ҚЫРСЫҚ ҚЫЗ (жалғасы)

ҚЫРСЫҚ ҚЫЗ (жалғасы)
жеке
блог

Күнде көріп жүргеннен шығар, бәлкім,
(Сағыныштан сарғайдым) дей алмаймын.
«ҚЫРСЫҚ ҚЫЗ» кім өзі,- деп, сұрар әркім
Жасырамын,
Айтпаймын,
Жиі алдаймын...

Мен ақын боп өмірден қайту үшін,
Қажет емес,  «ҚЫРСЫҚ ҚЫЗ» атанғаның.
Сұрағанға, сен жайлы айту үшін,
Талай рет оқталдым, бата алмадым.

Сипаттайын мен сені жырымменен,
Дірілдеген жүрекпен бүлінбеген.
Алғашқы рет «ҚЫРСЫҚ ҚЫЗ» ғашық болғам,
Көздеріңе...
Табиғи күлімдеген.

Көздеріңде, барлығы көздеріңде,
Саған деген сезімім өзгеруде.
Тым қырсықсың,
Қырсықсың, шамадан тыс,
Тиістімін мен де енді өзгеруге.

Жанарыңда, бәрі де жанарың да,
Келер сені «МОМЫНҒА» санағым да.
Қайтейін? Қырсықтықты қамшыладың
Келмей қалды көзіңе қарағым да.

Шаштарыңда, кінә жоқ шаштарыңда,
Шыға келдім өзгеріп қас-қағымда.
Мінезіңнен мезі етіп жібердің бе?
Тағы бір «КҮН» (ЖАРҚ)  етті аспанымда.

Қолдарыңда, қырсықтық қолдарыңда,
Жолықтың ба? қайғы боп, сорға мына...
«Әй, Қырсық қыз» дегенмен, мына саған
Өкінбеймін шын ғашық болғаныма.

Кірпігіңде, сыр бардай кірпігіңде,
Сезім құрғыр бір жылап, бір күлуде.
Ақтық сөзді айтуға жүрек құрғыр
Көп алдында көлгірсіп, іркілуде.

Қою, қалың, қиылған қастарың да,
Жыры болды кім білсін басқаның да.
Аққу көлге қонғанмен қайта ұшады,
Бір ұғым бар, бұл сөздің астарында...

Ардақтысың «Қырсық қыз», аялы да,
Жетіп қалдым жырымның аяғына.
Сені сүйіп қалған ем, бір көргеннен,
Ұмытыпта кеткенмін баяғыда.

Себебі бар,
Сезімнен қымсынасың,
Тұншығасың, бет алды қырсығасың.
Қырсықтықтың шеті бар, шекарасы
Мінезіңе мынадай кім шыдасын?
Қырсыға бер. Қашанғы қырсығасың...

                    Арман ҚҰДАЙБЕРГЕН