ҚЫРЫҚҚЫЗ САРҚЫРАМАСЫ

ҚЫРЫҚҚЫЗ САРҚЫРАМАСЫ
жеке
блог

Қырық қыз сарқырамасы

қырық қыз
Қазығұрт ауданында "Қырық қыз" табиғи тас мүсіндері екеу. Соның бірі Аққұм ауылының маңында орналасқан. Ол тас мүсіндері туралы талай жерде жазылып та, айтылып та жүр. Бірнеше аңыз нұсқалары бар. Бүгін біз ол аңыздар туралы емес, сол аңыздарға негіз болған тас мүсіндердің маңындағы сарқырама туралы айтпақпыз.

қырық қыз1

Қырыққыз сарқырамасы Қаржантаудың Бәйдібек шоқысы маңындағы сілемдерден бастау алатын Қарабау өзенінің Аққұм каньоны басталатын тұсында қалыптасқан. Сарқырамаға дейінгі Қарабау өзенінің арнасы тар, тау шатқалдарынан өтеді. Сарқырамадан кейін арнасы кеңейіп, үлкен каньонға ұласады.

Аққүм каньоны

Сарқырама тек тас мүсіндердің жанында болғасын ғана «Қырық қыз сарқырамасы» деп аталмаса керек. Аңыздардың бір нұсқасында аңыз кейіпкерлері - қырық қыз осы сарқырамада шомылып жүргенде жау келіп қалатыны айтылады. Жаудан қашқан қыздар осы сарқырамадан өрлей қашып бара жатып тасқа айналады.

қырық қыз2

Сарқыраманың шығыс беткейіндегі жарқабақта ортағасырлық қоныс (қорған, қамал, бекініс) орны сақталған. Бұл күндері ол орынды жергілікті тұрғындар «Қырыққыз әулие» немесе «Қырыққыз қорғаны» деп атайды. Қорғанның айналасы тік құз-жартастар. Стратегиялық орналасуы жағынан өз заманында мықты қорған болғаны анық көрінеді.

қырық қыз қорғаны

Қырыққыз сарқырамасы 43 метр биіктіктен құлайды. Бұл сарқырама Қазығұрт ауданындағы ең биік сарқырама болып саналады. Биіктен құлаған су төменге жеткенше тастан-тасқа соғылып, ұсақ су тамшыларына айналып, тамаша су «бұлттарына» айналады да, кемпірқосақ жасайды. Тас жарқабақтардың бетін қалың мүк басып, қалың киіз іспеттес жабын қалыптастырған.

қырық қыз3

Табиғаттың өзі таудың тастай суық суы сарқырап түсетін жерін тамаша бассейн секілді орын жасаған. Жаздың ыстық күнінде бұл жерге шомылу үшін жақын маңдағы ауылдардан келетін тұрғындар көп.

қырық қыз4

© Мақала Қазығұрт аудандық кәсіпкерлік бөлімі туризм секторының материалдарымен дайындалған.