Алтайдан Атырауға дейін созылған кең даламызда жылдың төрт мезгілі де бар. Бұл еліміздің бір ерекше тұсы дер едім.
Алматының төрт мезгілін тіпті ерекше деп атай аламын. Жазы аптаған ыстық, қысы үскірік аяз, көктемі шуақты, күзі нөсерлі де тұманды әрі күрең.
Түсі суық, сұр бұлтты, нөсерлі күндер келді. Алқызыл, сары жапырақтар айналаны әсемдеп, жерге жұмсақ сары кілем төселгендей. Адамзат бұны «алтын күз» дейді.
Нағыз тіршіліктің жандана бастаған уақыты – осы күзде. Қыбырлаған жәндік, жер бетіндегі барлық тіршілік атаулының қыстың қамымен қарбаласуы, көкте жылы жаққа топ-топ ұшқан құстар да күздің исін білдіріп тұр.
Табиғатына сай күз мезгілі өнім беруші, берекелі, түсімді арттыратын молшылық уақыты. Астролог ғалымдар да күз айында отбасы құрушылардың көп балалы, табысты отбасы болатынын нақтылап отыр. Ғалымдардың айтуынша, күз айларында егіздердің де дүниеге көп келеді екен. Қазақтың белгілі тұлғалары Оралхан Бөкей, Фариза Оңғарсынова, Мұхтар Әуезовтер осы күз айында дүниеге келген екен.
Биылғы күз, расымен де, ерекше... бұрын бұл уақытта күн шуағын шашыратып, жылулық атаулы бізден кеткісі келмейтіндей шақ болатын.
Қаталдаумын, кей кездері суықпын,
Мен өйткені қоңыр күзле туыппын.
Кей кездері шабытыма ән қосып,
Қоңыр күзде жан сарайын жылыттым.
(Фариза Оңғарсынова)
Демек, күз шығармашылық адамдарының шабытына шабыт қосатын жыл мезгілі.
Бұдан бөлек күз мезгілі мектеп оқушылары мен студенттердің де оқуға деген қызығушылығын арттырар мезгіл.
Тағы бір күздің ерекшелігі қыста да, жазда да, көктемде де болмайтын құбылыс бар. Ол – «Сүмбіле» жұлдызының жануы. Қазақ халқы ерте кездерден-ақ аспан әлемі туралы білімін қалыптастыра білген. «Сүмбіле туа су суыр» деген сөз туындаған екен. Бұл уақытта өзен-көлдің суы салқындай бастайтын көрінеді.
Қысқасын айтқанда, күз мезгілінің берері көп. Бұл кезеңде біз еңбекқорлыққа, берекелікке, бауырмалдыққа үйренеміз.
Юрий Нагибин өзінің «Күнделік» атты туындысында: «Қазан айы керемет, тіпті жылдың ең керемет айы, мамырдан да кермет. Мамыр бізге тым көп үміт пен еш орындалмайтын уәде береді. Ал қазан ештеңеге сөз бермейді. Ол тек өзіне тұйықталған. Ал артынша, көлеңке, суық, дымқыл, ақ қар, ұзақ түн келеді» екен.