Құстар және саятшылық әлемі
блог
Құстар, саятшылық әлемі әлі де зерттеуді қажет ететін тақырыптардың бірі. Саятшылықтың біз білмейтін қыр сыры да жеткілікті. Құстар әлемі мен саятшылық бір-бірімен тығыз байланысты. Сол себепті де екеуін бірге қарастырған дұрыс.
Құстар табиғатта, адам өмірінде маңызды рөл атқарады. Табиғатқа, ауыл шаруашылығына пайдасын тигізеді, ормандардағы және басқа да табиғи және жасанды ормандардағы зиянкестердің санын азайтады, оларды жояды. Күндізгі және түнгі жыртқыш құстар көптеген кеміргіштер мен шаяндарды аулап жейді, егінді сақтайды және көптеген кеміргіштер тасымалдайтын аурулардың таралуын болдырмайды.
Жалпы Қазақстанда құстардың түрлері өте көп.Соның ішінде, қазақтар кейбір құстарды киелі санайды.Олар: қыран бүркіт, аққу, қарлығаш. Қазақтар бүркітті кербез, тәкәпәр, құстардың патшасы ретінде санайды. Сондықтан оны аспанмен, көкпен теңеп жатады. Бүркітті жеті қазынаның қатарына жатқызып, ер жігіттің асылының бірі деп есептейді. Қазақтар баласына бүркіттей қырағы, ержүрек болсын деп Бүркіт, Бүркітжан деп те ат қойған. Ал, аққуды пәк, таза құс санап, сұлулықтың, нағыз махаббаттың нышаны деп білген. «Аққуды атпа, киесі атады» деп мылтық та кеземейді. Аққуға байланысты түрлі мақалдар, наным-сенімдер де бар. Киелі құстың бірі – қарлығаш. Қарлығашты жақсылыққа теңеп, ұясын бұзбай қадірлеген.
Құстар тақырыбын қозғаған кезде, саятшылық өнері туралы айтпай кету мүмкін емес. Қазақ халқы ежелден көшпелі өмір салтын ұстанып, аңшылықпен айналысқан. Ауа райының қатал жағдайлар мен өмір қиындықтары қазақтарды табиғатпен үндесіп, оның сұлулығын байқап, қастерлеуге, жан-жануарлармен, құстармен араласуға үйретті. Саятшылық дегеніміз бұл – жыртқыш құстармен аң аулау. Ал жыртқыш құстарды баптап, олармен аң аулайтын адамды саятшы деп атайды. Саятшылардың жұмысы өте қиын болды, өйткені аң аулау үшін білім, тәжірибе, табандылық пен батылдық қажет болады. Аң аулауда құстардың көптеген түрлері қолданылады. Бірақ, солардың ішінде ең күшті және ақылдысы, кең таралғаны дала қыраны немесе бүркіт. Қазақ аңшылары оны тіпті «Құдай құсы» деп те атаған. Хинаят пен Исабековтың «Саятшылық қазақтың дәстүрлі аңшылығы» атты кітабында «Құсбегілікте олжалы қайту негізгі мәселе емес, керісінше түз тағысын қолға үйретіп, жуасыту арқылы жыртқыш құсқа өз “әмірін” жүргізу маңызды болып табылады» деп мәлметтер келтірілген. Иә, біржағынан бұл оймен де келісуге болады. Себебі қазіргі таңда адамдар саятшылық арқылы азық таппайды. Қазір көбінесе саятшылыққа көңіл көтеру, уақыт өткізу үшін шығады. Дәл осы кітапта «Құс бейнесі көне түркі кезіндегі ескерткіштер мен тас мүсіндерде де көрініс тапқан. Яғни, орта ғасырда құсбегілік өнері көшпенділер арасында жақсы дамыған десек болады. Себебі ең алдымен, саятшылық көшпенділер үшін тіршілік көздерінің бірі болған. Марко Поло хан ордасында қыран құстардың көптігі, олардың барлығы құсбегілікке қолданылатындығы туралы қызықты күнделіктер жазған»,- деген мәлметтер көрініс табады . Кітапта келтірілген деректерге сүйене отырып, мынандай ойға келуге болады: құстар, саятшылық өнері қазақ халқының өмірінде маңызды рөл атқараған. Әсіресе ерте дәуірде басты қорек көзі болған. Шет ел саяхатшылары да қазақтардың құсбегілікпен айналысып, оларды қалай баптап, аңға салатыны туралы жазып қалдырған. «Пернатые хищники и их охрана » журналының 34 санында «Охота с ловчими птицами, как способ возрождения национальных охотничьих традиций» атты мақала жарық көрген. Мақалада, саятшылық туралы, оның қалай дамығаны, қазіргі жағдай туралы мәлметтер келтірілген .