ал біздің өмірде ұсақ-түйек мәселелеріміз көп. Бала-шағамды асыраймын, құдалық тойға барамын деп жүргенде өмір өте шығады. Мұң емес, кез келген саналы адам, әйтеуір, жиырмадан асқанда өз-өзіне қарай бастайды, бұрыс жерлерін мойындай бастайды, жақсылыққа ұмтылады.

Білім

Білім

Мектепте білім алмаған адам жоқ шығар, сірә. Болуы да мүмкін. Бірақ ол басқа мәселе. Мұғалімдердің де айқайлап ұрысатыны әлі күнге дейін естеріңізде болар. Мұғалімдер жақсы оқитындарды есепке алып, оқу үлгерімі нашар оқушыларды "Қожа" қылатын. Сабақ оқуын талап ететін. Осы дәстүр әлі күнге дейін жалғасып келеді. Арнайы мектептерде қалай екенін білмеймін, бірақ қарапайым мектеп өмірі осындай. Оқу орнын жақсы бітіргендер де ауылдардағы мектептерге бара бермейді. Сөйтіп, көліж бітіргендер, сырттай оқығандар, тиіп-қашып жүргендер мектепте балаларға "білім" береді.

Оқушының қызығушылығына бейімделу керек немесе оқушының қызығушылығын оятып, бейімдеу керек. Мен бірде 10-сыныптың оқушыларына сұрақ қойған едім: "Сабақ оқымайтынның бәрі ақымақ па?". Оқушылар нақты жауапты бере алмады. Мен де әр оқушының өз қызығушылығы барын есепке аламын, дұрыс деп есептеймін. Әрбір адамды химияға да, физикаға да салсаң, білімі бола бермейді. Білетінін ұмытып та қалады. Сол себепті ақыл мен білім деген ұғымды біріктіре алмаймын.

Рас, ақылы жетпейтін адамдар болады. Санасызға сан айтсаң да не дейді? Қазақ бір ауыз сөзбен "санасына берсін" деген ғой. Мұндай адамдар болады. Ә дейсің, өй дейсің, жеткізе алмайсың. Көнесің. Әрбір адамның оқу орнында білім алуға мүмкіндігі бола бермейді. Кейбіреулер оқып жүрген жерінен жалығып, басқа іспен шұғылданып кетеді. Көз ашқалы шаруаның шеңберінен шыға алмаған қыздар болады. Ал енді бір қыздар шаруаны да көреді, оқуда да бар. Үшіншілері мүлдем басқаша. Қалай болса да, біз біреуіне де кінә таға алмаймыз. Әрқайсысының өз өмірі, әрі өзінің стратегиясы болады.

Уақыт

20 жас

Мектеп бітірген қызды алып қашса, сол үйде қалса, не айтарымды да білмеймін. Мен білетіндердің көбісі ажырасып кеткен. Мен оқуға түскен жылы не істеймін деп аузым ашылып жүрген. Ал қазіргі оқушыларға жақсы болды, ақпаратты үйіп-төгіп алған, жоспарларын да ертерек құра береді. Пысықтары - еті тірі студенттер алғашқы курсынан-ақ мақсатына үстеу болатын жұмыстарды тауып алады-әй! Қыз жиырмаға келгенде...

Мақсаты "мықты" қыздар жиырмасында жігітпен жүрмейді. Себебі мақсатына сатылай түрде қол жеткізіп келеді. Демек, алдағы бір-екі жылда күйеуге шығуы неғайбыл. Ол тележурналистикамен айналысуы керек. Фотостудияларға үлгеруі керек. Әне бір жерде анау арна шақырып жатыр, мына бір жерде "мынауский" арна шақырып жатыр. Үлгеруі керек! Киноға түсуі керек. Шетелге қыдыруы керек. Көлік... Үй... Табысы көп жұмыс... Мақсаты сағыз сияқты созыла береді. Оның ізінен жүгіріп жүрген жігіт те шаршауы мүмкін. Шаршамаса, шыдайды.

Керемет оқу орнын бітірсе де, ақылды болмауы мүмкін. Ақылды болса да, білімі болмауы мүмкін. Неге күйеуге шықпай жүрсің деп кінә тағуға болмайды. Бірақ мақсатына соншама беріліп кеткен қыздар күйеуге отызында шығуы мүмкін. Төрт жыл бойы таныс боп жүретін болса, төрт жылдан кейін той жасап, отау құруы мүмкін. Бастысы, білімді қыз да, ақылды қыз да қоғамда белгілі бір мүддеге ұмтылады. Үшінші курсында күйеуге шыққан Гүлімхан да жаман емес, төртінші курсында күйеуге кеткен Мерей де бақытты. Сәбилері бар.

Әулет асыраушысы

Рас, қыздардың көбісі білуі керек, олар көбінесе әке-шешесін, бауырларын ойлап, жұмыстарға жанын пида етеді. Әке-шешесіне әр апта сайын сыйлық жасағысы келеді, бауырларын қыдыртқысы келеді. Әйтеуір, отбасының жүгі соның арқасына түскендей, өзін қарыздар сезінеді. Күйеуге шықса да, сіңлілері арқылы төркініне неше түрлі заттарды беріп жібереді. Бірақ аналар үшін қызының сыйлаған қымбат затынан ұлының сыйлаған халаты артық тұрады. Қыздың көмегі көзге көріне бермейді.

Негізі, жоспарлы жол деген адамның көзін байлап тастайды. Сонымен қатар қыздардың көбісі қырсық келеді. Себебі мектепте оқыды, оқу орнында білім алды, ненің не екенін біледі. Білетін адамның аузы жабылуы қиын. Дегенмен, ақылды қыздың немесе білімді қыздың күйеуіне деген қарым-қатынасы қандай болады, оны болжап та жаза алмаймын, әрі белгілі бір көзқарасты ұстанбаймын. Мінездің де әсері жоқ емес.

Бұл тақырыпты бастаған кісі де жас. Оны оқыған оқырмандар да жас. Бәріміз жас болғандықтан, от боп жанып тұрғандықтан, белгілі бір тоқтамға келгенде тоқтай алмай қалып жатамыз. Бүгінгі жазып отырған нәрсемді келесі жылы басқаша түсіне бастап, көзқарасым да өзгеруі бек мүмкін. "Өзгермеймін" деп отырған оқырмандар да келесі жылы басқаша сайрап шығады немесе араға біраз жыл салады. Қалай болса да, жеке бастың мәселесі боп табылатын тақырыпқа ұсақ-түйектеп бас сұға бере алмаймыз.

Жұқарған жүйке

Үлкендердің интернетті түсінбегені жақсы. Ал жастардың жасы жиырмаға жетпей жүйкелері тозып, worm вирустары кіріп кеткен. Лайктар, пікірлер әбден қинап жіберген. Интернет өмірде жағдай жасап, шынайы өмірден алыстай бастайды. Осы ретте білімі бар қыздардың болашаққа деген ұмтылысы зор болады, нақты мақсаттар қояды, танымайтын адаммен сөйлесіп тұруға уақыты жоқ, сезімі де өзгере бастайды. Қандай мақсатқа жеткенін, қай жерде қандай "Оскар" алғанын, қай кинода "Қыз Жібек" болғанын, қай елге қыдырғанын, қайда не істегенін, қай мәселеге пікірі қандай екенін ғаламторда ғаламға жар салып, адамзатпен бөлісіп отырады. Сөйтіп, Live-роман, Live-повесть жанры да қалыптаса береді. Интернет жолында трөлдер кездеседі. Жүйке жүйесіне шапқыншылық жасалады. Ақырында, күйеуге шыққанда миы демалған, жүзі жайнаған күйде емес, жүйкесі жұқарған, миы шаршаған қалпында күйеуге шығады. Күйеуі де қай бір жетіскен данагөй дейсің. Ол да жас, ол да ашуланады. Ұрыс-керіс бола қалса, мәселеге нүкте қоюға тырысады. Себебі мақсат жолында үтір болмайды ғой. "Мына мақсатқа жеттім - нүкте" бағыты бойынша жоспар орындалады.

Шыны керек...

Мен мақсаты жойқын қыз баласын таңдамас едім. Оқу орнындағы Келімбетовтың оқыған дәрістерінен пайда бар ма? Ғылымға ғашық болған "Мәжнүндер" үшін пайдасы зор. Ақымақ қызға анықтама бере алмаймын. Бірақ маған әлгі түрікке күйеуге шыққан қыздың отыз мың теңгеге сөмке алғаны, елу мыңды анда шашқаны, сексен мыңды бір түнде құртқаны онша ұнай қоймады. Отбасылық өмірде ақшаның үнемделіп жұмсалғаны жөн болады. Себебі, өздерің де отбасыны шағын мемлекет деп түсіндіресіңдер ғой. Сол шағын мемлекеттің экономикасы, ішкі саясаты, сыртқы саясаты болмай ме екен? Әлбетте, болады. "Фермада өмір сүрсем де бәрібір, бастысы, жанымда сен болсаң болды" деп қиялдайтын романтиктердің өзі тамағы таусылып, қарны ашқан соң, қалаға қайтып келеді. Қара жұмыстан көрсеңіз, таң қалмаңыз.

Оқу орнында мамандық бойынша білім аламыз. Ал қызықтырған басқа дүниелерді өзіміз үйреніп аламыз. Бірақ мұның бәрі екінші кезектегі білімдер көзі боп табылады. Адамның негізгі білімі қайсы еді? Білесіздер ғой! Әншейінде ауыз жаппас, "адам боп келген өмірден адам боп өтемін" деп ұрандатамыз ғой. Міне, адамның миссиясы - негізгі мақсаты болады. Үйленіп, бала-шаға боп көбею - адамның түбіртегі бар, мөрі басылған мақсаты емес пе-ей!? Ал өмірдің қалған қызықтарын "Өмір сүрудің" папкасына енгізіп қойыңыз. Сондықтан кез келген саналы адам үшін отбасын құру басты міндеттерден болу керек деп қорытындылаймын. Карьера, жұмыс, ақша, атақ-абырой отбасын құрғаннан кейін-ақ та бола береді ғой.

 

P.S. Өмірде есейген сайын, жас қосылған сайын адам отбасылық өмірді аңсай бастайды. Көзқарасы өзгереді. Қызмет жолындағы мақсат-мүдделердің жетістіктері, тіпті, Award.kz-тің миллиондаған жүлдесі іштен шыққан сәбидің бір күлкісіне де татымайды. Loading бола қалып, елестетіңіз: Сіздің анаңыз күйеуге шыққан жоқ. Сіз осы кезде блогымды оқып, өзіңіз блог жазып, қыз деген сондай, жігіт деген ондай, бүйту керек, сөйту керек деп отыра аласыз ба? Mega Loading. Тағы да елестетіңіз: Сіздің анаңызды дүниеге әкелген адам күйеуге шықпады. Әкеңіздің де әкесі бойдақ боп жүре берді. Бұл жағдайда ләм демесем де түсінікті ғой.

Міне, сондықтан қыз мұратын осындай негізгі мақсатқа жету деп есептеймін. Атырауда ертең он үшінде Ақмарал күйеуге шығады. Оны құттықтаймын! Масалар талайтын болды ғой.Cool

Қыз да, жігіт те дерт деп айта алмаймын. Бәлкім, қалыптасқан жүйе дерт шығар. Ерлі-зайыптылардың қарым-қатынасы қалай болады, ол өздерінің шаруасы. Мен оған бас ауыртпаймын. Бразилия да жеңіліп қалды ғой.

Арахис қосылған нежный ескерту!Cry Бұл блог менің көзқарасымнан тұрады. Мылтықпен үйіме келесіз бе, әлде жоғарыдан спутниктен жарып жібересіз бе, өз еркіңіз. Жеке өзім өзгенің көзқарасына құрметпен қараймын. Осы блогқа жазған нәрсемді пікірлер алаңына қайталап тарқатып, кеңейтіп жазуым ақымақтық болмай ма! Блогкезектің қаламын Қарлығаға табыс еттім. Егер Қарлығаның блог жазуға қолы тимейтін болса, пікір алаңында өзге біреуге садақа етуін өтінемін. Мен әлі жұмыссыздық жайлы сөз етпеппін. Дегенмен, маған Massaget-тегі жұрттың осы тақырыптағы блогтары қызықты болайын деп тұр. Тек қана қыздар жайлы емес, жігіттер жайлы да мәселе көтеруге болады. Болған сияқтымын...Embarassed

Суреттер қазақ жастары кірмейтін alexandrpronin.comfoto.kazakh.rusnob.rustanislav-milevich.ruoformi.net сайттарынан алынды.

Лого