Қымбаттым, өтінемін, ...
блог
Ақпарат заманында ғаламторда да, теледидарда да қазақ тіліндегі материал жеткілікті сияқты. Дегенмен, қазақ тіліндегі мәліметтің басым көпшілігі шет тілдерінен аударылған. Түпнұсқадағы, яғни қазақ тілді автордың о бастан қазақша жазған материалы мен аударманың айырмашылығы кейде бірден байқалып тұрады. Сонымен, аударма жасау кезінде тілдің ерекшелігін ескермей тікелей аудара салудың кейбір көрінісі мынадай:
Мысалы |
Тікелей аударма |
Қазақ тілінің ерекшелігі |
Дорогой(-ая) |
Қымбаттым |
Жаным, айналайын, қарағым, жарығым, құлыным, т.б. |
Пожалуйста |
Өтінемін |
1) Етістік +-ыңызшы, -іңізші: айтыңызшы, беріңізші (жай сыпайылық, бұл жерде өтінемін сөзін қосып айтудың қажеті жоқ.) 2) Өтініш+көндіру: Кетпеңізші, өтінемін. |
No problem. Без проблем. |
Проблема емес |
Бұл да сөз боп па?! Ештеңе етпейді. Қиын түгі де жоқ. |
Убивать время |
Уақытты өлтіру |
Уақытты зая кетірме. Уақытты босқа өткізбе. |
Көптік жалғауды орынды-орынсыз қолдана беру (сирек болса да кездеседі)
|
1) Оның төрт балалары / баласы бар. 2) Түрлі сезімдерді / сезімді бастан өткердім. 3) Шаштарыңды /Шашыңды жайма.
|
1) сан есімнен кейінгі зат есімге; 2)көбінесе дерексіз зат есімге көптік жалғау жалғанбайды. 3) тек жекеше түрде ғана қолданылатын сөздер бар: нан –нандар, көз-көздер |
Мен, менің деген сөздердің жиі қолданылуы. (Ағылшын тілінің әсері екені айдан анық.) |
Мен отбасыммен қала сыртында тұрамын. Менің үйімде / Біздің үйде бақ бар.
|
Қазақтың сөйлеу әдебінде мен, менің деп, барлық нәрсені меншіктеп айта беру онша құпталмайды. Сондықтан, реті келсе біз деп сөйлейді. |
Ал сіз қандай аудармашысыз? Оқу, жұмыс бабымен бір тілден екінші тілге тәржімалау кезінде қандай қиындықтарға тап боласыз? Тәжірибеңізбен бөлісе отырыңыз.