Адам ғұмырының таңғажайып кезеңі-кәмелеттік жасқа жетіп, сүйіспеншілік сезімі оянуы. Оның ақыры тұрмыс құруға деген табиғи талпынысқа әкеледі. Алайда: «қыз баланың жолы жіңішке...» Оның үстіне, кез келген бойжеткеннің болашақ жан серігін жазбай тануы-екінің біріне бұйыра бермейтін бақыт екені де рас.
Отбасылық өмір тәжірибесі ықылым замандардан бастап, күні бүгінге дейін өзі жалғасын табуда. «Заманына қарай - адамы» демекші, қазіргі өмір ағымына, тұрмыс тауқыметіне орай халқымыздың «күйеу келтіріп, қыз ұзатудағы» кейінгі ұрпаққа мұра ретінде қалдырған кейбір киелі қасиеттерінен қол үзіп барамыз. Ибалы келін, қылықты қыз және адамшылығы жоғары азаматтарымыздың қатары сиреп бара жатқан тәрізді.
Көненің көзі, қазақы салт-дәстүрдің тірі куәгері іспетті әрі тағдыр шөбере-шөпшегін, тіпті, туажатын көруге жазған данағой әжелеріміздің ұлағатты әңгімелеріне де сирек құлақ түретін болдық. Ал шындығына келгенде, олар Ана ретінде де өз қыз-келіншектерімен «әйелдік құпияларын» бөлісіп отырған. Дәлірек айтсақ, ата-ана өзінің ұлын қашанда өз іс-әрекетіне жауапкершілікпен қарауға, әйел затын сыйлауға, ал бойжете бастаған қыздарын ізетті келін, адал жар, абзал ана және күйеуінің де туған-туыстарына сыйлы, отбасының құтын келтіріп отыратын әйел болуға жастайынан баули бастаған.
Еркекті қалай өзіңе баурап алудың немесе күйеу таңдаудың көне құпиясы ғасырлар тізбегінен өтіп, әлі күнге дейін өзінің маңыздылығын жоғалтпай келеді.
1-тұжырым. Ер адамға ешқашанда бірінші болып өз сүйіспеншілігіңді сездіре көрме. Әрі қандай жағдайда, қай жерде болсын, бірінші боп танысудан бой тартқан жөн. Танысуға себеп-сылтау, жол іздеудің қажеті жоқ. «Бұл байғұс бірінші боп танысудан жүрексінетін шығар» деген ойдан аулақ бол. Мұның ақиқаттылығы мынада: егерде, ер адам сенімен танысуға өзі ұмтылыс танытпаса, онда оның саған онша көңілі тартпағаны...
2-тұжырым. Еркекке бірінші боп телефон шалма. Оны бірінші боп кездесуге шақырма. Бұл тек ер адамның жауапкершілігіндегі әрекет. Өйткені олар өздері ұйымдастырушы боп, саған ықылас танытып жатса, өздерін жақсы сезінетіндіктерін ұмытпа. Ер кісіні осы артықшылықтарынан айырма.
3-тұжырым. Егер еркек сені соңғы минуттарда ғана кездесуге шақырса, келісе кетпе. Мұндайда өзіңді сыйла. Соңы өкінішке ұрындыруы мүмкін, уақытыңды ая. Егер ол сені көруге соншалықты ынтық боп бара жатса-алдын ала ескертіп, бірер күн бұрын уақытын бөліп, келісіміңді алсын. Бірақ бос уақытың барлығына қарамастан, мұны оған сездірмеуге тырыс. Кез келген уақытта кездесуге әзір әйел әдетте еркектер үшін «запас вариант» рөлін атқаратын жайттары белгілі.
4-тұжырым. Оған алғашқы кездесулер кезінде бар сырыңды ақтарып салудан, өз мәселелерің және бұрынғы күйеуің немесе таныс жігіттер жайлы айтудан сақтан. Кездесу кезінде өзіңе сенімді, бақытты әрі құпиялау кейіптегі әйел боп көрінуге тиіссің. Бірақ тым аса құпиялық танытамын деп, оны «үркітіп» алма.
5-тұжырым. Телефондағы әңгімені, кездесуді бірінші боп доғарған дұрыс. Оның саған көбірек ынтыға түсуі қажет.
6-тұжырым. Еркектің ыңғайына жығыла берме. Мінез-құлқын өзгертемін деп босқа әуре болма. Кездесу деген тұрмысқа шығар алдында бір-біріңді жете тани түсу үшін ойлап табылған нәрсе. Егер әріптесіңнің басқа әйелге ұрлана көз тастауы жиілеп кетсе-онымен байсалды қарым-қатынасқа көшпестен бұрын он рет ойланып-толғануың қажет. Тұрақсыз еркек қанша жерден тартымды боп көрінгенімен, тәуір күйеу болып оңдырмайды.
7-тұжырым. Оған тұрмысқа шығу ниетіңді жасыра біл. Онымен бірге болу бақытқа бөлейтінін, бірақ тәуелсіз екеніңді сездірсең де жеткілікті. Себебі бойдақтар үшін күйеуге шығуға тым асығатын әйелден қорқынышты еш нәрсе жоқ.
8-тұжырым. Үйлі-баранды еркекпен ешқашанда кездесе көрме. Ол өз әйелі мен отбасылық өмірі туралы не айтса да, бәрібір, ақиқаты мынау: ол өтірікші және жауапкершілігі жоқ адам. Саған осындай күйеу қажет пе?
9-тұжырым. Алғашқы кездесу кездерінде еркекпен интимдік жақындасудан сақтан. Егер ол осыны талап етіп, өкпе-реніш білдірсе, оны өз жайына қалдырып, айрылысудан қорықпа. Саған ең әуелі жан-дүниеңді түсінетін адам керек. Есіңде болсын: есті еркек әйел сезімін қадірлей біледі, тән жақындығын талап етпейді.
10-тұжырым. Өз досыңның мүдделерін, әуес (хобби) нәрселерін сыйлай біл. Өзіңе бола, оның өз достарынан немесе туыстарынан бас тартуға мәжбүр етпе.
Ең соңғы тұжырым. Екеуара қарым-қатынастарың доғарылған жағдайда ұнжырғаң түспесін. Тіптен, бастан ауып бара жатқан бақытыңды қалпына келтірмек боп, оны «жамап-жасқауға» тырыспа. Ең бастысы-еркектің соңынан жүгірме. Қаншама қиналсаң да тәкаппарлау көрінуге тиіссің. Еркекті қалайда өзіңді сүюге мәжбүр етпе. Тәуірі, араға уақыт салып барып, тыныштал...Жан жарасын жаза алар жалғыз құдірет-уақыт! Сөйт те, бәрін қайтадан баста. Шындығында, екеуара сүйіспеншілікке құрылған махаббаттан өткен бақыт жоқ. Міне, осыған бір жола көз жеткізгенде ғана оны таңдауға тиіссің.