Құрғақ сүт.

Осы күнгі кез-келген дүкендерде сықып толып тұрған құрғақ сүттер (сухой немесе порошковый молоко) мен ешкімді де таң қалдыра алмайсың. Біреу білер, біреу білмес, қазір мен сіздерге осы құрғақ сүтті біздің ата-бабаларымыз осыдан бірнеше ғасырлар бұрын ешқандай сүт зауыттарынсыз-ақ қарапайым тәсілмен жасағанын әңгімелеп бергім келіп отыр. Бұрынғы замандарда қазақтар небір қиын-қысталаң, жаугершілік-зобалаң уақыттарды бастан кешірген. Ел шетіне жау шапқанда үдере көшуге дайындалып жүктері түюлі, етек-жеңі түрулі, түйелері қомдаулы, ел-жұрт алаңдаулы замандарды бастан кешкен. Міне осындай кездерде көген тартып қой саууға, бұзау салып сиыр саууға еш мүмкіндік болмаған жағдайда ағарған сұрап қыңқылдаған балаларға құрғақ сүтті қайнаған сумен араластыру арқылы қоректендіріп отырған. Майлары қарында немесе бүйенде, құрттары қоржында әрқашанда дайын, ал күн ыстықта сүтті сақтау мүмкіншілігі өте қиын болған, сондықтан да құрғақ сүт даярлау зәру қажеттіліктердің бірі болған болса керек. Енді осы сүтті қандай тәсілменен дайындаған, сол турасында баяндайын.
Ол үшін соғымға сойылған түйенің мойнақ терілерін жинап отырған,.сол терілерді қырып, күйдіріп әбден тазалаған да қазандағы сүтке салып қайнатқан, бұл қайнату қазан үлкендігіне қарай 2-3 күнге созылатын болған. Содан сүт әбден қоюланып, буға айнала отырып қазандағы мойнақ теріге (құйқаға) жабысып тері қалыңдай береді, сүт таусылған кезде құйқаны қазаннан шығарып алып, кептіріп сақтап қоятын болған. Міне қысылтаяң шақ туғанда сол теріден алақандай кесіп алып үстіне қайнаған су кұйса кәдігімгі сүт болған. Біздің дана әжелеріміз сөйтіп бала, немерелерін жаугершілікте де сүтсіз қалдырмаған



Бөлісу: