Қыз ғұмыр
блог
Үнсіз отырған Бектастың ойын Жазира бұзып жіберді.
-Жаным?
-М?
-Сөйлесеңші
-Ойланып отырмын, екеуміздің жүріп жүргенімізге 2 жылдан астам уақыт болып қалды. Мені әскерге шақыртып жатыр. Бірінші үйленіп алып, содан соң барсам ба, әлде барып келген соң үйленеміз бе?
-Ой, осыны да сұрақ көріп отырмысың? Әрине, бірінші барып кел, маған үйленіп алып кетіп қалатын болсаң, ішігіп, жүдеп қиналғанша, қыз бен жігіт болып бір-бірімізді сағына тұрайық. Екі жыл деген не, өтеді де кетеді.
-Мүмкін. Бірақ жүрегімде біртүрлі алаңдаулы сезім бар. Менің көзімше саған көзін салып жүретін Саматтың, мен кеткен соң соңыңа түсіп алмайтынына кім кепіл?
-Ой жаным, мен бір ешкімі жоқ жетім емес шығармын, әке-шешем, туыс ағаларым бар емес пе? Сол ши мұрын Саматтың ықпалына бере қоймас.
-Қайдам, жігіті кетті деп, ауыл жігіттерінің басы бос қыздың соңынан әгугәйлайтыны бар емес па? Саған бөтен біреудің көзі түскенін қаламаймын, оны тіптен елестетудің өзі мүмкін емес. Мен жоқта тыныш жүретін бол!
-Қызғаншағым-ай, әлі әскерге кетпей жатып алдағыны жорамалдағаның не? Оның үстіне Самат қалаға жұмысқа кеткелі жүр. Менімен шаруасы болар мүмкіндігі де болмайтын түрі бар. Сылқылдап күлген сүйіктісінің сөзіне шамданып қалған Бектас орнынан атып тұрды:
-Қайтайық, бір шама уақыт болып қалыпты.
Арада біраз уақыт өтті. Бектас пен Жазира амалсыз қоштасып жатты:
-Жаным, мені күт. Болашағымыз әлі алда, осыдан тұрмысқа шығып кететін болсаң махаббатымыздың көз жасы ұрад. Жазира сүйіктісінің аузын қолымен жаба қойды.
-Бұл сөздеріңді енді естімейтін болайын, өле өлгенше саған адал болып өтемін. Күтемін сені, екі жыл деген өте шығады әлі-ақ. Мені белгісіз жігіттерден қызғанбай, әскери борышыңды жақсылап өтеп қайт. Мен сенімен мақтанатын болайын жаным!
Әскерде жүрген Бектасын күтіп Жазира көп қиналды, әрі ауыл жігіттерінің мазасын ала бергені мезі еткені сонша, көшеге шығудан да қалған болатын. Құда түсіп келгіш жігіт-сымақтар да көбейді. Өзі сұлу, әрі ақылды қызға жігіт біткеннің бәрі ғашық болып, бір күн сөз етпесе тұра алмайтын. Қалаға жұмысқа кетіп, ол жақта бұзақылардың қолына түсіп тоналып келген Саматтың қаладан беті қайтып, ауылға біржола келгендігін естігелі бері Жазирада тыным жоқ. Сүйіктісіне хат жазып, онысын өз қолымен хат тасушының қолына ұстатып жүрген қыз үйден шығудан қалды. Оқта-текте үйдегі бала-шағаны жүгіртіп хатты солардан беріп жіберетіні бар. Қыздың сүйіктісі әскерде екенін білгелі бері Самат ыржиып күліп жүретін болыпты. Жазира үйден бір шыға қалса жүзін көруге асығып есігінің алдын торуылдайтын еді. Бірде Жазираның інісі Нұрболдың хатты алып бара жатқанын көріп, аңдып тұрып хат тасушымен келісіп, хатты жібермейтін болды. Бір жарты әперсең бүкіл хатты өртеп жіберуге бар почтален жігітке қайдағы бір қыздың бір жапырақ қағазын құрту сөз болып па? Солай күндер өтіп жатты, алыста жүрген Бектасқа Жазираның хаттары жетпей жатты. Асқақ арманға толы, сырлы сезім мен терең махаббатқа толы, сағыныш пен тәтті қиялды ұштастыра тербеген қаламның нұрлы іздері бар ақ қағаз-Бектас үшін енді арман мен күдікке айнала бастаған кезі еді.
***
Қырсыққанда үйде ешкім болмай, таңғы шайға дүкеннен нан әкелуге шыққан Жазираны көше қиылысында бір топ жігіт күтіп тұрды. Ай-шайға қарамастан тап беріп көлікке мінгізген төртеу қызды қылқындыра алып қашқан еді. Ауылдың төменгі жағында тұратын Саматтың үй іші бұл кезде келін келедінің әсерімен әбігерге түсіп жатқан. Қатын-қалаш, кемпір-шал, бала-шаға, көрші-қолаң барлығы осында. Бірі той көреміз, қызық көреміз деп жиналып жатса, енді бірі тегін тамақ пен ішіп-жемнен дәметіп келіп жатқан. Дүйсен апа үшін бүгін бәрі де болады. Келгендер келе берсін, жегендер жей берсін, жалғыз балам Саматтың бақыты үшін жаным садаға, әрі ұлым анау-мынау қызға емес, ауылдың ең сұлу әрі биязы қызына үйленгелі жатыр. Көңілімнен шығатын аруды таңдап отыр деп пәлсінген кемпірдің ойы әр жерде.
Жол бойы еңіреп келген қызды тыңдайтын ешкім жоқ, қызды төрт бүктеп тұншықтыра көліктен шығарып жатыр. Ауыл келіндері орамалдарын дайындап, шашуларын шашып, әй тойлауда. Арасында билеп бұлғаңдап қоятын дәу сары қатындарға не дерсің? Тап өз ұлдары үйленгелі жатқандай көңілдері қош. Жазираны көліктен түсіре сала үйдің төрінен бірақ шығарды. Жер тепкілеп жылаған қыздың жан айғайы өзіне де естілмей жатты. Ақ орамалды басына салып жұлқи жыланған қыздың түрінен түр жоқ. Көнер емес, жүрегі Бектасын сағына түсуде. Кезінде үйленейік дегенде көнбегені үшін өкінуде. Сүйіктісін әскерге жібермей алып қалмағаны үшін өкінуде, өзінің сұлу болып кім көрінгеннің көз құртына айналғаны үшін өкінуде еді. Есі кіресілі шығасылы болған Жазира талып жатты. Қатындар су сеуіп, бірі келіп қағаз қаламын дайындап, «өзім келдім» деген бір сөзді күтіп көздері мөлейіп отыр. Қызды ойлайтын бір адам жоқ, ең бастысы сол қалса болды. Сосын, бір мәнісі болар.
Қыздың қолхатын алмайынша, қуғыншы жібермейтін болғандықтан Жазира келісімін берген хатты жазып берді. Соңынан қуып келген туыс аға жеңгесінің алдынан еңірей шыққан қызды көргенде асыл аға үнсіз тұра алмады.
-Алып кетем, жылатып қоятын қарындасым жоқ сендерге! Бүйткен тұрмыс-салт, ата дәстүрің садаға кетсін! Осында отырған біреуің бейшара қыздың хәлін емес, бастарыңның қамы мен қарындарыңның қамын ойлап отырсыңдар! Құры кет жолымнан, кеттік! Қызды бауырына баса шыққан ер азамат ағасына риза болған кейіппен Жазираның үміт оты жанайын деді. Есік алдында көсе көлденең жатып алған Дүйсен апаның жан-дауысы шығып ақырып жатыр:
-Менен атта да кете бер, жолың болмайды, екі дүниеде қарғап өтермін! Қане атта!
Кішкене тосылып қалған Берік келіншегі мен қарындасына қарады. Бір жұтынып қояды. Қарғыстан қорыққан түрі. Не істейміз дегендей қыздан жауап күтті. Үнсіз отыра қалып еңіреген Жазираның ойына Бектастың сөздері келді. «Мені тастап кетсең, махаббатымыздың көз жасы ұрады»
Құлағында осы бір сөз сайрап тұр, мына апаның қарғысы да оңай емес. Бәрібір бір қарғысқа ұшырармын деген оймен, жүрегінің жартысы, Бектасының сөзін биік қойып апаның үстінен аттай қойды. Беттерін шымшып, бір-біріне түкірініп кеткен халықтың шуында шек жоқ. Ағасының өзі бетін тыржитты. Ол кезде Жазираға ойлануға уақыт та болмаған еді. Әйтеуір мына қапастан құтылса болды, мәңгілік бақытқа қол жеткізетіндей сезілді оған. Түн жарымында үйіне келген қызы мен туысын көрген Жексен мырзаның қабағы түйілді
-Қызды әкелме деп едім ғой саған!
-Мен, мен....
-Әке, мен ол жігітті қаламаймын.
-ӨӨӨй, махаббатшылын. Кие деген болады, салт-дәстүр, тәрбие деген болады ұқсаң егер! –деп үстел үстін жұдырықтай ұрған әкенің ашуы қатты еді.
Көз жасын көлдетіп бөлмесіне кіріп жатып қалып көрер таңын көзбен атырып жүрді. Анасы байғұс әке сөзінен аса алмай көз жасын сығып алудан басқа шарасы жоқ. Оқта-текте қызына тамақ кіргізіп қояды, жағдайын сұрауға дәті шыдамайды. Қызының қиналған жүзін көргісі жоқ.
Сыртқа шыға қалса бет шымшу мен ду-ду әңгімеден шаршаған Жексен есік алдынан артылмайтын болды. Көгалды суарып, малға қараудан басқа ермегі жоқ. Ешкіммен сөйлеспейді. Әрі Дүйсен кемпірдің көңіліне қаяу салғаны жанына батып жүр. Келіні кетіп қалғалы елге масқара болып, төсек тартып жатып қалған кемпірдің жағдайы мүшкіл көрінеді. Жақсы көрген қызы көнбей кетіп қалғанына күйініп Самат та Жазираның отбасына өшігіп алыпты. Көшеде жүрсе Жазираның інілерін ұрыса қуатын ауыл жігіттерінде де ес жоқ. Әбден елге масқара болып үйден шыға алмай қалған отбасының ендігі үміті әскерде жүрген Бектастың ертерек оралуында еді. Қызының жігіті келсе абыроймен ұзатып әкетіп, мына масқарадан ертерек құтылуды армандаған әкенің арманы орындалуға шақ қалып жүр. Келуіне жарты ай қалған жігітті бүкіл отбасы болып күткен жандардың үміті ақталар ма екен?
Бәрінен бұрын Жазираның көз жасы тиылып, сүйіктісіне деген сағынышын арманға ұластырып уақыт санап жүрді.
Бектас келіпті дегенді есітіп ең бірінші қуанған Жазираның әкесі болды. Мына масқарадан ертерек құтылып, әрі қызының шын бақытты болғанын тілеп жүр. Әрине, оңай емес, әке көңіл іштей қынжылады.
Жазира киініп-сыланып әбден дайындалды, Бектастан кездесу хатын күтіп үйінде тағатсыздана күтіп жүр. Анасы да тыным табар емес:
-Егер бүгін алып кетем десе қарсы болма, кете бер. Жақсылықтың ерте кеші жоқ. Өсектен құтылсақ бәрінен де сол жақсы еді. Сенің де жадырап күліп жүргеніңді қаламайды деймісің?
-Апа, өзім де бір минут күтпес едім. Сүйіктімді көрсем қандай күйде боларымды да елестете алмаймын. Жүрегім аузыма тығылып барады. Міне қазыр шығып кететіндей, 2 жыл ай жүзін көрмедім ғой, апа! Апасын қапсыра құшақтап қуаныштан бал-бұл жанып ойнақтайды. Апасы да күлімдеп мәз.
***
Келгеніне 4 күн болса да бір хабарын бермеген жігітіне ызаланған қыздың назында шек жоқ. Бар ашуын кезекті кездесуіне арнап отыр. Іштей тағы, «әскерден келді деп үйіндегілер той жасап, маған келуіне уақыты болмай жатқан болар» деп сүйіктісін ақтайды да. Әрі қыз басымен бірінші жігіт алдына баруға дәрмен жоқ. 7 күнге әзер шыдады, Бектасын кездесуге шақыртып көріп еді, келмеген соң үй жанына өзі барып жағдайды барлап қайтуға ұйғарды. Бірнеше күннен бері жиын болып жатқан осы үйден Жазира кәдімгідей күдіктенді. Бектас аман бе екен деген ой мазалап, тыпыршып жүрді. Есік алдында бір топ адамдардың жиылысына таңырқай қараған қыздың көңілі құлазып кетті. Тап беташардың үстінен түскен екен. Көрші-қолаңның бірен-саран адамдарына айтқаны болмаса Бектастың үйленетінін біраз жұрт естімеген екен. Сірә, Жазираның үй-іш білмей-ақ қойсын дегендей еді.
Көз жасын көлдетіп есік алдында тұрып қалған қыздың аянышты жүзіне ауыл болып елдің іші жылымады. Бәрінің ойында Дүйсен кемпірді ренжіттің деген назды ой тұрған секілді. Елдің барлығы өзіне жау болып көрінді сол сәтте. Бектас көрінбейді. Ең болмаса өзімен бір ауыз сөйлеспегеніне ашуланған қыздың мазасы қашты. Үйіне әзер жетіп, апасының алдына тізерлей отырып:
-Апа, бәрі бітті... Бәрі бітті
-О не, қызым?
-Бектас үйленіп жатыр екен
Маңдайындағы әжімдері бір жерге топтаса қалған ананың көзінен жас мөлт етті. Қысып ұстап отырған қызының қолын жібере салып артқа шегінді:
-Қарабет, айттым саған! Саматқа тие салуың керек еді. Енді не істейміз? Сені кім алады? Ел-жұртқа масқара еттің ғой бізді!
-Апа......
Анадайдан әке күрсінісі естілді.
***
-Бектас, неге өзгеге үйлендің?
-......................
-Мен саған берген уәдемде тұрдым емес пе? Неге мені алдадың?
-.......................
-Мені Самат алып қашқанымен, оған әйел болған жоқпын ғой! Саған деген сезімімді сақтап едім?
-......................
-Неге?
-Кешір, мен әскерде көп қиналдым. Әрі сенен хабар келмей қойғасын маған суыды деген арам ойлар мазалап жүрді. Кейіннен сені Саматтың алып қашып кеткенін есітіп жаным тағат таппады. Бізден біраз кейін келген көрші ауылдың жігітінен сенің Саматқа тиіп келіп отырғаныңды естідім. Жастайымнан қызғаншақ көңілім, сені Саматқа бере салғандай болдым. Көзіме Саматтың меншігі болып елестедің. Бұрындары ойнап Самат жайында айтқаныңда да көңіліме алып қалушы едім. Маған барлығы шын секілді көрінетін. Саған сенбегеннен емес, саған ессіз ғашық болғаннан. Бірақ, мен жүрекпен саған сенгенмен, ақылым саған жібермейді. Ауыл жігіттерінің сен жайлы айтпаған сөзі жоқ. Менің әке-шешем де сені алуыма қарсы болатын еді. Кешір, мен күресе алмадым. Күресуге дәрменім жоқ. Саған сене алмаймын. Біртүрлі, мына кеудемде саған орын қалмаған сияқты. 2 жыл ішінде сенсіз өмір сүре алатыныма көзім жетті. Ары қарай да өмір сүре беремін.
-Бектас...мен саған үзбей хат жазып тұрдым. Бірақ, әрине, сен маған сенбейсің. Сендіргім де келмейді. Қош бол!
сурет: http://litsait.ru/stihi/lirika-filosofskaja/slyozy-angelov.html