Күту

Қыс.. көктем... һәм жаз... күз де өткен еді,

Сағыныш жырлар тізбектеледі.

Жол қарап жүрмін...

Елорда жаққа

Ол қашан мені іздеп келеді?

Түсімде көріп сүйген ақ таңды,

Көңілім сырын күймен ақтарды.

Келеді... әлде... келмейді... деумен

Үздім-ау қанша түймедақтарды.

Үміттің өшпей жұбаныштары,

Бағымды тосам тым алыстағы.

Сәттерді аңсаған қиялдарымның

Басылмайтындай сірә, құштары.

Күрсінем жұртым тұнып таңданса,

Құр қалды-ау серім қылықтан қанша.

Жарылар ма екем, қайтер екенмін,

Ол мені мүлдем ұмытқан болса.

Үмітті жанар лағылданады,

Жолдарға қарай тағы ұрланады.

Келейін десе, келетін еді,

Келмеді, демек, сағынбағаны...

Тыңдаған сырлас наз ұға берсін,

Күтудің өзі қазына дерсің.

Келмесе, мейлі, келмей-ақ қойсын,

Жыр болып қана жазыла берсін.

Әй, бірақ, келіп те қалар...



Бөлісу: