Күйші - Жайлау Асылхановпен сұхбат

Ол танымал, өнерлі бола тұра байлықты мұрат еткен емес. Ол күйші ғана емес, қазақы мәдениеттің ең озық үлгілерін бойына сіңірген адам. Ол сыпайы, ішкі мәдениеті өте жоғары азамат.Ол - күйші Жайлау Асылханов.

Жайлау аға, домбырамен бала кезден доссыз ба? 

Мектепте бесінші сыныпта оқып жүргенде ауылға Бейбіт Қалышева мұғалім болып келді. Туған жерім Байғаниннің Оймауыт совхозы. Бізде ол кезде, 1975 жылдары музыка мамандары болған жоқ. Бейбіт ұстаз келген соң домбырадан үйірме ашылды. Бір айда бір күй үйрендік. Содан бері домбыра – менің серігім. Сол кезден бастап домбыраны ешқашан жанымнан тастаған емеспін. Кейін Мәскеу қаласына әскерге барғанымда да арнайы алдыртып, домбыра тартып жүрдім. Мәскеуден шығатын “Красная звезда” әскери газеті мен туралы “Сын казахского народа” атты мақала жариялады. Әңгіме музыкалық білімде емес. Ата-бабада болған талант қан арқылы міндетті түрде беріледі екен. Атам Мәңке күй тартқан. Би болған. Бізге тек бір күйі жетті. Қалыңдығын күймен алған деген аңыз бар. Қазанғаппен замандас болған.

Атаңыз күй тартып, қалыңсыз қыз алғанынан-ақ күй өнерінің сол кездегі қадірі жоғары болғанын аңғаруға болады, иә? 

Ол уақта жалғыз күй өнері емес, қазақтың бүкіл өнері бағаланған уақыт қой. Өнерліге халықтың өзі қамқор болған. Ал күй өнерінің қазіргі бағасын, мына біз айтпаймыз. Бізден кейінгі ұрпақ береді. Менің ұғуымша, сол заманда аталарымыздың өнері мықты биік тұрды. Мен ол кісілерді әрдайым үлгі тұтамын. Олардан асқан ешкім жоқ. Он жерден оқысақ та, олардың деңгейіне жартылай да жете алмай келеміз. 

Балаңызға Құрманғазы деп ат қойыпсыз. Қазақтың маңдайына біткен көп күйшінің ішінен дәл осы Құрманғазы есімін неліктен таңдадыңыз? 

Балам Құрманғазы 1994 жылы туды. Сол жылы теңгеге Құрманғазы атамыздың бейнесі шықты. Соған мен қатты қуандым. Тап сол жылы Атырау қаласында өткен күйшінің 170 жылдық мерейтойына әкімшіліктен 4 адам болып бардық. Туған елінде болдым. Сол кісінің құрметіне ұлыма Құрманғазы есімін қойдым. Шешем марқұм да домбыра шертетін. Мектепте биология мен химиядан сабақ берді. Менің домбыра тартқанымды жақсы көретін еді. Маған бір бөлме беріп, басқа балаларынан бөлек жағдай жасады. Мен үйренгеннен кейін барып, басқа бауырларым да осы жолға түсті. Анамыздың үміті ақталғандай болды. Анам бесінші сыныпта оқып жүргенде туған күніме Ахмет Жұбановтың кітабын алып берді. “Жайлаубай, сен Құрманғазыдай күйші, Ахметтей дарынды бол! Халқыңа қызмет ет!” деген жазуы бар. Домбыраға жан-дүниеммен беріліп, баламның атын Құрманғазы деп қоюыма осының бәрі әсер етті. 

Қазір немен айналысып жүрсіз? 

Қазір Қазанғаптың күйлерін зерттеп жүрмін. Бұрынғы ақсақалдардан дәстүрлі жолмен Қазанғаптың көптеген күйін әкелдім. Мен домбырашылыққа үлкендердің батасымен келдім. Бұрынғы әдет үлкен кісілерден бата алу керек дейді. Сол батаны алған кезде ғана домбырашы болады деген ұғым бар. Мен сол көнеден жеткен дәстүрлі өнерді жалғастырып жүрмін. Көп адам білмейтін, әлі ести қоймаған күйлерді орындаймын. 
Күй шығаратын да өнеріңіз бар екен. Қанша күйіңіз бар? 

Ептеп шығарамын. Бір-екі күйім бар. Күй шығардым деп жарнама жасамаймын. Өйткені, ол өзім үшін шығарған күйлер. Бәлен жыл оқып, домбыра тартатын адам күй шығарады дегенге мен өзім таңданбас едім. Әрине, күй шығару оңай емес. Домбыра шерткеннің бәрі домбырашы емес. Нағыз домбырашы тарих пен әдебиетті білуі керек. Ол психолог болуы керек. Үлкен ұстаздардан сабақ алдым. Сол кісілердің соңында әлі жүрмін. Шалқарда жасы 85-тен асқан Жұмабай Жансүгіров есімде ұстазым бар. 14 жылдан бері сол кісінің соңынан еріп келемін. Бұрынғы ұстаздарым өмірден өтіп кеткеннен кейін, үлкен адамдарға үйреніп қалғаннан шығар, Жұмабай Жансүгіровті іздеп жүріп танысқанмын. Себебі, мен әлі жете алмаған білімдер көп. Домбырашы өмірбақи ізденеді. Күнде дайындалмасам, болмайды. Себебі, ертең халықтың алдына шыққанда сені ешкім тыңдамай қалуы мүмкін. Қазір кем дегенде 3 сағат, жас кезде 5 сағат отырып дайындалдық. Домбырашылық – көп еңбекпен келетін өнер. 

Соңғы жылдары жастардың бастамасымен, үлкендердің қолдауымен әр бейсенбіде “Домбыра пати” ұйымдастырылып жүр ғой. Ән мен күйді саябақтарда шырқайды. Күйші ретінде сіз осы шараға қалай қарайсыз? 

Жастардың идеясына қарсы емеспін. Бірақ, меніңше, күй дейтін көшеде немесе саябақта отыра қалып , тарта салатын нәрсе емес. Бұл шара менің ұғымыммен жанаспайды. Күйді мен тұра қалып тартпас едім. Себебі олай тарта алмаймын. Күйшілік – суырып салатын ақындық емес. Бір күйді тарту үшін маған дайындалу керек. Дәулеткерей атамыз домбыраны күн шықты деп тарта салмайды екен. Күннің қайтқанын күтетін көрінеді. Үйдің ішінде қоңыр салқын жел болған кезде ғана домбырасын қолға алады екен. Ал оған дейін халық күтіп отырады. Күй – бекзат өнер. Кез келген жерде отыра қалып ойнай беретін гитара емес. Домбыраны, меніңше үлкен сахнада немесе үйде орындаған дұрыс. 

Күй орындаушыларының табысы қандай?

Мен мұғалім – күйшімін. Мұғалімнің табысын білесіздер. Бірақ, нағыз домбырашы оны табыс көзіне айналдыра алмайды. Өнеріңді сыйлап шақырса, тойға неге бармасқа?! Ол да керек. Халық қай жерде болса, өнер сол жерде насихатталуы керек. Мен барған жерімде өнерімді саудаламаймын. Ақша жөнінде әңгіме де қозғамаймын. Себебі, маған өнер қымбат. Өнер үшін ат мінгізсе де, көлік сыйлап жіберсе де жарасады. 

Өнер адамы жайлы әңгіме қозғалғанда, оның атақ-даңқы қоса айтылады. Сіздің еңбегіңіз қалай еленіп жатыр? Ризасыз ба?

Еңбек еттім, жұмыс жасадым. Басшылар онымды бағалады. 2000 жылы алғаш болып “Ерен еңбегі үшін” деген мемлекеттік марапат берілді. Білім беру ісінің құрметті азаматымын. Еңбек ешқашан зая кетпейді. Мен атақ немесе медаль сұрап ешкімнің алдына барып көрген жоқпын. Бір жолы “Мәдениет саласының үздігі” деген атақ берілді. Бұрын қайраткер дегенде Сәкен Сейфуллин сынды Алаш арыстары көз алдымызға келетін еді. Қайреткер атағын алу үшін көп еңбек ету керек. Әр нәрсе өз орнымен уақытында болады. Бұйырған қашпас. 

Ақшаға қаншалықты тәуелдісіз?

Адамға басында үйі, жұмысы болса, одан артық не керек болуы мүмкін? Мен байлыққа қызықпаймын. Өнерге ғашықпын. Байлық болып жатса, оны қажетсінемін. Қалтам қызыл ақшаға толса, оған “кет әрі”емеспін. Бірақ, менің мақсатым ол емес. Таңертең денім сау оянып, қызметімді жалғастырсам, мен үшін одан асқан байлық та, абырой жоқ. 

Балаңыз Құрманғазы да күй тартады екен. Жолдасыңыз әнші. Отбасылық концерт беріп тұрасыз ба? 

Иә, онсыз бола ма?! Өнерлі отбасым бола тұра, оларды сахнадан қалай жырақ қалдырамын? Үнемі сахнаға өзі ғана шығып, қара бастың қамын күйттейтін адам мен емеспін. 2012 жылы отбасымызбен бірге концерт бердік. Өзім жеке концертімді алғаш рет 1994 жылы қойдым. Ол жылдары екінің бірі жүрегі дауалап жеке концерт бере алмайтын. Өз замандастарымның арасында алғаш концерт берген мен екенмін. Көбі “Өнерден пайда таппаймыз” деп базар жағалап кетті. Нанды әрең тауып жүріп, жеке концерт беру адамның өнерге қаншалықты берілгендігін көрсетеді. Сол уақыттан өнерді ұстап келе жатырмын. Мақтанғаным емес, шындық солай. Қазір концерт қойып жүргендер соны ескерсе екен. Мен үлгі алған әртістер болды. Ерсайын Елубаев, Ұлбосын Матанова, Сұлтанғали Дәрібаевтардың көзін көрдім. Қазір қарап тұрсам, өмірім үлкендерден үйреніп, солардан бата алумен өткен екен. Мен кейде өзімді бұрынғы мен қазіргіні жалғастырып тұрған көпірдей сезінемін. Маған кейбіреулер “Отсталыйсың! 19 ғасырдың адамысың!” деп жатады. Мейлі! Есесіне менің өмірім мен өнерімде гармония яғни, үйлесім бар. 

Арманыңыз қандай? 

Арман көп. Халқымыз жаһандану заманында өз қалпынан айрылып қалмай, ұлттық болмысын сақтап қалса екен. Балаларымның қызығын көрсем. Төрт құбылам тең болып, жоқ дүниемді адамнан емес, тек Құдайдан сұрайтын халім болса, тілегім сол. Құдайдан тілейтінім - өнердің шыңына шықсам деймін. Халық аман болсын! Олар – менің тыңдаушым



Бөлісу: