Қысқаша ойтолғау

 

Мен кей кездері артынан өшпес із, әдеби мұра қалдыратын ақын мен оқырманның арасындағы қарым-қатынасқа таң қаламын. Белгілі бір ақынның өлеңін, я болмаса шығармасын оқығаннан кейін, ол жанның бет жүзін бір ретте көрмей, онымен бір ретте тілдеспей бір сәтте бауырыңдай жақын болып кеткенін байқамай да қаласың.

Өмір, тағдыр деген неткен қызық еді... Бұрындары Оралхан Бөкей десе, есіме бірден «Тортай мінер ақ боз ат» әңгімесі түсуші еді. Енді міне өмірдің өзі осы шығарманы білуге тиіссің дегендей, «Қасқыр ұлыған түні» әңгімесін алдыма ұсынып, оқуға жағдай жасап отыр. Бұрынырақ «неге ізденіп, осы шығарманы ертерек оқымадым екен» деген ой туындады. Себебі көлемі аз ғана болсада, көкейімде көп уақытқа сақталатын маңызы терең бір ой қалдырды. Осы шығарманы оқығаннан кейін, кейіпкері Арайдың тағдырын өзгерткім келді. Себебі сырға толы кейіпімен, ойымда қалған осы бір жас қызды сондай қатыгез өлімге қия алмадым.

Бірақ кейін, ойлана келе түсіндім. Мен өткенді өзгерте алмайды екенмін. Маңдаймызға жазылған тағдыр жолын өзгерту, тек бір Құдіреттің қолында екен. Жүрегімізді өкініш қанша өртесе де, өмірдің заңына бағынбасқа амал жоқ. Кім біледі жан дүниемді соншалықты толқытқан осы бір шығарманың дәл осылай аяқталуы дұрыс та шығар!?

 



Бөлісу: