Сағымдарға сылқиған сары ала күз,
Сарала күз – салқындау санадағы із.
Жаз ыстық болды деп пе ек
Не деп едік?
Пейілсіз манада біз.
Көз мынау үйренсін бе көктем көрген,
Саз аңқып тұрған шақ ол көк пен жерден.
Қария күз өте алмай жағада тұр,
Жаз тасытып жөнелген өткелдерден.
Мамық кеші, сол мезгіл мамық таңы,
Ғайып болды-ау мына аспан шаңытқалы.
Қандай жаман жас жігіт күрсінгені,
Қандай жаман жас ару жабыққаны.
Қайың ілген кірпікке таңда тұман,
Жүрсем бе екен ен дала самғатып ән.
Сен мені жақсы көрдің мына өмірден,
Мен сені жақсы көрем Алматыдан.
Жұлдызға қой дейін бе аққан ана,
Қашан енді кенелмек баққа дала?
Бұл Алматы төсіне көктем келер,
Сен Жайықтан оралған шақта ғана.