Қуыршақ

Бәріміз де бала болғанбыз. Әртүрлі ойыншықтармен де ойнадық. Ұлдар асық, машина, құрастырмақ, ал, қыздар кішкене ыдыс-аяқтар, әртүрлі қуыршақтармен, тағысын тағы қолына іліккенмен ойнады. Тіпті қасықтар, ыдыстардың қақпақтары, ойыншық деуге келмейтін, миға сыймайтын заттарды ойыншық етіп алатынбыз, қазір де солай. Иә, бұл туралы айтылған, айтыла да береді. Мен де сөз етейін.

Мен де бала болдым. Бірақ өзіммен жасты қыздар сияқты қуыршақ, тағысын тағы ойыншықтармен ойнамадым. Мен көрші үйдің балаларымен асық, футбол ойнап, атқа мініп өстім. Сенсеңіз, тоғызыншы сыныпқа дейін "пістәлөтке" ұқсайтын ағаштарды немесе қатты зат тауып алып, сонымен "тай-тай", яғни, атыспақ ойнап өстім. Алты не жетінші сыныптар шамасында қыздар ермек қылатын қуыршақпен ойнағым келіп, "шабытым" ашылды. Содан ары кетсе, бірнеше ай соны ермек қылдым. Сондағым мынау. Анамның құрағынан қалған қиындылардан кішкентай ғана барби қуыршағына киімдер тігу. Алғашында бас киім мен шарф тоқып бердім. Сосын бір күні құрақ қиындыларының бірін алып, анамның "тиіспе, бір жеріңді іліп аларсың, инесін сындарсың, бүлдіресің" дегеніне қарамастан, анам сыртқа шыққанда қол машинасына қол салдым. Құрақтан қалған қиындының бір жақ шетін қол машинаға "зыр" еткізіп алдым. Керемет, ешкімде жоқ көйлек тігіп бердім қуыршағыма! Сондағы "зыр еткізгенім" екі елі матаның бір жақ шетін машинаға жүргізіп алдым. Нәтижесінде бас-аяғы белгісіз, түбі тесік қап секілді екі елі бірдеңе шықты. Енді барбиіме сыйлығымды беруге асығып, желпілдеп барбиімді қолға алсам... болмады. Сыймады! "Асыққан сайтан ісі" немесе "рұқсатсыз тиіспе, анаңның айтқанын тыңда"... Әлгі көйлегім тіпті маңына да жуымады. Тап-тар! Осымен "қуыршақпен достасу" талпынысым су сепкендей басылды.

Бүгінгі айтпағым мынау. Ағамның екі қызы бар мектепке әлі бармаған. Өткенде солар "Мақпал тәте, басын, қолын салып беріңізші" деп, бірдеңе алып келді. Қарасам, қуыршақ! Қандай қуыршақ дейсіз ғой! Көре сала, түрін көріп: "мынадан қорықпайсыңдар ма? түстеріңе кірмей ме?" - деппін ғой. Түрі тегі қорқынышты. Мультфильм кейіпкері ме, басқа білмедім. Сөйтіп, бас-аяғын салып беріп, олар мәз, ойнауға кетті. Ал, мен біртүрлі болып қалдым. Телебағдарламалардың бірінде кішкентайлар ойнайтын қуыршақтарына, ойыншық кейіпкерлеріне еліктейді деп, сол турасында пікірталастырған еді. Егер рас еліктейтін болса, жаңағы қуыршақтарға еліктеген ұрпақ ертең кім боларын білмеймін...

Төменде интернеттен "кеңес заманындағы қуыршақтар" деп іздеп, бірнешеуін салдым... Бұлар анағұрлым сүйкімді сияқты, меніңше...

Ал, ендіңгі кезекте қазіргі кездегі барбилердің кейпі... Маған ұнамайды!  Түк те!

Енді көретіндеріңіз сіңлілерімнің мені шошытқан қуыршақтары...

Байқасаңыз, мына соңғы тек басы келтірілген қуыршақтың көздері қисық және кірпіктері шаш секілді шынайы. Ал, тісі ақсиған, жасыл түстісі туралы сөз етудің қажеті жоқ шамасы... Бұлар тек қыздардың ойыншықтары, ұлдардың да осы тектес "ұсқынсыздары" жетіп артыларына сенімдімін.

Білмеймін, Аллах нәсіп етіп, менің балаларым болған заманда қандай ойыншық түрлері пайда болатынын... Алайда, қазіргі ойыншықтардан шоши бастадым. Ішінде іліп аларлары ғана бар, шыны керек. Олардың зиянды химиялық қоспалардан әзірленетіні туралы да сөз етілген, әлі де айтылады... Айта берсең, жағың талмас тақырып бұл...

Осыған дейін айтылғаннан асырып ештеңе айтқым келіп тұрған жоқ. Тек сол кезде алған әсеріммен бөліскім келгені...

Н.ғ. Қалаға келген ауылдың әжесі зулаған көліктер мен қарбаласқан, бір жаққа асыққан адамдарды көріп: "Мен ғой Ңәңөштің (өзім жаза салдым) үйіне бара жатырмын, ал мыналар қайда бара жатыр и?"-депті дегендей... расында, көш қайда бара жатыр и...



Бөлісу: