Жақсылық Рзаханұлы Нәдірбеков – 1955 жылы 29-қаңтарда Қарағанды облысы, Балқаш қаласында дүниеге келген. Түркі әлемінде тұңғыш рет жасалған домбырада ойнап үйренудің компьютерлік бағдарламасының авторы, күйші – сазгер. Бүгінде Балқаш қаласындағы үлкен оқу ордасында шәкірт тәрбиелеуде.
- Сіз шәкірт тәрбиелеп отырған ұстазсыз. Қазіргі таңда жастардың күйді қабылдауы, оған деген түсінігі қандай?
- Күйді қабылдайтын, күй тартуды үйренгісі келетін балалар қазіргі уақытта баршылық. Күйді тыңдай білу, түсіне білу тәрбие арқылы келеді. Ондай тәрбиені бала музыка сабағында, өнер және музыка мектебінде алады. Тыңдаушысы жоқ болса - күй жетім.
- Аға, жалпы шығармашылық жолыңыз қай кезден бастау алды? Ең алғашқы күйіңіз?
- Күй шығаруды жас кезімнен армандайтынмын.Шығармашылықты 1985 жылы 30 жасымда бастадым, бірақ шығарған заттарымды "күй" деп атауға жүрексініп, бастапқыда "этюд" деп атап жүрдім. Шығарманы тыңдаушы "қүй" деп қабылдағанда ғана шығарма толықканды күй болғаны. Ғабидолла Тастанов та бір шығармасын бастапқыда этюдтер жинағына енгізген, сол шығарма күйлер жинағында "Толғау" деген атпен тағы да жарық көрді. Ол кісі де тыңдаушылармен санасқаны болу керек. Алғашқы күйімнің аты "Балдыз". Орындаушыларын және тыңдаушыларын тапқан сияқты. Музыка мектептерінің репертуарында орын алған.
- Жалпы қоржыныңызда қанша күй бар?
- Жалпы қоржынымда оннан астам күйім бар.
- Сонымен қатар осы жазда домбыра үйренудің компьютерлік бағдарламасын жасадыңыз. Бағдарламаңыз жайлы қыскаша айтып өтсеңіз.
- 2014 жылы "Домбыра-софт" атты компьютерлік бағдарламам жарық көрді. Артқы он жылдай уақытты дәстүрлі күй қағидасын (традиционная теория домбровой музыки) зерттеумен келемін. Зерттеу арқылы білген-түйгенімді компьютерлік бағдарламаның концепциясы ретінде қолдандым. Бағдарламаны домбыра үйренгісі келетін де, күй шығаруды үйренгісі келетін де пайдалана алады. Әріптестерім де көмекші құрал ретінде пайдаланса артықшылық болмайды. Сабақта қанша үйреткенмен бала үйіне жеткенше білгенін ұмытып қалуы мүмкін ғой, сол кезде "Домбыра софт" репетитор рөлін атқара алады.
- Шығармашылыгыңыздағы соңғы жаңалықтар. Болашаққа қандай жоспарыңыз бар?
- Алдағы жоспарым компьютерлік бағдарламаны әлі де болса жетілдіру. Жұмысына әлі де қосарым бар. Спонсор табылса жақсы болатын еді.
- Сізге шығармашылық табыс тілеймін! Сұхбатыңызға үлкен рахмет, аға!
«Домбыра-софт» сілтемесі: https://allsoft.ru/software/independent-vendors/4249690/dombyra-soft/