қытай жаңа жылы

Қытай Жаңа жылы немесе ай күнтізбесі бойынша Жаңа жыл-Көктем мерекесі 19 ақпан күні бүкіл елде басталды. 
Қытай Жаңа жылы-ең әуелі отбасылық мереке. Мерекелік дастархан молынан жайылып, берекелі болуы керек. Дастарханға міндетті түрде соя ірімшігін, тауық пен балық еттерінен жасалған тамақтарды қою керек, себебі бұл азық-түліктің атауы «молшылық» пен «бақыт» сөздеріне ұқсайды.
Ескі дәстүр бойынша Қытай елінің солтүстік аймағында дастарханға тұшпара қойылады. «Цзяоцзы» тұшпара атауы «ескі жылмен қоштасып, жаңа жылды қарсы алу» деген сөздермен ұйқасады. Тұшпара пішінін алтын және күміс кесегіне ұқсатып жасайды, бұл-байлық пен молшылықтың белгісі.
Ал оңтүстік аймақтарда дастарханға жабысқақ күріштен жасалынған няньгао тағамын қояды. Бұл тағам жақсылықтың нышаны болып есептелінеді.
Жаңа жылдың алғашқы күні аспанға отшашулар ату керек. Наным бойынша, отшашулар жын-перілерді қашырып, шаңыраққа бақыт пен тыныштық шақырады. Қытай халқының ойынша, бұл күні олар аруақтар әлеміне барып, өткен жылдың қорытындысын жасайды. Содан кейін өткен ата-бабаларына құрмет көрсетеді.
Жаңа жылдың алғашқы бес күнінде туған-туыс, дос-жаран, көрші-қолаң, тамыр-таныстармен кездесіп, мерекемен құттықтау қажет. Кішкентай балаларға я-суй цянь, яғни жас ақша сыйлайды. Я-суй цянь арнайы қызыл конвертке салынатын майда ақша. Көне салт бойынша, Жаңа жылдың алғашқы он бес күнінде үйге келген кез-келген кішкентай балаға ақша берілуі тиіс.
Қытай Жаңа жылы-думанды мереке. Бірнеше күн қатарынан қала көшелерінде жәрмеңкелер өткізіліп, ән-биге толы думанды қойылымдар көрсетіледі



Бөлісу: