Қыз бала өсіруден қорқамын

Қыз бала өсіруден қорқамын
жеке
блог

Шынымен, соңғы уақытта жас қыздардың бұзылған тағдыры, педофилдер, ерте жүктілік, түсік тастау жайлы естіп шошып жатамыз. Кінәні ғаламтордан, әлеуметтік желілерден, отбасындағы тұрмыстық жағдайдан, қоғамнан іздейміз. Заман өзгеріп, адамды өзгертті, дейміз. Бірақ, ойланып отырсақ, осындай жағдайлар бұрындары да болған екен ғой. Ауылға барғанда "еее, жас күнінде алданып қалған", "сорлы қыз, үйленген жігітпен жүрді", "ойнаста тапқан баласы " деген сөздерді естіп қалатыным рас. Яғни, бұл нені көрсетеді қыздың ерте бұзылуы, некесіз бала табуы, алыс ағаларының кіші кезінде зорлауы баяғы да-ақ болған, бірақ бүгінгі заманда ғана заңға көп жүгініп, бәрін ашық айтатын болдық. Иә, иә менің өзім осыған дейін алыс, нағашы ағалары, туыстары тиіскен қыздарды талай кездестірдім. Жылап, ренжіп айтқандары жүрегімді езіп тастады. Неге өзге ұлт емес, қазақ қой, өзіміздің қазақ. Бөтен емес, өзіңнің қаның, өзіңнің жаның. Әкетіп бара жатыр ма?! Сені "аға" деп еркеленген қарындасыңа бар тигізген көмегің - тағдырың құртқаның. Ең сорақысы, сол қыздар тұрмысқа ешкіммен жүрмей, сүйіспей, жақындаспай шықса да, күйеулері сенбейді. Бірақ, не деп сенеді. Біздің жігіттерге дәйекті факт керек. Ол не екенін өздеріңіз де түсініп тұрсыздар. Сосын Тұрсынбек Қабатов айтпақшы, жас күнімде бір жігітпен жүрдім, алдап кетті, өзі аварияда қайтыс болды, деп айтады. Амал жоқ, құда да тыныш, құдағи да тыныш. Бірі анасына айтуға сескеніп, бірі өзінен өзі желкеніп күн кешеді. Иә, айта берсен сөз көп. Ол алдап кеткен жігіттер жайлы, үйленген жігіттерден бала туу жайлы, педофилдерден тиген зардап жайлы. Мен тек қана өз құлағыммен естіп, сан-сарсаңға соғылған тағдырлар туралы айттым.
Сол себепті, құрметті қыз өсіріп отырған аналар, болашақ аналар, әкелер, қызыңыздың біреудің тағдырын қайталамай, аман-есен адал тұрмысқа шықсын десеңіз, жаңа туып ауруханадан шыққан күннен бастап, жолдасына табыстырған шаққа дейін жанында болып, оны ұзақ уақытқа біреудің үйіне қалдырмауларыңызды сұраймын. Адам әртүрлі, адамның ойы да әртүрлі. Бәріне топырақ шашуға болмайды. Бірақ, сақтықта – қорлық жоқ.
Иә, сол себептен қыз бала тәрбиелеуге қорқамын. Түсінем, сен емес оны шешетін, оның бәрі Алланың қолында дейтіндер бар. Бірақ, ата-ана ретінде баламның тағдырына жауапты болғандықтан, қорқыныш үрейі басылмай тұр.