Күйеужігіт пен қалыңдық тексерілгені жөн бе?

Күйеужігіт пен қалыңдық тексерілгені жөн бе?
жеке
блог

Жуық арада елімізде отбасы құрғалы жүрген азаматтарға заңды некеге отыру алдында АҚТҚ (ВИЧ)–статусын анықтау жүргізіледі деген ақпарат тарады. Бізге дейін өзге елдерде тәжірибе жүзінде іске асып жатқан бағдарламаны қазақы жастар қалай қабылдар екен? 

Дәл осы ақпаратты жария еткен Алматы қалалық ЖҚТБ (СПИД) орталығының меңгерушісі Мария Плотникова оған қоса статистикалық мәліметтерді де келтірген-ді. Республикалық ЖҚТБ-мен күресу орталығының мәліметі бойынша, Қазақстанда 2013 жылдың 1 қыркүйегіне дейін 21 221 адам АҚТҚ-инфекциясын жұқтырған. Сонымен қатар, соңғы жылдары АҚТҚ-инфекцияның жыныстық жолмен жұғуы айтарлықтай көбейген. Оның ішінде әйелдер мен жүкті әйелдер инфекцияны таратушылар есебінде. Осылайша, қауіпті инфекцияның жыныстық жолмен берілуі 60%-ға көбейген.   

Көршілес Өзбекстан және Ресей елдерінде осындай заң қашаннан бері қызу тақырыпқа айналған. Алысқа кетпей, өзбек елінің не себепті бұл мәселені көтергендігін зерделесек. Әйелдің өздері осы бастаманы көтеріп, ер адамдардың неке алдында АҚТҚ/ЖҚТБ-ға тексерілуін қолдаған. Олардың осындай қадамға баруының астарында нендей себеп бар? Өзбек қыздары мұсылмандық тәрбиеде некеге дейін ермен қатынасқа түспеген, ал керісінше, еркектеріне ешқандай да тыйым жоқ. Сондықтан, соңғы 3-4 жылдың ішінде қызу талқыға түскен мәселе әлі де шешімін таппай отыр. Дегенмен, өз еркімен тексерілуге келетін азаматтар да аз емес көрінеді. Көптен бері Бұхар облысының ЖҚТБ мәселесімен айналысып жүрген есімі белгісіз журналисттің «Ферғанаға» берген сұқбатында мынадай жайттарды атап өткен. Тексеріс нәтижесі теріс шыққан жағдайда жұптардың өзі тойдан бас тартады. АХАЖ бөлімі бұндай статустағы жұптарды некеге отырғызудан бас тартпайды, тек қана жастарға қауіптің барын түсіндіреді. Бұхар облысында 17 жұптың бірінің бойынан ЖҚТБ-ның табылғандығынан некеге отырудан түбегейлі бас тартқан деседі.

Ал, Ресейдегі жағдай былай. Парламентте талқыланған бұл мәселені еңбегі сіңген дәрігер Татьяна Яковлева көтерген. Статистикасына қарасақ, адам шошырлықтай. 2011 жылдың ішінде 62 мың АҚТҚ-ның жаңа түрі анықталған, ол 2010 жылға қарағанда 5%-ға жоғарылаған. Ауру көрсеткіші 100 мың адамдық елді мекеннің 43,4-ін құрайды. АҚТҚ-инфекциясын жұқтырғандардың 42,1%-ын 30-40 жастағы азаматтарды құраған. «РИА Новостидің» хабарлауынша,  Ингушетияда бұл мәселені қолдап, жұптардың АҚТҚ-инфекциясына тексерілуді міндетті шарттың біріне айналдырмақ. Олар Шешенстанда қабылданып қойылған бағдарлама 2011 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқандығын алға тартып, тексерілу нәтижесінде 26 жас жұп АҚТҚ-инфекциясын жұқтырғандығы анықталуын заңның көрсеткіші деп есептейтіндіктерін айтып өткен.

ҚР Конституциясының ІІ бөлімі, 12 бабының 2-5 тармақтарында көрсетілгендей, «адам құқықтары мен бостандықтары әркімге тумысынан жазылған, олар абсолютті деп танылады, олардан ешкім айыра алмайды. Және адамның және азаматтың өз құқықтары мен бостандықтарын жүзеге асыруы басқа адамдардың құқықтары мен бостандықтарын бұзбауға, конституциялық құрылыс пен қоғамдық имандылыққа нұқсан келтірмеуге тиіс» делінген. Сонымен қатар, 18-бабтың 1 тармағында «әркімнің жеке өміріне қол сұғылмауына, өзінің және отбасының құпиясы болуына, ар-намысы мен абыройлы атының қорғалуына құқығы бар» деген сөздер тағы бар. Сонда, елімізде осындай заң расымен қабылданар болса, адам құқығына қол сұғушылық емес пе?

Бұл ақпараттың дұрыс-бұрыстығын тексеру үшін арнайы Республикалық ЖҚТБ-мен күресу орталығының бас дәрігері Талғат Әнуарбекұлына жолыққан едік. Оның айтуынша, бұл мәселе тек өзара ЖҚТБ орталықтарының жетекшілерімен жиында талқыланған тақырып болып шықты.  «Республикадағы 24 орталықтың жетекшілері осы бір тақырып көтерілгенде көпшілігі қарсылық білдірді. Енді, бұл тақырып қайтып қаралмайтын болады. Ондай тексерілулер ерікті түрде болу қажет», – дейді.

Ал, қазіргі таңда шынымен той жасау үшін қаншама қаржы кететінін ескерсек, ЖҚТБ-ға тексерілуге кететін қаражат түк те емес шығар. Елімізде кез-келген жұп ЖҚТБ орталықтарынан ерікті түрде тексерістен өте алады. Нәтижесі 10-15 минут ішінде дайын болып, тексеріс өтушілердің аты-жөні құпия сақталады.

Бақыт Жігітбаева, психолог: «Жалпы психология бойынша, отау құрған жас отбасылардың міндетті түрде психологиялық сәйкестілігі болу керек. Бірақ, белгілі бір психологқа барып, сәйкес немесе сәйкес еместігін анықтаған адам кем де кем. Қазіргі кезде кейбір жастар Еуропадан алған үлгілерімен кей кезде психологиялық кеңестен өтіп жататыны бар. Бірақ, бізде толық психологқа бару мәдениеті, жас отбасы ретінде моральдық-психологиялық дайындықтарын тексеру әлі қалыптасып үлгермеген.

Қазіргі заманда ажырасу мәселесінің көптігіне байланысты міндетті түрде психологиялық сәйкестілікке тексерілу керек дегенді айтар едім. Психологиялық сәйкестілік дегеніміз – адамның  бір-біріне деген мінез үйлесімділігі. Олардың ішкі құндылықтарының сәйкес келуі, енді бірінің мақсаттарының бір жерден шығуы, тоғысуы деген сияқты. Сонымен қатар, жұптардың бірі белсенді болса, екіншісі соған бағынышты болу қажет. Бір отбасында – әйел, енді бірінде еркек белсенді  болуы мүмкін. Ал, егер ондай үйлесімділік болмаса отбасы құрылмайды. Біреуі интраверт болса, екіншісі экстраверт болған отбасыларында үйлесімділік өте жақсы.

Ал, АҚТҚ-ға тексерілуге келсек, онда тұрған ештеңе жоқ. Егер, қос ғашық келісіп, тексеруден өтіп жатса, олардың болашаққа деген бір-біріне сенімділігін білдіреді. Рас, кейбір жастар оны дұрыс түсінбеуі мүмкін. «Сонда, сен маған сенбей тұрсың ба? Мен аурумын ба, әлде сен аурусың ба?» деген сияқты оларда кереғар түсініктер пайда болып, ол дау-дамайға әкеліп тірелуі мүмкін. Толық медициналық тексерілуден өту шет елдерде қолданылып жүрген тәжірибе ғой. Ал, бізге ол әлі де келе қойған жоқ».

Ондай болса, бәлкім, жас жұбайлардың психологиялық сәйкестігіне тексерілгендігі де дұрыс болар. Көтерілген мәселе туралы жастардың ойын білмек оймен сауалнама жүргізген едік. Нәтижесінде, көпшілігі дерлік бұл бағдарламаны құптайтындығын білдірді. Медициналық тексерілуге қызығушылық білдіріп отырғандардың дені қыздар жағы болса керек. Ал, Мариям есімді бес қыздың анасы өз қыздарын АҚТҚ-инфекциясы бар адамның қолына беріп, өмірін бұзғысы келмейтіндігін және бұл тексерістің дұрыс екендігін айтады. Жас жұбайлар Гүлнұр мен Жандос болса, болашақтарының жарқын болуы үшін медициналық тексерілуден өту артық етпейді деген пікірде. АҚТҚ/ЖҚТБ-ға тексерілуді қолдаған олар тұрмыс құрар алдында ешқандай да көзбояушылықтардың болмауын, бұл тексерістен кейін қыз бала өз денсаулығына және дүниеге сау ұрпақ әкелетіндігіне  сенімді болады дейді. Енді бір топ жігіттер «бұл тексеріс ерікті түрде жүзеге асса, өз денсаулығына сенімділер тексеріліп көреді ойланбастан. Сенімсіз болса, өздері қашқақтайды емес пе?» деген пікірлерімен бөлісті.

Жас жұбайлар жоғарыда көрсетілген статистикалық мәліметтерден кейін АҚТҚ/ЖҚТБ-ға өз еркімен тексерілетін жағдайға да жететін секілді. Дегенмен, қандай тексеріс болмасын, жұптардың бір-біріне адалдығы мен сенімі жоғалмағай.

Қосымша ақпарат

Сонымен қатар, жақында ғана орыс басылымдары АҚТҚ-ның жаңа түрі пайда болғандығын баяндап, дабыл қақты. Расында, Новосибирск ғалымдары имммунодефицит вирусының тез тарағыш жаңа нұсқасын тапқан көрінеді. Жалғыз Новосибирск облысының өзінде соңғы бес жылдықта инфекция жұқтырғандар санатындағылардың саны 7 есе жоғарылап,  15 000 адамды құрап отыр. Яғни, сол аймақтың 180 тұрғынына 1 науқастан келеді. Аталмыш вирус Қазақстан мен Қырғызстанға да тарап үлгергендігі туралы да хабар бар.    

Ш.Болатқызы