Күзгі дауыл
блог
Санамды сарсаңға салып, көңілім алабұртып барады... Тағы нені меңзеп тұр екен мына тағдыр маған? Бейкүнә болып кетсем бе деп едім өмірден. Өмірді бір ғана түзу жолмен жүріп өту мүмкін емес екен...
... Бүгін күн жексенбі. Күз бе, сағыныш па бойымда бір салқындық бар. Ешкімге ренжігем жоқ, ешкім маған да ұрысқан жоқ. Денем тым ауыр тартып бара жатқандай ма өзі қалай? Суық та тиген жоқ. Қолдарымның өзінен өзі дірілдей беретіні несі? Жүйкем сыр берген болар шамасы...
Сансыз ойлар сан-саққа жүгіріп кетті. Адамның қателеспейтіні жоқ. Күнаһар адам. Иә, бірақ менің күнәмді Алла кешпес... қисая кеткым келді, ұйықтап көз шырымын алсам ба екен? Ұйқыдан да маза жоқ. Не болды бұл маған. Нені ойлап, нені уайымдаймын? Бәрі аман-есен, бәрі орнында. Жетпей жатқан ештеңе де жоқ. Ақша да бар. Қарызым да жоқ.
Маған не жетпей жүр? Тіпті мынау әлемнен безіп кеткім келіп жүр, ешкімді көргім де келмейді. Басқа қалаға барып өмір сүргім келеді. Маған Астана ұнамай жүр-ау осы...
Дегбірсіз сұрақтың жауабын тапқандай болдым. Әлі де жүргім қобалжулы. Ауылға барып қатйсам ба екен әлде... Ауылда не бар бірақ? Сол баяғы жиын-терін, ас –той.
Сабырсыз күйде өзімнің қайда бара жатқанымды әрмен қарай елестіткім келмейді. Мен қайда бара жатыр едім... Бара бағытыма жалғыз баруға қорқатын сияқтымын. Жаныма бір сүйнеіш керек секілді. Бірақ ол сүйенішім ертең жарға итеріп кетсе ше... Өмірімнің орта жолына келгендегі көрер азабым сол ма еді. Ей, Алла өзің кешіре гөр!
Маған үйлену керек-ау осы? Адам қиналғанда , құлап бара жатқан оны жерден көтеріп алатын дос керек. Жерге қулағанда жаны ашып қарап тұрса ше? Менде дос дейтіндей дос бар ма өзі? Жоқ! Кесіп айттым! Неге жоқ? Бәрінің дүниесі түгел. Олар ішеді. Иә, мені де итермелеп жүр.
Мен таза дін жолына түскім келген негізі. Ол арманды да адал жолмен бастағым келіп жүр. Намазды бір бастаған соң тастамау керек дейді ғой. Жүрегім ауырады. Жүрекке маза бермейтін бодым-ау. Махаббат жағаласпаса өмір өмір ме? Мен осы кімге ғашықпын?
... Иә, айтпақшы мен ғашық болып қалған екенмін-ау. Сол бір қызбен бекер кездестім бе екен әлде, әлде ол менің тағдырыма орнағалы тұрған бақ шығар... Бақытым сол қыз болса мен оның барлық қателіктерін жалғыздықтан өзімді арашалап алу үшін кешірер едім... Бәлкім... бәлкім ол сайтан шығар... күзгі дауылды желпіп өткен сол қыздың жүзінен бір арай көргем. мен ауруға шалдықтым. Махаббат дертіне шалдықтым. Сағым қуған сағынышымның дерті осы. Сол дауылмен арпалысып көрсем қайтеді. Ұшсам бірге ұшып кетейін, қалсам қалармын. Тағы да жырақта, жалғыз. Жағада тұрып сол қыздың дидарын есіме алып тұрармын. Келер ол қыз да, қолын созар... Арманы бар шығар. Бір жігітті бақытты етуге жазған шығар... ал мен оны бақытты ете аламын ба? Сендегі дауыл мендегі дертті қуа алса, мендегі толқынмен ілесіп кетейікші бірге... Қайдасын, сары қыз?!...