Қысқа, қысқа, қысқа

Ең көңілді өткен Жаңа Жыл

Көңілді өткен жаңа жыл, тіпті оның ең көңілді өткендігі есімде қалмапты. Бір жағынан, есімде қалмағаны – оның көңілді өткендігін білдірсе керек. Екінші жағынан, көңілді өткендігін есімде сақтай алмағаным – қынжылтады. Осы тектес сценриймен барлық болмаса да, соңғы екі жылдағы жаңа жыл қарсы алыныпты. Сағаттің тілі он екіні он екінші рет соққанда, бәрібір есте қалмайтын жаңа жылдық көңіл күйді бөлісетін достарға хабарласа алмай қалатының – мен сияқты, бәрінің де жынына тисе керек, негізі.   

Жаңа Жылдық махаббат хикаясы

Жаңа жылдың қарсаңында танысқанмын. Бейкүнә таныстық өзінің артына ешқандай жауапкершілік жүктемейтіндей көрінген. Алыс сияқты болып кеткен студенттік кездерімнің ала-құла сәттері болатын. Жаңа жылға үш сағат қалғандағы таныстық дегбірсіз сезімнің қайта қозуына алып келетінін кім ойлаған дейсің. Ал жаңа жыл қарсаңындағы гормондардың ерекше екпінмен жойқын шабуылға кірісетінін күткен ешкім жоқ еді. Жаңа жылға екі сағат қалғандағы таныстық табыстыққа жылдам көше кететінін азғын ойым түбінде ойлап үлгерсе де, іске аса қоятынынан үміті аз еді.  Дегенмен, табысқан жандардың жаңа жылды бірге қарсы алуын тағдыр жазбаған екен. 

Ең дәмді Жаңа Жыл

Менің анамның әр жаңа жылдық дастарханға дайындайтын «Оливье» салатынан дәм татып көрген адам болса, жоғарыдағыдай тақырыпқа басын ауыртпас та еді. 

Мен және сән

Мен оны іздеп әуре болмаймын. Ол да маған асығып отырған жоқ сияқты. Таңылған талғамға әуестігім жоқ еді. Сәт сайын санадағы образдардың өзімнің үстімде шүберек болып орана қалғанында, кейбір стереотиптер ақтарылып қалатыны бар. Дегенмен, сәннің мені көрсе бір шақырым арыдан айналып өтетінін байқап, кейде қуанып та қаламын. Сәнді болуға тырысқаның — өзіңнің табиғилығыңды теріске шұбыртып жібергенің. Мені сәнмен емес, сәнді менімен салыстырғанын қалаған болар едім.  

Корей толқыны — Интернет феномені

Білетінім, қазақ интернетінде Ақзере бұл толқынды толқытып отырған :)

Менің арманым

Менің арманым алыс өткен шақта қалып кеткен сияқты. Қазір тек қана мақсатпен өмір сүремін. Әрбір қысқа күндік мақсатыңа жетсең, арманың орындалғандай күй кешеді екенсің. Өз еркіңмен, бар ынтаңмен емес, жай ғана солай болуы тиіс болғандықтан. Жай ғана барлығы тек қана осымен біте қоймайтынына берік сенімді күйде екендігінен. Менің арманым – жоғалған арманымды табу.

Қазақстандықтардың өздеріне ғана тән спорт түрі бар ма?

Әрине, бар. Пайда табудың екі дүркін чемпионы. Табылған пайданың заңсыз жолмен болуының рекордын сансыз рет жаңартқан және әр жыл сайын өзінің рекордын жаңартудан еш таймайтын нағыз спорт майталмандары — осы қазақстандықтар.

Неге қазіргі жастар кітап оқымайды?

Өйткені, ешкім міндеттемейді. Бұрында бәрі бас-басымен Пушкин мен Гетені оқып, түсініп тастады деген аңызға да сенбеймін. Сенгім де келмейді. Бұрында бәрін кітап оқуға міндеттейтін, ұрандайтын, идеологияның машинасына салып кеп жіберетін. Оқымасаң, жұрттың көзінше сұмырай етінсің. Қазір бәрі де керісінше. Солай болғаны заңды да шығар. Бұдан былай осы тақырыптағы қате формулировканы қайталамау үшін мынаны анықтап алайық. Қазір, кітапты әркім өзіне керегінше оқиды, қажет болса оқиды, пайдасын білсе оқиды. Ал, басқасының бәрі – далбаса.

Компьютерлік ойындар

Онсыз өмірді елестете алмаймын. Онсыз өмірдің сұр бояулары көбірек болатын сияқты. Өмірдегі сирек кездесетін экстаздық сәттердің тікелей ойындармен байланысты екенін айқайлап тұрып айтқым келеді. Барлық қопарылып, кеудеңді жыртуға шақ қалған стрестерді шығару үшін компьютерлік ойындағы виртуал кейіпкерлерді қан-жосасын шығарып өлтіргеннен рахат ештеңе жоқ шығар. Жария болған құпия ретінде айтайын, мені ренжіткен адамдардың образын елестетіп отырып, ойнаймын ойндарды. Сондықтан, абайлаңдар. Менің қиялымда өліп қалып жүрмеңдер :)

Интернетсіз өмір

Әлгі әркімнің аузында аңызға айналған, құдіретке ие, бірақ онысын әлсіз формада жеткізудің Шебері сақтасын ондай кесапаттан!  

Менің ең қызықты саяхатым

Әлі алда деп сенемін :)



Бөлісу: