Оңтүстiк Қазақстан облысының таулы аймақтарындағы бұрынғы орман шаруашылықтарының жерлерi бұл күнде ерекше қорғалатын табиғи аумақтар санатына ауыстырылып, Сайрам – Өгем мемлекеттiк ұлттық табиғи паркi болып құрылған. Саябақ аумағы Қаратау жоталарының Боралдай шоқыларынан басталып, Құлан, Шақпақ, Иiрсу, Дәубаба, Өгем, Қаржантау сияқты табиғатымыздың әсем аймақтарымен ұласады. Өгем – Тәңiртаудың iрi сiлемдерiнiң бiрi. Оның бөктерiнде сарқырап өзен ағып жатыр. Екпiнi сондай қатты. Кей тұстарда тiптi аттылы кiсiнiң өзiн аунатып, ағызып әкетердей буырқанады. Алайда, бұл сыртқы көрiнiсi ғана. Ал, шындығына келгенде, ол сонау мұзарт шыңдардан бастау алып, мыңдаған бұлақтың суынан құралып, алуан-түрлi минералдар мен дәрiлiк шөптердi шайқап есiп, шымырлап ағып жатқан шипалы, дәру, емдiк қасиетi мол өзен.
Өгем шатқалына түсетiн жол қиын. Бiр жағы – жар, бiр жағы – құз. Осы шатқалдан төмен түссеңіз, бiр топ адамға ұқсап көрiнген ұзын-ұзын тастарға қарап таңғаласыз. Расында да, ғажап көрініс! Алыстан қарағанда, бүрме көйлегiнiң етегi желбiреп тауға қарай келе жатқан қайсар қыздарға ұқсайтын үлкен тас ескерткiштердi ұлы табиғат шебердiң өзi ғасырлар бойы сомдап, қылта-қылтадағы жартастардан қашап жасаған сияқты. Бiрiнен бiрi ұзақ емес екi-үш қылтадан бойын созып, топ-топ болып көрiнген «Қырық қыз» – таңқаларлық құбылыс.
Ел аузында сақталып, ұрпақтан-ұрпаққа аманат болып келе жатқан көне аңыз ол туралы былай деп сыр шертедi: «Ерте, ерте, ертеде, бәлкiм, Ер Төстiктiң заманында болар, осы өңiрде бiр байдың қызы бойжетiп, бесiкте жатқанда атастырылып қойған жiгiтiне ұзатылатын күн де келiп жетедi. Құда-құдағилар той жабдығын дайындап, мәре-сәре боп қуанып жатады. Сұлу қыз, серi жiгiттер қосылып ән шырқап, балуандар белдесiп, шабандоздар көкпар тартып, ұлан-асыр жиынның көрiгiн қыздырады. Әне, күйеу жiгiт те келiп қалды деген қуанышты хабар жетедi бiр кезде. Мұны естiген ауыл қыздары топ-топ болып, бөркiне таққан үкiлерi желбiреп, етегi жер сызған бүрме көйлектерiн жел толқытып, болашақ жездесiнiң алдынан шықпай ма, керiлiп…
Кенет бiр қиырдан шаң көтерiлiп, жантүршiгерлiк айқай естiледi. «Жау... Жау шаптыы...». Қалың ел аяқ астынан дүрлiгiп, қолына қару ұстауға жарайтын ер-азаматтың барлығы атқа қонып жатады. Бiрақ, тұтқиылдан тап берген жау олардың басын бiрiктiрмей, тоз-тоз етiп, қанға бөктiрiп, қынадай қырып салады…
Әне, сол кезде күйеу жiгiттi күтiп аламыз деп топ-топ болып шыққан сұлу қыздар шың басында жылап, еңiреп тұрып: «О, Жаратқан ием, жерiмiз отқа оранды, елiмiз күлге айналды. Ендi бiздi жау қорлығынан құтқарып, тасқа айналдырып жiбере гөр...» деп зарлап, құдайға жалбарынған екен…
Ежелгi аңыз осылай деп егiледi. Осылай деп күңiренедi.Қалай болғанда да, «Қырық қыз» аңызында сонау бiр зұлмат заманның өкiнiшi, мұңы, қайғысы күзгi жауыннан кейiнгi қақ суындай мөлтiлдеп, тұнып жатқан секiлдi.
Бұл аңызда «Ер төстіктің» заманында болса керек, деген пікір аңыздың ертегімен араласып кеткендігінен хабар береді. Осы сияқты фантастикаға құрылған «Тас бол» деп аталатын кинотуынды барлығымызға таныс, онда Тасбол деген қатігездің Ерназар шалдың тоғыз ұлын өзіне бағындырып, қарсы шыққандарды тасқа айналдырып отырған қаскөйді соңында ең кенже баласы Ертөстіктің жеңіп, Тасболдың өзін тасқа айналдырғаны, қазақша ертегінің озық экрандатылған туындысы деп білеміз. Мұнда тасқа айналу оқиғасы ұшырасады.
Аталмыш оқиғаға байланысы жер-жерде өзіндік аңыз әңгімелер бар. «Қырық қыз» - Ұлытау ауданы, Егінді аулының оңтүстік шығысында орналасқан күмбез. Қара тастан киюластырып қаланған. Есігі күншығысқа қаратылған. Оның айналасында көптеген мүрде жатыр. Жергілікті тұрғындар мұны тек күмбезбен бірге қосып, «Қырык қыз қорымы» деп атайды. Күмбез бен оның айналасындағы мүрделердің қай заманда тұрғызылғаны жайында дерек жок. Тек «Қырық қызға» байланысты ел аузында қалған аңыз әңгіме ғана бар. Соның бірінде: «Қалмақтардың кезекті бір шабуылында қолға түскен қазақ қызын калмақ қонтайшысының әйелдікке алғаны, арада көп жыл өтсе де ел-жұртын, ата-анасын ұмыта алмай зарыққан қазақ қызының ел-жұртына көмектесуді ойлағаны, ойын қызына айтып, нағашы жұртына барып, қонтайшының қашан, кай жерден шабуыл жасайтынын ескертіп тұруын өтінуі. Қыз анасының өтінішін бірнеше рет орындағаны, артынан аңдушы жіберген қонтайшы өз қызының «жауға» хабар беріп жүргенін біліп, қайтып келе жатқан жолында алдынан әскер жіберіп, қырғызып тастағаны» жайында айтылады.
Менің «Қырық қыз» аңызына байланысты өз көзіммен көрген тағы бір білетінім: бұл аңыздың бір ұшы Оңтүстік өңіріндегі Қасқасу елді мекенінде жатыр. Мұндағы ақ бураның алып өркешіндей қатар-қатар тау боп үйілген тастарына қарап, есіңіз шығып тамсанасыз-ау келіп. Қолыңызға сол таудың үгіндісін алсаңыз, оның басқа тастардан мүлдем бөлекше екенін байқайсыз, құдды ақ құмды ақ сүтке илеп қатырғандай. Енді басқа арнаға назар салсаңыз, мүйізі қайырылған қошқардай жерге жайғасқан тасты тамашалай тұрып, анықтап зер салсаңыз сол қошқар итке де ұқсап кететіндей бір күй кешесіз. Жиектерінде теңіз түбіндегі сандықтан шыққан түрлі-түсті реңкі бар әр түрлі тастар кездеседі. Сонымен қатар, қап-қара боп сумен ағып жатқан майға ұқсас зат бар, мүмкін, бұл жерде мұнай бар шығар деген ойға қаласың. Бұл әулиелі жердің шырақшы «Қырық қыз» оқиғасының екі нұсқасын біледі екен, оның айтуынша: «Өткен заманда бір байдың жалғыз қызы ұзатылып, қасына қырық нөкерімен қоса қырық қыз қосылып, жігіт аулына жолға шыққан екен. Қыздың жүктері өркеш-өркеш түйелерге тиеліп, жолаушылар жол бойы ән айтып керемет көңіл күймен келе жатса керек. Кенет, олардың алдынан қалмақтың қанішер қоңтайшысы шығып, қыз нөкерлерін тас талқан қылып жауыздықпен қырып салып, қыздарды күңдікке алмақ болғанда, қырық қыз құдайдан: «Е құдай бар болсаң, бізді мына итке қор қылғанша тас қып қатыр»,- деп жалынған екен. Сол кезде құдай олардың тілегін қабыл етіп, қырық қызды түйелерімен бірге тас мүсін етіп, қаһарлы қоңтайшыны ит кейпіндегі тасқа, жау әскерін қарқылдаған қарғаларға айналдырып жіберген екен. Сондықтан, бұл әулиелі жерде ауа райы бұзылған шақтарда қара қарғалар «Қырық қыздың» басында айналшықтап ұшып жүреді екен.
Осы ауылдың қарттарының айтуынша, бұдан жарты ғасыр бұрын, яғни олардың бала шағында «Қырық қыз» мүсіні айқын, киіз үйлердің ішіндегідей түрлі түсті тас кәмпиттер, бауырсақтарды көруге болатын екен. Қазірдің өзінде бұл жердегі түрлі көлемдегі адам дене мүшелеріне ұқсас тастарды кездестіруге болады.