Қуыр, қуыр, қуырмаш

Қуыр, қуыр, қуырмаш
жеке
блог

Қуыр, қуыр қуырмаш,

Балапанға бидай шаш.

Бас бармақ,

Балан үйрек,

Ортан терек,

Шылдыр шүмек,

Кішкентай бөбек...осылай басталатын санамақ бәріміздің есімізде шығар. «Мына жерде  май бар, мына жерде шай бар....мына жерде қытық бар» деп сәбиді күлдіреді. Бір жасқа толатын баламды осылай күлдіріп отырып, бабаларымыздың бұл санамақты бекер шығармағанын түсіндім. Сөйтсем, бұл тұнып тұрған тәрбие екен ғой. Ең әуелі, денсаулыққа пайдалы. Адамның саусақтарында және алақанында ішкі ағзалардың нүктелері орналасқанын білеміз. Саусағымызбен сәби алақанына жеңіл массаж жасап, саусақтарын кезекпен бүгіп-ашып жаттықтырамыз. Тек, жаттықтырып қана қоймай, оған саусақ атауларын, төрт түлікті, күнделікті өмірде қолданылатын тағам, зат атауларын құлағына сіңіріп, ең соңында мәз қылып күлдіреміз. Бала негізі ойнап отырып үйренсе, есінде жақсы сақталады. Әрине, бұл менің ашқан бір жаңалығым емес. Бәріміз де білетін нәрсе. Тек, соны ұтымды пайдалана білейік. Ал мынау сіздерге ұсынған жаңа «Қуырмаштар».

Қуыр, қуыр, қуырмаш,

Қане, балам, көңіл аш.

Бас бармағың атаң,

Құрметте оны, ботам.

Балан үйрек апаң,

Еркелегін, ботам.

Ортан терек әкең,

Әкеңдей бол бекем.

Шылдыр шүмек анаң,

Сыйла оны, балам.

Кішкентай бөбек өзің,

Қуанатын көзім.

Мына жерде атасы бар,

Мына жерде апасы бар,

Мына жерде әкесі бар,

Мына жерде анасы бар,

Мына жерде өзі бар,

Мына жерде күлкінің көзі бар.

***

Қуыр, қуыр, қуырмаш,

Дастарханда дәмді ас.

Бас бармағың су екен,

Суы бар жер ну екен.

Балан үйрек нан екен,

Дастарханның сәні екен.

Ортан терек сүт екен,

Сүт бар жерде құт мекен.

Шылдыр шүмек ет екен

Пайдасы оның көп екен.

Кішкене бөбек бал екен,

Балдай тәтті бала екен.

Мына жерде су бар,

Мына жерде нан бар,

Мына жерде сүт бар,

Мына жерде ет бар,

Мына жерде бал бар,

Мына жерде күлетін ән бар.

Балапандарымыз аман болсын!