Қытай жазуының шығу тарихы

Қытай жазуының шығу тарихы
жеке
блог

  Ежелгі Қытай жазуы – көптеген мыңжылдықтар бойы дамудың үстінде болып, өзінің басынан түрлі тарихи кезеңдерді бастан кешкен ерекше құбылыс. Басқа өркениеттердің ежелгі жазулары жойылып, мүлдем қолданысқа ие болмаған уақытта, қытай ежелгі жазуы заманауи қоғамның динамикалық жағдайына бейімделіп, қытайлықтардың күнделікті қолданысына ие болуымен қатар, өмірлерінің ажырамас бөлігіне айналды. Ендеше, ежелгі Қытай жазуымен танысып, оның пайда болу тарихын, ежелгі қытай жазуына тән ерекшеліктері жайлы қарастырып кетейік.

   Тарихи жазбаларға сүйенетін болсақ, қытай жазуының ең ежелгі түрі –біздің заманымызға дейінгі XVII ғасырда пайда болған жануарлардың сүйектері мен тасбақа қабықтарына жазылған жазулар болып саналмақ. Жорамалдық қасиетке ие болған иньдік жазуларды «Цзягувэн» 甲骨文 деп атады.Тасбақа қабықтары мен жануарлардың сүйектеріндегі жазулар – ежелгі қытай жазуының ең көне ескерткіші болып табылады.

   Шан дәуірінен кейінгі, Чжоу дәуірінде (б.з.д. 1045-221 жж.) ежелгі қытай жазулары едәуір өзгерістерге ұшыраған. Қола құю технологиясы пайда болғаннан кейін «металлдағы жазу» 金文 , яғни, ғұрыптық қола ыдыстарындағы жазулар пайда болды. Кейде оларды «үш аяқты ыдыс пен қоңырау жазуы» 鐘鼎文 деп те атайды. Бұл жазудың аты айтып тұрғандай, Чжоу жазуы көбінесе етке арналған үш аяқты ыдыстарда, астық ыдыстарында, қоңырауларда, шарап пен суға арналған қола тостағандарында, сондай-ақ стелаларда, тас барабан бен керамикада кездесті.

  Чжань-го кезеңінде (б.з.б. 475-221жж.) Қытай әртүрлі патшалықтарға бөлінгенінің нәтижесінде, да чжуань 大篆,   Инь мен Чжоу жазуларына негізделген гувэн 古文 жазуы және Оңтүстік Қытай патшалығының Чу жазуы қалыптасты:

   Цинь дәуірінде (б.з.б. 221-206), жоғарыда айтылып кеткен Цинь Шихуанди императорының билігі тұсында қытай жазуын реформалау кезеңі басталды. Осылайша, ұзақ уақытқа созылған жұмыстардың нәтижесінде да чжуань жазуына негізделіп жасалған сяо чжуань 小篆 атты, яғни, кіші мөр деген жазу пайда болады. Сондай-ақ, ли шу 隸書 атты ежелгі жазу үлкен танымалдыққа ие болып, қолданысқа түседі.

   Цинь дәуірінен кейінгі, Хань тұсында (б.з.б. 206 ж. — б.з. 220 ж.) ежелгі қытай жазуы өзінің алғашқы қалпынан толыққанды өзгеріп, қазір өзіміз қолданып отырған қытай жазуына ұқсас жазу түрі пайда болады. Уақыт өте келе, түрлі даму кезеңдерін бастан өткеріп, қытай жазуы бүгінге қолданысқа ие кейпіне түрленеді.  

   Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айта келе, Қытай жазуы – ақыл-ой, қиял мен білімнің өзара әрекеттесуінің нәтижесі, табиғат құбылыстары мен мәдени құндылықтарының үйлескен бірлігі. Өзінің басынан сан-қырлы тарихи процестерді кешіргеніне қарамастан, қытай жазуы әлі күнге дейін өзінің алғашқы күйі мен бірегейлігін сақтап қалды. Қытай тілі мен мәдениетін, қызықты тарихы мен жазуын оқып-үйрену қызықты процестердің бірі. Ал, бүкіл Қазақстан бойынша, осы қытай тілін үйрететін бірден-бір университет ретінде әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетін атап кеткім келіп тұр.

Қытайтану кафедрасы, шетел филология мамандығының 3 курс студенті - Бекболатова Арна

Жетекшісі: Шарыпқазы Нұртәліп