Кеше "Болашақ" фондының шақыруымен, қазақ тіліне аударылған 17- әлемдік киноның жабық көрсетіліміне бардым. Алматы қаласының әкімі Б.Байбек айтпақшы, "Біздің Тәуелсіздігімізді тойлау күніне тұспа-тұс келген, біздің тәуелсіздік жолындағы күресімізге сай фильм" расымен ұлы күреске арналған "Күрескер-бір: Жұлдызды соғыстар хикаясы" фильмін тамашаладым.
Шыны керек, қазір қазақ тіліне аударылған киноларға еш қиналыссыз бара берем. Себебі, аударма жақсы, сапалы, ең бастысы фильмның эмоциясын бере алады. Бұрынғыдай емес, қазір қазақша дубляждың кемшіліктерін байқамайсың. Қазіргі басты мақсат енді қазақ тіліне аударылған фильмдердің көрсетілімінің санын арттыруды өзіміз талап етіп, туыстарымыз бен таныстарымызды қазақ тілді киноны көруге шақыру. Киноны қазақша көруге үйрету.
Джейн Эрсоның әкесін кішкентай кезінде империя алып кетеді. Себебі, ұлы ғалым ұлы қару жасауға міндетті болады. 15 жыл жалғыз өмір сүрген Джейн көтерілісшілер қатарына әкесінің ісін жалғау үшін қосылады. Себебі, әкесі жасаған ұлы қаруды құрту үшін қызына өсиет қалдырып кетеді. Көтерілісшілердің қорқынышы мен үміті қасиетті қалалары Джеда қаласының қирауынан күйзеліске ұшырайды. Алайда, әкесінің адал атын ақтап қалу үшін Джейн біраз адамды өзіне көмектесуге көндіре алады...
Киноның айтар басты тақырыбы, әр көтерілістің тек үміттен құралатынын жеткізу. Тәуелсіздіктің ешқашан оңай жолмен келмейтінін тағы бір жеткізгісі келгендей. Көрейік, тамашалайық!