Таңертең көзімді тырнап аштым. Әдеттегідей ұйықтап қалыппын. Кеше әлгі қызбен сонша сөйлесіп нем бар десеңші. «Ұйықтасаңшы, ертең тұра алмай қалсаң менен көресің» дегенінде «Онда, өз обалым өзіме» деп батырсына қалып едім. Ал, енді, кімді кінәлар екенсің! Кештеу тұрған адамда не көңіл-күй болсын. Біреуде ақысы бар адамдай айналама алара қараймын. Көрші бөлмедегі жолдас балаға болмашы нәрсеге бола бақырып жібердім. Отырып алып ойлана бастадым. Алдымда екі таңдау бар. Бірі – сабаққа кешігіп кіріп, жаңа оқытушының «көзіне түсу»; екіншісі – жұмысқа қарай тайып тұру. Группаластарымның «мынау тағы да кешігіп келді ме» деген сөзін естігім келмеген болса керек, соңғы нұсқаны қолай көрідім. Дүние күл болмаса, бүл болсын. Аяңдап басып аялдамаға жеттім. Оу, 45 қайдасың? Көп кешікпей сүйретіле жылжып ол да келді. Жол бойы жинап келген жолаушыларын ҚазҰУ-ға келіп төгіп тастағандай. Аузы-мұрнынан шыға, толып келген жолаушылар әп сәтте азайып қалды. Еее, көбісі студенттер екен ғой. Тезірек мініп, артқы орындықтардың біріне отырып алуды ойладым. Осы кемпір-шалдардың автобусқа кіре сала, орын беріңдер дегендей шірене қарайтындарын ұнатпаймын. Біреулері тіпті міндетсиді. Солардың көбісі орыстар. Алматыда қазақтың қарт-кемпірлері аз. Сабақтан шаршап, қарындары шұрқырап тұрған студентерді одан сайын аяғынан тік тұрғызып қинай түседі. Аяушылық деген болу керек қой.
Бос орын бар ма екен деп артқы жаққа көз сүзіп келемін. Ә, міне бір орын табылды. Жол болды деген осы. «Мына қыз неге шеткі орындыққа отырмай, бер жағына жайғасып алған? Әлде маған дайындап қойған ба?» деп ойлап үлгердім. Бос орынды біреу алып кетердей көз айыра алар емеспін. Әлгі қыздың аяқтары өтіңіз дегендей жинала түсті. Бұл мәдениетті аяқтардың иесі кім болды екен деп қарағаным сол еді, таныс бейне жарқ ете қалды! Құдай берді деген осы! Сол қыз... Бір ауыз тілдесуге бата алмай жүрген жанның алдымда отырғанын қара. Жүргім атқақтап кетті. Бос орынмен басым қатқаны соншалық бет-бейнесіне назар салмаппын ғой. Ессіздігімнен ұялып кеттім. Қапелімде тіліме «сәлем» деген сөз де түспеді. Жә, енді, амандаспасам ештеңе етпес. Ол да хәл сұрамақ түгілі, еріндерін жыбырлатуға жарамады. Бірақ жанарынан «сенсің бе» деген жарық сәуле жылт ете қалғандай көрінді. «Үлкееен тілектің» арқасында келген қадірлі орныма жайғасып алғаным не керек, тар түкпірге қамалған адамдай қиналып кеттім. Қос жанарым түк көрмеген адамдай әлсін-әлсін «көршімді» іздеп кете берді. Қыздың жанында бұлай қобалжығаным не? Мына күтпегеген кездесудің тығырыққа тіреп қойғанын-ай. Сөйлесудің сәті түсіп тұр. Бірақ бата алар емеспін. Неден бастасам екен? Ауыр оймен арпалысып отырғанда уақыт та зырғып барады. Әр секунд сайын тіл қату сәті алыстап бара жатқандай. Отырып-отырып, тас төбеден түскендей сөйлеп кетсем ыңғайсыз сияқты. Ол тіпті көз қырын да салмайды. Жанынан жақынырақ көріп тұрғаным осы. Мұнша сұлу болар ма едің?! Сұқтанған сайын сұлулана түсетін не сиқыры бар? Баяғы бір ханшалардай кеудесін көтере ұстап, иегінен төмен қарап отыр. Неткен сұлу тәкаппарлық! Ал, көздері... қараған адамның жүрегін езіп жіберердей құдыретке ие...
Жоқ, болмайды. Бұл отырысым жарамас. Әншейінде ауыз жаппас жігіттің жанарымен жер сызып қалғаны қалай? Бәлкім, сезім деген осы ма? Басқа қыздардың алдында ақылгөйсіп көп сөйлеймін де, бұл қызға келгенде таңдайына тілі жабысқан біреумін.
Қат-қабат оймен алысып отырғанымда кенет ол орнынан тұрды да:
- Сонша қарағаныңыз не? Адамды ұялтып жібердіңіз ғой, - деп көзіме тіке қарады. Үні қатқыл шықты. Селт ете түстім. Ұзақтау қарап қалғанымды енді ұқтым.
- Мен... жәй... ойланып кетіппін... – деп күмілжи бастағаным сол еді автобус ентелей келіп тоқтады. Ол жаймен басып есікке қарай беттеді. Қап! Ренжітіп алдым ба екен?.. Мұнша есім кете қарағаным не? Бір ауыз тілдесе алмадым-ау...
Ол есіктің қасына барды да маған қарап жылы жымиды. Қош бол, Гауһар!
Сурет: feodosia.net