Күзгі ой (Біз тым көппіз)
блог
Сары ала күздің сарғайған жапырақтары айналаға аз да болса, өз көркін сыйлап әлек. Өңменіңнен өткен суық жел бойыңдағы бар уайымды ұышырып лып кетер ме деген үміт әлдеқашан өлген. Есесіне уілдеген жел - үрей үстіне үрей, мұң үстіне мұң қосудың шебері.
Мойындарын жылы орамалға тығып, бастары салбырап, бүрсең қаққан күйі әркім өз жұмысына асығуда. Таңғы суық, ызғар әркімнің өміріне әртүрлі өзгерістер енгізді. Бірі жылу тауып қуанса, енді бірі күннің жылуынан да, суығынан да бейхабар күйі әлі де тоңазып жүр.
Жылу тапқандар - ызғардан қорқып, біреудің құшағына бас ұрғандар. Арасында амалсыз солай еткендері де жоқ емес. Ал біреулерге ол өмірді тек жақсы жағына ауыстыруға жетпей тұрған соңғы тамшы болды. Қалай болғанда да, бұлар - бақытты жандар, себебі жылуды қабылдай білу де - бақыт.
Тоңазып жүргендер - жаздың жылуын да сезінбегендер. Әрқашан әдебір себеппен күн көзіне бетін тосып, шын қуануға өз-өзіне мұрсат бермегендер. Мұндайлардың бір жақсысы - олар суыққа төзімді. Себебі олар солай болу керек деп ойлайды. Олар өзгенің жылуын сезінуді білмейді. Өйткені күйіп көрген. Ең өкініштісі, біз тым көппіз...