КҮЗДІҢ БІР КҮНІ

КҮЗДІҢ БІР КҮНІ
жеке
блог

Бүгін күн суып кетті. Түнімен жаңбыр жауып, айнала бүлінді де қалды. Енді кеппей жатқан кір құсап ағаш та, шөп те, тіпті топырақ та дымқылданып тұр. Мұрныңа жаңбырдың емес, қыстың исі келеді. Суық иіс. Танауыңды ашытып жібергенде ауа екеш ауаны да абайлап жұтасың.

— Борандатып қайда барасың-әй? Келін үйден қуып жіберді ме?

Тосыннан шыққан ауылдас жеңешемнің даусы болатын.

— Таза ауа жұтып. Ызғарда да жүріп қалмасақ, ертең көктемде қайта аптап болады ғой.

— Жұрттардың қолы бос. Таза ауа жұтуға уақыты бар… — деп күңкілдеді жеңешем. Өміріне риза емес, сірә. Осы жеңгем ғой, «студент кезімде Саят Медеуовтың өзі маған сөз салған» деп мақтанады. Оған кім сенсін? Сенбесіңе қоймайды. Біресе онымен кафеде билеп жүріп танысқан боп шығады, біресе практикада танысқан боп шығады. «Тағы қай жерде таныстың?» деп мазақтаймыз. Сонда да қоймайды. «Әнші боп кететінін білмедім ғой» деп өзінше өкініп қояды. Енді жүрісі мынау, «жұрттардың таза ауа жұтуға уақыты бар» деп өміріне наразы боп…

Ертеректе бір уақиғаны естігенмін. Италияда болған. 19-ғасыр ғой шамасы. Гаспаро атты скрипкашы жігіттің бастан-кешкендері жайлы. Колизей маңындағы бақтардың бірінде скрипканы құйқылжытып тартып тұрғанда жанына бір қыз келіп, тапжылмай отырып алады.

— Есіміңіз кім? — дейді Гаспаро композициясын ойнатып болып.

— Камилла.

— Менің есімім Гаспаро, — дейді бұл.

— Алдамаңыз, — дейді қыз қуланып, — Гаспаро 17-ғасырда өліп кеткен…

Гаспаро күнде кешкілік Колизей саябағына келіп, осылай өз-өзін әуенмен жұбатады. Мұны күйзелістен скрипкадан шыққан құдіретті әуен ғана құтқара алады. Әйтпесе Гаспароны не мазаламайды, ауыр тұрмыс, проблемасы бітпейтін тіршілік, пәтер қожайыны Эдуардоның ауыр қабағы… Сол Эдуардоның салқын көзқарасының нысанасына ілінгісі келмей, ол ұйықтаған соң ғана пәтерге барады. Скрипканы пәтерде ойнату мүмкін емес. Қожайын аспаптың күл паршасын шығарады. Сол себепті де күнде осында келіп, қалағанынша ойнатып, шерін тарқатып, құмарын қандырып алады.

Әуен ойнатып жатқанда қаланың қолы бос тұрғындары келіп, айнала отырып алады. Баз біреулер желігіп билейді де. Гаспароның оларда шаруасы жоқ, өз өлемінің ішінде жүреді. Бұл әлемде не жоқ, махаббат та, іңкәрлік те, жақсылық та бар…

Камилла күнде келетін болды. Елдің алдымен келіп, елдің соңында қайтады. Күй шала беріп, Гаспаро да қалжырайды да, скрипкасын асынып, екі квартал қашықтықтағы пәтеріне аяңдайды.

— Есіміңіз неге Гаспаро? — дейді қыз.

— Марқұм әкем Гаспароны жақсы көретін. Менің атымды сол секілді өнерпаз болсын деген арманмен қойыпты.

Әкесі Гаспароның керемет скрипкашы болғанын көре алған жоқ.

Сол Гаспаро бір күні Камиллаға сөз салыпты деседі. Мұны шексіз сыйлайтындай көрінген Камилла бұл ұсыныстан шоршып түскен.

— Қойыңыз, болмайды.

— Неге?

— Бір қайыршы едім, енді екі қайыршы болайын ба?

Қыздың мына сөзі жігіттің жүрегін мұздатып жіберді.

— Мені қайыршы деп кім айтты?

— Өзіңіз. Әке-шешем жоқ, пәтерде тұрамын дедіңіз ғой.

— Ол қайыршылыққа жата ма екен? Мен ешкімнен қайыр тілемедім ғой.

— Саябаққа келіп күнде скрипка ойнатасыз. Бәлкім жұрт ақша тастап кетер деген оймен күнде сөйтесін шығарсыз?

Жігіт түңіле бастады.

— Әзілдеп тұрсыз ба?

— Шыным. Маған тұрмысы жақсы жігіт керек. Талантыңызды ғана сыйлаймын, бірақ сізде сол таланттан басқа дым жоқ.

Жігіт мүлде тосылды. Қорланғаны сонша, бетінің қаны сыртқа теуіп, түтігіп шыға келді. Фарнезиан сыртындағы әлсіз шамдар жігіттің бұл келбетін қызға көрсетпеді.

Жігіт скрипкасын жинады да, қызбен қоштаспастан ол жерден кете барды. Әншейін де тартымды көрінетін Колизей ғимараты да бүгін ерекше сұстанып тұр еді.

Содан кейін саябақта скрипка тартып отыратын жас жігітті ешкім көрген жоқ.

Арада жылдар өткен соң Гаспаро Ұрымның ең танымал орындаушысына айналады. Ана қыздың кейінгі тағдырын ешкім де білмейді.

*  *  *

Қақпасының сыртындағы төгіліп жатқан сары жапырақтарды сыпырып жатқан бағанағы жеңешемнің жанынан ұзай бердім. Бір кезде бұл да Алматыда студент боп шалқып жүрді, бірақ ол кезде ешқашан асфальті жоқ көшеде өмір сүремін, жапырақтарды осылай сыпырамын деп ойламаған шығар.

Ана сары жапырақтар да бір кезде жайнап, мына көшенің көркі болып еді-ау. Енді мынау, отынға да жарамайды…

Ал менің ертеңім не болар екен…