Күз...

Күз...
жеке
блог

Алаңсыз отырған мен оның жақындағанын сездім. Бұрылып қараймын дегенше қасыма отыра кетті. Саудырлап жатқан сары жапырақты қолына алып ұзақ үнсіз отырды да:
- Сенің сүйікті мезгілің, - деді.
- Иә. Әсте күз көңілсіз емес қой, - дедім оған үңіліп.
- Білмеймін...
- Неге жабырқаусың? 
- Сенен шаршадым. Қашанға дейін бұйығы өмір сүрмекпін. Менің бұл дүниеде бар екенімнен тіпті күллі адамзат беймәлім ғой.
- Неге? Сені мен білемін, - дей беріп едім, сөзімді аяқтатпады.
- Иә, сен. Сен бірақ маған өмір сүруге мүмкіндік бермейсің. Білесің бе, өмір сүргім келеді, өмір сүргім келеді! – оның соңғы сөздері шамадан тыс қатты естілді.
- Сүре бер! Алайда мен сенің сұрықсыз өміріңді сүргім келмейді. Маған өз әлемім қызық, - өз дауысымның тым бәсең шыққанын ұқтым.
- Әлі де жасанды әлеміңде жүре бермекпісің, жалықпадың ба? – оны одан артық тыңдағым келмей орнымнан тұра жүгірдім. Ол қуа жөнелген жоқ, сол бәз-баяғы қалпында отыра берді. Мен әлі жүгіріп келем. Өз-өзімнен, иә, өзімнен қашып келем.