Күз... Мен...

   "Уақыт - керуен... Ешкімнің дегеніне бағынбай, өз міндетін қалтқысыз атқарып жатыр. Жаз бітіп, күздің орныққанына да алтыншы күн. Үш ай бойы тұрақтаған мекенін қимайтындай - жаз әлі асығар емес. Күз "Келдім" деп нышан бергенде, өмірдің кішкентай сынақтарына төтеп бере алмайтын әлсіз жандардай кейбір ағаш жапырақтары сарғайып, жерге құлағаны болмаса, табиғат әлі жасыл желегін тастаған жоқ. Күз күшіне мінбей тұрып сарқып қалайын дегендей, күн де жылуын аямай төгуде."

   Екі ай бұрын осылай жазыппын. Содан бері көп өзгерістер орын алды. Табиғат жасыл желегін шешіп, сары жейдесін кигеніне де біраз болды. "Сары алтын" жауып жүр... Екі ай - тым аз сияқты болып көрінеді. Ал бірақ сол аз ғана уақыттың ішінде өзіміз ойлап та үлгермейтін дүниелер болып жатады екен... 

   Күздің - менің мезгілімнің соңғы айы... Қалай асыға күтсем, солай қимайтын сияқтымын... 

   Күз - отбасындағы бауырларының үлкені, сезімтал да сабырлы, ақылды да парасатты, өлең-жырға ғашық, әдебиетті сүйетін, керек кезінде қатал да бола білетін, өте мейірімді әпкенің бейнесінде көрінеді маған. Алтыннан құйылған өн бойына - мұңды да, сағынышты да, қуаныш пен шабытты да, ерекше мейірімі мен қаталдығын да сыйғыза біліпті. 

   Осы бір қоңыр күзді ерекшелеу жақсы көремін. Мүмкін бұл - менің күз мезгілінде дүниеге келіп, оның өз баласындай болғандығымнан шығар. Мүмкін күз секілді менің де жаным өлең-жырға, мұңға ғашықтығынан шығар. Мүмкін бұл - сонау алыста қалып қойған періште сәби шағыма деген сағыныштан шығар... Тек білетінім, Күз - мені жатсынбайды...



Бөлісу: