Іші – бауырымыз құрысып – тырысып, көзіміз қарауытқанда, ойбай дәруменіміз азайып кетті деп шығамыз. Ондайда банан, киви, апельсин жеу керек деп ақыл айтатындар да табылады.
Осы біздің атам қазақ апельсин көрмей өсті ғой, олар неге құлап, талып қалмаған деп таңғаламыз. Сөйтсек, олардың ішкен – жегені нағыз дәрумендердің көзі екен. Көгорай шалғынды жалпағынан басып жайылған сиырдың сүті, түйенің шұбаты мен жылқының қымызы – дәруменнің, күш – қуаттың көзі осылар екен.
Анамның алтын қолдарымен жасалған құртты жеп, кітап оқыған керемет сәттен бір сурет...
Бүгінгі жазбам сүт өнімдерінен жасалатын тағамдар мен олардың денсаулыққа пайдасы жайлы болмақ. Ата-бабамыздан асыл мұра болып қалған ұлттық тағамдарымыз тұрғанда шет елдің химикаттарын сатып алудың не керегі бар? “Ас тұрған жерде ауру тұрмайды”,- дейді атам қазақ. Тағамды да талғаммен, уақытылы тұтынған адамнан аурудың алыс жүрері анық.
Бүгінгі тақырыпқа түрткі болған тағам - құрт.
Құрт – сүттен жасалған ұлттық тағам. Құрт – сөзінің мағынасы да құрғатылған, кептірілген сүт деген мағынаны береді. Пісіліп майы алынған айранды қайнатып кенеп дорбада сүзіп алып тұздап өреде кептіріп сақтайтын тағам түрі. Жасалу тәсілдеріне қарай құрт сықпа құрт, ақ құрт, қара құрт, майлы құрт деген түрлерге бөлінеді. Қазақ ырымы бойынша кеппеген құртты жеуге, алуға болмайды. Егер өреден құрт алып жесе, жауын жауады деген ырым бар. Сабада жиналып пісілген іркітті майы алынғаннан кейін түбіне май жаққан үлкен қазанға құйып қайната береді. Құрт қайнап жатқан кезде оның түбі күйіп кетпес үшін арнаулы құрт былғауышпен (басында кырғыш темірі болады) әлсін – әлсін қазанның түбін, ернеуін қырып араластырып отырады. Әбден қойылған құртты қапқа құйып керегеге асып қояды, сонда оның қалған суы тағы да ағып, құрғайды. Бұдан кейін қолмен бөлшектеп, тақтайшаға, шиге, қолмен сықпалап өреге жайып кептіреді. Көгермей, қызбай біртегіс кебу үшін өреде жатқан кезде оны бірнеше рет аударыстырады. Осындай әдіспен қайнатып, кептіріп алған құрт жыл бойына, кейде 2 — 3 жылға дейін сақтала береді. Кұрт күшті ас, ол әр түрлі тамаққа қосылады.
Құрттың құрамы және жасалу жолымен таныс болсаңыздар ендігі кезек құрттың адам денсаулығына пайдасы жайлы болмақ.
1 құртпен 4 аурудан арылыңыз...
Құрттың құрамында тұз болады. Ал, оның ауыз қуысы үшін пайдасы ұшан теңіз. Күнделікті 2-3 құрт жеп жүрген адамның ауыз қуысында ешқандай ауру болмайды. Тістері қатайып, ас қорытуы жақсарады. Ағзасында кальций көбейеді.
Егер, баспамен ауырып қалған жағдайда, күнінен 5-6 құрт жеңіз. Құртты жеу барысында сілекей көп бөлінеді. Сілекейдің құрамындағы лизоцим деген зат болады, ол ауыз қуысын бактериялардан тазалайды.
Ал, құрттың құрамындағы тұз баспаны жеңілдетуге өз әсерін тигізеді. Әрі құрттың арқасында ас қорыту жақсарады.
Құртты көп мөлшерде жесеңіз қайта-қайта шөлдей бересіз, ондай жағдайда кептірілген алмадан жасалған компот (қант қосылмаған) ішкен жөн. Осы компотты күнделікті ішіп жүру бүйректегі тас пен құмды түсіріп, несеп жолдарының жағдайын жақсартады.
Міне, құрметті оқырман! Дәрі-дәрімек деген қол созым жерде. Баспа үшін бір қорап дәрі-дәрімек алып шығындалудың қажеті шамалы екеніне көз жеткіздіңіз бе?
Баспамен ауырып қалған жағдайда осы тәсілді қолданып көріп, нәтижесіне көз жеткізіңіз.
Күнделікті 5-6 құрт жеп жүру арқылы, Сіз баспамен ауырмайсыз, ас қорыту жолдарыңызда қиындық туындамайды. Тістеріңіз ағарып, бүйрегіңіз сыр бермейтін болады. Ағзаңызда кальций көбейіп сүйектеріңіз сынғыш болмайды.
Ұлттық тағамдарымызда ұлықтап, күнделікті құрт жеп жүруді ұмытпаңыздар! Балаларыңызға осы жайлы айтып, күнде құрт жеп жүргенін қадағаласаңыз, балаңыз тіс дәрігеріне бармауына мүмкіндік мол болмақ.
Денсаулық жайлы қызықты ақпараттарға қанық боламын десеңіз, менің Insta-парақшама жазылыңыздар: @malik_seitbek
Ал, ағайын! Блог ұнаса ЛАЙК басып пікір қалдыруды ұмытпаңыздар!