Құстар ұшып барады

Олар «Тhe Heart of Nature» туристтік агентігі автобусының қалың терезесінен аспанға көз салды. Қабағы қату қара-сұр бұлттардың бауырын біркелкі қанат қағысымен сипаған тырналар тізбегі әлдеқайда ұшып барады екен. Күз зары сіңген тыраулар көз тоқтатар көркі жоқ сұр түсті мекенге айтылған талақ сынды сұсты естіледі.

Көлеңкеде өскен өсімдіктей әлсіз денесімен бұрылып, қан-сөлсіз бозарған бетіндегі ерекше үлкен көздерін жыпылықтатқан бала:

- Жылы жақ деген қай жақ? – деді Бекке.

- Оңтүстікте, балам, алыста.

Қаладан басталған тас жол кішігірім белестердің ортасымен жыланша ирелеңдеп өтіп, мидай жазық далаға шықты. Түсі өңіп кеткен матадай солғын дала қанын ішіне тартып, сұрланып алған. Күндіз-түні тұманды түнектен арылмайтын қаладан өзге ештеңе көрмеген бала екі қолын терезеге тіреді де, жанарын шексіз жазықтыққа лақтырды.

- Неткен әдемі! – деді. – Неткен керемет, әке!

- Иә...

 

* * *

 

Кеше екеуі дәрігерге барып, жолға шығуға рұқсат сұраған еді.

Бек үлкен әрі жарық кабинетке именшектене кірсе де, бидай өңді дәрігерге күзгі гүлдей солып бара жатқан баласын бой жазып келуі үшін осы өңірде пайда болған табиғат таңғажайыбына алып баратынын желдей есіп айтып берді.

- Оны теледидардан да көріп жүр ғой! – деді дәрігер қағаздан көзін алмастан.

- Қалай түсінбейсіз? Бір-екі сағаттық қана жер, оны тірідей көру үшін ғаламның түкпір-түкпірінен туристер ағылып келіп жатыр. Мына тұрған жерге бармасақ, құдай бар болса, бізді кешірмейді. Ол келесі жылы жершарының кез-келген, біз үш ұйықтасақ түсімізге кірмейтін басқа жерінде өсіп шығады. Сонда өкініп қалмас үшін. Енді өмір бойы мұндай мүмкіндік болмайтын шығар? Жаз бойы бара алмадық. Күз келді. Рұқсат етіңіз, дәрігер мырза!

- Баланың денсаулығы сіздерді алаңдатпайтын сияқты.

- Олай демеңіз. Әйтпесе келмес те едім. Табиғат бұндай құбылысты келесі жылы біздің үйдің бақшасына сыйлайтын болса бір жөн, бармай-ақ қояр ем. Өзіңіз де білесіз ғой, өткен жылы Серб мемлекетіндегі Бегей өзені маңындағы Босут ауылында, жүзім ағашының бұтағына өсіп шығып еді, оған бару қайда? Оның алдында Формоза аралында...

- Білемін, білемін... Мен баланың денсаулығына бола алаңдап тұрмын – дәрігер «тоқта» деген белгісі болар, сұқ саусағын шошайтып, Бектің сөзін бөліп жіберді. Сосын айтатын сөзін ұмытып қалғандай ойланып отырып:

- Білемін... – деді тағы да.

- Әрине. Екі-үш сағаттық жерге барып келгенде тұрған ештеңе жоқ шығар. Бізді түсініңізші. Күз келді, өзіңіз де біліп отырсыз ғой. Кешігіп қаламыз. Ал ол болса табиғаттың ғажабы емес пе, бұтағынан үзілмей тұрып балам өз көзімен көрсе, өмір бойы мақтаныш етіп өтер еді... Кешігіп қалсам, Құдай кешірер, бірақ өзімді-өзім кешіре алам ба? – деп Бек сөзін қайта жалғастырып ала жөнелді.

- Жарайды, мен рұқсат беремін – деді дәрігер көзілдірігін түзеп, - тек дәрілерді уақытымен ішуді ұмытпаңыздар!

- Рахмет сізге. Сау болыңыз! Рахмет! – Бек асығыс шығып кетейін деп еді, дәрігер қолына бір қағазды ұсынды.

- Барамын десеңіздер, мына туристік агентство жақсы. Біз өткенде үй ішімізбен барып қайтқанбыз. Жол болсын!

Кішкене тілшеде үлкенді-кішілі әріптермен «Табиғат жүрегіне саяхат «Тhe Heart of Nature» агенствосымен бірге» деген жазу бар екен.

 

* * *

 

Автобус жылдамдығын азайтты да, арнайы дайындалған автотұраққа тоқтады. ТHN деген жазуы бар сұрғылтым кастюм киген экскурсия жетекшісі әрбірінің қолына пластик визитка ұстатып, екі сағаттан кейін тура осы жерден қалаға аттанатынын қайта-қайта ескертіп әлек. Келіп-кетіп жатқан көліктер, әр жерде топталып тұрғандардың жарқын-жарқын дауыстары, сан алуан хабарламалар мен банерлар, жарнамалар қараған көзге мерекелік көңіл-күй сыйлайтындай. Бек кішігірім белестің басына қарай жүйіткіген эскалатор баспалдағында тұрып, мойнын соза жан-жағына таңырқай көз салған баласының әрекетіне еріксіз жымиды.

- Қазір табиғаттың жүрегін көресің, ұлым...

- Ол қалай сонда, әке?

 

* * *

Бектің бала күніндегі, осыдан қырық жыл бұрын, атасының алма бағында асыр салып ойнап жүрген сәті есіне түсті. Сары алтын күз. Сап-сары әлем. Кәдімгі сары түс... Айналаның бәріне: бақтың ішіне, үйдің шатырына, жолға, көшеге, ағаштардың үстіне, өсімдік біткеннің өне бойына сары түсті бояу ағыл-тегіл төгіп қалғандай! Күннің өзінен жұғып қалған ба дерсің! Аспаннан алтын қанатты көбелектер сияқты қалбалақтап сансыз жапырақ жауып жатады. Уыстап алып көкке қайта лақтырасың. Олар еркелегендей сыңғыр-сыңғыр күледі. Сап-сары, жұп-жұмсақ кілем төселген әлем. Көкке көзіңді байлап, шалқаңнаң жатасың. Төбеңнен мейрімді шуағын төккен айналайын күн көзіңді көлегейлеген алақаныңды, саусақтарыңды, бетіңді аймалайды. Бек жұмақтың іші сап-сары түсті болатын шығар деп ойлады.

Келесі жылы көктемде атасының бақшасында ағаштар бүршік жарған жоқ. Кейін тұтас жер бетінің ағаштары жапырақсыз екендігі туралы ақпарат шықты. Келесі жылы да осы құбылыс қайталанды. Қатарынан бес жыл, он жыл бойы. Сосын бір жапырақ табылды. Табиғаттың бұлжымас заңдылығын реттеп отыратын құдырет ерекше мінез көрсетіп, жер бетіндегі бүкіл ағаштың ішіндегі жалғызына ғана, оның өзінде бір-ақ жапыраққа бүршік жарғызған екен. Жер бетіндегі жалғыз жапырақ. Уокиган қаласының Иллинойс елді-мекенінде. Ол жер әлі күнге дейін мемлекеттің қорғауындағы тарихи аймақ. Ғалымдар адамзаттың мәңгілік сағынышына айналған жасыл әлемнің жүрегін қайта дүниеге әкелген ағашты Мари деп атады. Мыңдаған-миллиондаған камералар бұл табиғи үрдісті тәулігіне жиырма төрт сағат, аптасына жеті күн бойы бақылап, телеарналардан тікелей эфирде үзбей көрсетіп еді ғой. Сол кезде ол өзінің қасиетті де киелі ұғым екендігін дәлелдеді.

Уақытқа қарсы тұрар күш бар ма, шіркін...

Жаз өтіп, күз келді: дәл осындай күз. Сары күз емес. Жоқ. Әрсіз, түссіз күз. Таңдаулы ағаш маңына мыңдап жиналған адамдар бір-бірінің қолынан ұстап, өмірдің жалған екенін түсініп, жапырақтың бұтағынан үзілмегенін тілеп тұрған сәтті Бек теледидардан көрген-ді.

Келесі жылы Мари ағашы бүршік жармады. Ғалымдар жершарының басқа бір нүктесінен жалғыз өзі бүршік жарған басқа жапырақты тапты. Одан кейінгі жыл тіпті басқа бұрышынан. Бір жылда бір жапырақ.

О, құдыретті табиғат! Сенің не ойлағаның бар?!

 

* * *

 

Бек баласымен бірге көруге келе жатқан биылғы бүршік жарған жалғыз жапырақ туралы ең алғаш осыдан алты ай бұрын теледидардағы жаңалықтан естіді. Дәл сол сәтте ол темекісін будақтатып, терезеге сыртындағы қара түнекке оранған тұманды қала жайлы ойлап тұрған еді.

Не таң атқаны, не күн батқаны белгісіз әлем. Шаң басқан терезелер, мәңгілік ұйқы құшағындағы қара-сұр ғимараттар, ұлы көлеңке тұтқынындағы көшелер — барлығы ала-құла аспан астындағы өркениеттің шимайлап тастаған суреті сынды. Тіпті тұрғындарының өзі барлық бояудан бас тартып, салқын түсті киімдерім жамылып, қала ішіне сіңіп кеткен. Бек терезенің әр жағындағы көзді байлаған тамұқ мекенге, көмескі сәуле шашқан бағана шамына, жарық түскен алаңмен анда-санда жүгіріп өтетін көлеңкелерге қарап, әдемі әңгіме жазуға тұрарлық көрініс екен деп ойлады. Бұл оның кейінгі кездері қаламы жүрмей, жазушылығынан күдіктенген сезімін басу үшін ойлағаны, өзін-өзі қамшылағаны еді.

Орталық бөлмедегі теледидардың дауысы бүкіл үй ішін алып тұр. Ол дауыс әрине жан-жағына маңғаздана қарап, жарқын болашақ жайлы ертегі айтудан жалықпайтын сығыр көз бикештікі. Аты кім еді? Есінде жоқ.

- Құрметті көрермендер, құттықтаймыз! Биылғы жыл біздің ел үшін ұлы жаңалықтар жылы боп тарихта қалмақ. Дәл қазір барлық әлем бізге қарап тұр. Сүйінші! Жер бетінің биылғы жалғыз жапырағы біздің өңірден табылды! Ел басшылар бұл жаңалықты жылы қабылдады, бір-екі сағатта тікелей эфирден құттықтау сөз жолданады деп күтілуде. Оқиға орнынан телефон арқылы тікелей байланысқа шығатын, жаһандық дәстүрге айналған жалғыз жапырақты іздеу үрдісіне белсене ат салысып, түнгі сағат он бірде жапырақтың біздің қаламыздан екі-үш сағаттық жерде өсіп тұрғанын тапқан жігітке сөз кезегін ұсынамыз... – деп ащы дауыс саңқылдай жөнелді.

Бек қалың шынылардың екінші жағындағы тамұқ қалаға қарап, қозғалыссыз тұра берді.

 

* * *

 

Жапырақ көрушілерге арнайы салынған жылжымалы жолдар өте ыңғайлы екен. Бек баласының қолынан ұстап келе жатып, сайын даланың бір белін алты ай ішінде тұтас туристік аймаққа айналдырып жіберген құдыретті өркениетке риза болды. Міне олар көзді-ашып жұмғанша белестің басына көтеріліп, сыртынан қарасаң стадионға ұқсайтын алып құрылыстың тікірейген түр-тұлғасына назар аудармастан ішіне еніп барады. Жан-жағы адамдар қарауы үшін ыңғайлы етіп жасалынған алаң ортасында шынымен қоршалған үлкен ағаш тұр екен.

Бек арнайы жақыннан көрсетететін аппаратқа көзін тосып жапырақты іздей бастады...

Жалаңаш ағаштың бұтағына ілінген жапырақ жан-жағынан жақындап келе жетқан тас қамалдардан қорқыққандай дірілдеп тұр екен. Бек қара-сұр әлемдегі жалғыз ғана сап-сары түске боялған табиғат таңғажайыбының қол бұлғап тұрғанын түсіне қойды. Баласына қарап еді, жапырақтың нақты осындай екендігіне сенбеген, бейне бір жасанды дүниеге қарағандай құлық танытып тұрғанын бірден аңғарды.

- Бұл жер бетіндегі жалғыз жапырақ – деді Бек жаңалық ашқандай баласына мақтанып. - Бұрын олар өте көп болатын. Ағаштарда, гүлдерде, барлық жер бетіндегі өсімдік атаулыда, әрбірінде сан-алуан пошымда – үшбұрышты, сопақша, ұзын, жүрек сияқты да боп өсіп тұрушы еді.

- Ол неге сары түсті, әке?

- Күз келгенде барлық жапырақтар, өсімдіктер сарыға боялады, сосын... – деді де сөзінің аяғын жұтып қойды. Ол жақын арада жапырақтың бұтағынан үзілетінін айтқысы келмеген еді.

- Неге?

- Бұл табиғаттың заңы... – деп Бек қайта ағаш жаққа аппаратының ұңғысын бағыттады.

Жалғыз жапырақ мың-миллион адамның көзі өтіп кеткендей бүрісіп қалған екен. Бек оның осы сиқынан баласының мүшкіл хәлін көргендей болды.

Күн көзін көрмей өскен бір жапырақ ұлымды аясаңшы, о, құдырет! Сен адамзат бағынған Ұлы уақыттың өзі емес пе едің? Неге ендеше жүрегі тасқа айналған адамзатқа жапырақ көзіңмен ғана сығалайсың? Неге сен қорқасың, олар да сенің сәбиің емес пе? Олар да жапырақ емес пе? Бетіңді бері қаратшы. Табиғат, әлде хәл үстінде жатырсың ба? Мына жалғыз жапырақ жылына бір рет соғатын жүрек лүпілің бе, айтсаңшы, табиғат! Неге сен үнсіз қалдың? Менің баламды құтқаратын, сені құтқаратын құдырет бар ма жалғанда? Белгі берсеңші, енді!!!

 

* * *

 

Бек көзіне іркілген жасты тоқтата алмай, теріс қарады да жеңімен сүртті.

«Менің балама өмір бере гөр, табиғат!»

- Әке, сіз неге жылап тұрсыз?

- Мына аппараттар көзді ауыртады екен...

- Қалай? Бұлар оптикалық емес қой?

- Білмеймін, балам... Жапыраққа қарап ал, кешкісін анаңа қандай әдемі екендігін айтып бересің, қарап ал... – деп, Бек қайта аппаратқа көзін тақап қарай бастады.

 

Бір кезде, иә, осы минуттардың секунты, солай болуы тиіс те шығар, қандай күш әсер еткені белгісіз, ол бұтағынан үзілді. Тымық ауаны қайшылап тіліп, қауырсындай қалбалақтап құлап келеді. Жапырақты көруге келгендердің улап-шулағанына көңіл аударғысы келмеген Бек баласына қарап, «мұны жіберіп алма!» деген белгі танытты. Жапырақ қанаты қайырылған күн құсындай қалықтап барып, қайта құлдилап өлім биін билеуде. Тасжүрек күздің бір тамшы көз жасындай құлап келеді. Кейбір адамдар оны көкке ұшып бара жатқандай елестетіп, шыны қақпаның сыртында қолын аспанға созып, тізерлей құлап жатыр. Табиғаттың жүрегі жерге жетіп жығылып, тізесін құшақтаған жетімдей бүк түсіп жатып қалды. Бек жапырақтың әйтеуір бір күні үзілетінін білді, бірақ дәл сол сәтке тап боламыз деген ой үш ұйықтаса түсіне кірмегені рас. Ол баласымен келгендігін енді есіне түсіргендей жанына қарады да, жансыз жатқан денеге қарай ұмтыла берді.

2013 жыл



Бөлісу: