Алыстаса да күндерім нұрға бөленген,
Мен сені, жаным, жебеп жүремін өлеңмен.
Сен күлсең күлем, біліп қой, қарғам, бар кезде,
Жұлдызың болып жымыңдап тұрам төбеңнен.
Жанымда мұң бар, ал оны айтшы ұғар кім?
Мен сені, сәулем, ұмыта алмайтын шығармын.
Өшпейсің мәңгі, менімен бірге жасайсың,
Қайырмасы боп кеудемде тұнған бір әннің.
Тәнімді тонап, жанымды мүжіп талай мұң,
Талай мұңыма сағынышымды әкеп жамаймын.
Қараңғы түнек торлаған мына жүрекке,
Нұрыңды құйдың, шуағыңды төктің, арайлым.
Бір болған кездер – не деген шәрбәт, тәтті күн,
Тәтті күндерден жұрнақ та, міне жоқ бүгін.
Қараңғы түннің құшағына еніп сен жүрсең,
Айың боп мәңгі аймалап тұрам, ақ гүлім.
Құтылам қалай, құрғыр – ай, мына түнектен?
Күндерім қайда, сезімнен жүрек дір еткен?
Самал жел келіп зар қылып әнді ағытса,
Мен деп білерсің, сағынып сені жыр еткен.
Болды ма білмен, алдыңда сенің кінәм шын,
Бар сырын айтып жүрегім сәл – пәл жұбансын.
Ақша бұлттардан мөлдіреп моншақ тамғанда,
Сағынып сені жылаған мен деп ұғарсың.
Жанымда жоқсың, жанымның сырын айтар ем,
Сол сәтте менің сағынышымды байқар ең.
Қызғалдақ гүлім қауызын ашқан тым ерте,
Желге ұшып кетпе келгенше саған қайта мен.
Сен аққуым ең сыңарға жалғыз балаған,
Өзіңді сүйген жүректі қайғы тонаған.
Ұмытпа мені, тек күдеріңді үзбеші,
Бақытың болып өзіңе қайта оралам
Ішімде жатқан ішқұса сырды білер кім,
Жанарыма кеп қайғы тағады жүдеу күн.
Күтіп ал мені,
Бір күні барам сен жаққа,
Ерттеп мініп сағыныштың сары күреңін...
Күтіп ал мені!!!
26-шы қазан 2007 жыл