Күзгі өлең

 

Ол кезде жаз еді...

 

Ол кезде жаз еді ғой...

Жаздың басы –

Құрғаған сәті көктем-көздің жасы,

Кешігіп келген құстың сонда, күнім,

Асығап қайтатынын сездің бе осы?

 

Ол кезде жаз еді ғой...

Маусым түні,

Тамылжып су сыңғыры, бау сыбдыры,

Екеумізге тұрғандай бақыт тілеп,

Сырдан соққан самалдың қаусырды үні.

 

Мойыныма асылып шуақ орай

Тұрғаныңды ұмытам, сірә, қалай?

Қиялымыз Ғарышқа сіңіп жатты,

Серттескен сәтімізге куә боп Ай.

 

Жағада бізден қалған тұл ендігі із,

Жоғалттық сүйсініскен реңді біз.

Білмеппіз, гүл-ғұмырлы Сезім екен,

Ол кезде жаз еді ғой,

Міне енді күз...

                           

Күзгі мұң...

Қолы бір босамаған кеш қалудан,

Өмірім құралған ба еске алудан?..

Сен қайтып оралмайсың шәһарыңнан,

Мен ұзап шыға алмаймын ескі ауылдан.

 

Жүректе емес,

Болған соң санаңда ерік,

Болашаққа бастайсың қадам берік.

Сені менен айнытқан әзәзіл ой,

Дәрменсіз хәл кешіп жүр маған келіп.

 

Жүректің қалауына берген тізгін,

Апыр-ай,

Қандай ғана көргенсізбін?!.

Көктемімде қадірлей алмай Гүлді,

Бөктерінде отырмын келген күздің...

 

Қу тірлікке ынтық боп жалықтырар

Сен кеттің,

(Жолыңды Алла жарық қылар!..)

Айтеуір, қалдырмады Музам жалғыз,

Түнде кеп тереземді қағып тұрар...

 

 



Бөлісу: